Арулар отты жылдар
жеке
блог

Арулар отты жылдар

Тарих беттеріне үңілер болсақ, 1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия әскері Кеңес Одағына тұтқиылдан, соғыс жарияламастан басып кірді. Кеңес халқының Ұлы Отан соғысы басталды. 

      Бірнеше айға, жылға созылған Сталинград шайқасы 1943 жылдын басында жаудың жеңілуімен аяқталды.  Бірнеше айға созылған үздіксіз атыс-шабыстан әсем қаланың  сау-тамтығы қалған жоқ, бомба мен снаряд тимеген ғимарат қалмады. Жарты миллионға жуық халқы бар қаланың орнында тек күйік шалған жарым-жарты қабырғалар, өлік пен қоқысқа толы көшелер ғана құлазып қалған.

       Сталинградты қайта салу үшін көршілес өңірлер халқы арасында «Еңбек майданы» деген ұранмен адамдар жиады. Қаланы қоқыс пен қирандылардан тазартып, ғимараттарды жөндеу үшін Сталинградтың өзінде жұмыс күші жетіспеді. Өйткені, қала халқының көбі соғыс пен аштықтан қырылған.

      Жаппай жұмылдыру арқылы қираған қалаға жұмысшылар жасақтары жан-жақтан ағылып келіп жатты. Соның ішінде Қазақстаннан мыңдаған қыз-келіншектердің Сталинградқа қара жұмысқа тартылды. Сол мыңдаған қыз-келіншектің арасында қаланы қалпына келтіруге жерлесіміз Жамбыл ауданынан 11 қыз: Кемербаева Ж, Құлмұқанбетова К, Аманова А, Ұлтанбекова М, Абдрахманова У, Тойбаева О, Жолдыбаева Қ, Таңсықбаева А, Бапиева С, Қуандықова Ж, Нұрбаева Қ. аттанды.

    Солардың ішінде Қарғалы ауылынан аттанған Кемербаева Жұмағыз, Құлмұқанбетова Күләндә апаларымыз  туралы қысқаша айтып өтсем, Құлмұқанбетова Күләнда Сыдыққызы ол кезде небәрі 15 жаста болған. Күләнда апамыз жол бойы талай қиындықты көріп, Сталинградқа да жетеді. Ол өз естелігінде:

 – Қалаға ең алғаш кірген кездегі көргеніміз –  қала көрінісі  адамның жанын мұздатып жіберетіндей еді. Қала түгелдей қираған. Әр жерде шашылып жатқан өлі денелер, талқаны шыққан соғыс техникалары, жартылай опырыла құлап қабырғасы шұрық-тесік үңірейіп тұрған үйлер. Ол  басқа қыздармен  бірге ескі-құсқы баракқа орналасты.

    Жау қиратқан қаланы қалпына келтіру жұмыстары  нәзік жанды аруларға оңайға соқпады. Ағаш сатымен ауыр кірпіштерді, балшықтар көтерді. Жау тастаған бомба, снарядтарды үйінділер арасынан тауып, залалсыздандырған кездері де болды. Кез келген уақытта өмірлеріне төнген қауіпті сезіне отырып, жанкешті еңбек еткен қыздардың ерлігін бұл күні аңызға айналдыруға болады.

   Күләнда Сыдыққызы 1946 жылы туған ауылына қайтып оралып, Қарғалы шұға зауытында еңбек жолын жалғастырады. Кейін Қайназар ауылына тұрмысқа шығып, бауырынан он бала өрбіткен батыр ана бейбіт өмірдің де шуақты күндерін көреді. Ауылдағы қарапайым еңбек адамына айналады. Еліне, жұртына, достарына сыйлы адал жан  1981   қайтыс болды.

  Кемербаева Жұмақыз Досмайылқызы 1927 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылында  дүниеге келді.

Ол өз естелігінде: «1942 жылы сәуірдің  8-і күні, 7- сыныпта оқып жүргем, үйден шықтық. Сол күні Шамалған станциясынан поезға міндік. Біздің Жамбыл ауданынан он бір қыз бар екен. Бәрімізді Кемеров облысының Старокузнец деген жеріне әкелді . Слесарь, монтажник, сылақшылар оқуына жіберді. Бес айдан кейін эшалонға тиеді де, Сталинградқа жіберді. Қала қираған, бізді Сталинградтан төмен 9 шақырым жердегі Красноармейск зауытының орнын тазалауға апарды. Мұнда солдаттарға арнап түрлі темір каскалар, темір табақтар мен қасықтар, сапер күректерді шығарыпты, бәрі шашылып жатыр. Кеме, қайық, танктер мен басқа да техникалар қираған үйіндіге айналған. Он бес-он алты жасар кезімізде осындай ауыр күндердің куәсі болдық. Енді ол күндердің азабын басқа бермесін». Жұмақыз Досмайылқызы естелігінен соғыстың ауыр зардабын сезінгендей боламыз.

    Арнайы оқудан өткен Жұмақыз Досмайылқызы басында заводта содан соң құрылыс тресінде жұмыс жасады.  3 жыл 9 ай бойы Сталинградтты қалпына келтіруге қатысып от кешті.  Жарылмай қалған снарядтар талай қызды қыршынынан қиды. Оқ пен оттың ортасында жүріп, бірнеше рет қауіп-қатерге тап болып, ажал да төнген кездерді бастан кешті.  1946 жылы қазанның 26-сында 3 құрбысымен туған жерге  оралды. Содан кейінгі өмірі жалпы ел қатарлы колхоздың жұмысымен байланысты болады.  Шұға комбинатының жіп иіру цехында қарапайым жұмысшы болып істеді. 2016 жылы  көз жұмды.

      Міне, бұл сұрапыл соғыс кезіндегі елді қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан қазақ қыздарының тағдыры. Нәзік жандылар түгіл, ер азаматтардың өзі шыдамайтын ауыр азапты қаншама қазақтың қыз-келіншектері бастан кешті?!  Бірақ, амал жоқ, бәріне көнген. Не өлім, не өмір деген сол болды.