Алматы ең алғашқы- Махаббатым
жеке
блог

Алматы ең алғашқы- Махаббатым

Алматыға ең алғаш келуім. Шілде айының оныншы жұлдызы,  таңғы сағат 7:10-дар шамасы. Алматыдай алып шаhарға жоғары оқу орнына құжат тапсыруға келген сәтім. Ақтау-Алматы бағытында ұшатын таңғы рейс. Әуежайдан шығып көлікке отырып, үйге бара жатырмыз. Қасымда әпкем бар, оның да Ару  Алматыға алғаш келуі. Екеуіміз де Алматының сұлулығына таңданып та, тамсанып та келеміз.

Менің көзіме ең бірінші Алматының алып таулары жарқырай көрінді. Дәл сол сәтте арман қуып келген бозбала Алматының әсем бейнесіне ғашық болып қалғанын сезді! Осы орайда Алматының көз тартар сұлулығына алғашқы өлең шумақтарым да шыға бастады...

Алматы – әсем қала, алып қала,

Талайды таңқалдырған тамсандыра.

Таулары заңғар екен Алматының,

Барлығын күтіп тұрар құшақ жая.

Осылайша әсем Алматының асқар таулары мені құшақ жая қарсы алған болатын. Тек мені ғана емес, өзіне келген барша қонақтарын солай қарсы алатыны сөзсіз емес пе?!

         Таулар! Арманым асқақ, тура бір сол Алматы тауларындай! Қаланың сұлулығы өз ғимараттарынан бөлек табиғатымен де ерекше. Себебі қаладағы орман да, су да, ағаш та, тау да маған осы қалаға жан бітірер, таңғажайып әлемдей  болып көрінеді. Қаланың табиғаты жаныма өзгеше бір көңіл күй сыйлады, себебі асқақ арманыма деген сенімім нығая түскендей болды.

         Үйге келіп, орналасқаннан кейін, әпкем екеуіміз оқу бөліміне қарай жүйіткідік. Қазағымның «мен» деген талай марқасқалары білім алған Казгуград... Ех, шіркін! Айналам – талаптары таудай, армандары асқақ жастар. Армандарына қанат байлап, еліміздің жан-жағынан ұшып келген сан талапкерді көріп, аң-таң болдым. Әрі қара шаңырақ – Қазақ Ұлттық Университі сол кездегі осы көріністі айтып жеткізу еш мүмкін емес-ті. Себебі адам көп, көбісі тура мен секілді алыс жерлерден арман қуып келген «бозбала мен бойжеткен» жастар. Қайда, қандай оқу бөліміне тапсырарын білмей жүргендер...

Алматы сұлулығынан бөлек Алматыдағы қыздар да сұлу екен. Бірақ мені ғашық еткен қыздар емес-ті. Сұлу қалаға мені ғашық еткен алып таулар еді! Казгу-ге кіріп келе жатырмыз. Міне, сол сәтте де қала сыртында тұрған таулар тағы да менің көзіме түсті. Шыңы көкпен таласқан бұл таулар тура бір Алматының қалқанындай, қаланы қоршап, қорғап тұрғандай көрінеді. Бозбала одан әрі тебірене түсті. Себебі  Алматы аспанымен ұштасқан  Алатаудың әсемдігіне назар аудару мүмкін емес болатын. Осы орайда боз баланың көңілі шабыттана түскен еді:

Бұл қала – сұлу қала, көркем қала,

Өзгелерден өзгеше , жеке дара.

Аспанымен таласқан Алатаудың,

Маржандай қары жатыр шуақ шаша.

Оқу бөліміне құжаттарымды өткізіп, әрмен қарай Көктөбеге тарттық. Көктөбе басы! Қаланың сұлулығын анық көре алатын сәт! Сол кездегі өз сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүлдем мүмкін емес! Себебі сол кездегі мендегі сезім де, мендегі қуаныш та, бойымды кернеген мақтаныш та мүлдем бөлек болды. Мені Алматыдағы биік таулар одан әрі таңдандырған болатын. Тау басындағы аппақ қар одан бетер көз тарттырып, жарқырап, құдды бір қалаға шуақ шашып, қала ішін нұрландырып, нұрға бөлегендей еді!..

Таңдандырған талайды бұл Алматы,

Тау басында жататын ақшақары!

Нұрландырып тұратын  шуақ болып,

Көз тартар Алатаудың аппақ қары.

Ұнатамын Алматының сол тауларын,

Шабытымды жинақтап бір жырладым.

Жырламасқа болмады Алматыны,

Жырлайтыны мәлім ғой әр ақынның.

     Осылайша Алматыға деген өз сезімімді өлең жолдарымен жеткізген болатынмын. Алғаш келген күнімнен бастап Алматы мені өзіне толығымен баурап алды. Мен Алматыға ғашық болдым...