Бала өмірінің қауіпсіздігі маңызды

Бала өмірінің қауіпсіздігі маңызды
жеке
блог

Бала өмірінің қауіпсіздігі маңызды
          Отбасы тәрбиесінің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана - сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар - ожданы мол, еңбекқор, білімді азаматты тәрбиелеу. Бала да жас терек сияқты, қалай тәрбиелесең, жастан қандай тәрбие берсең, ертең есейгенде жас кезіндегі алған тәрбиесі өміріне негіз болмақ. Ата - ана бала қауіпсіздігін сақтауды ең бірінші орынға қою керек.
         Соңғы қоңырау да соғылып, балалар көптен күткен жазғы демалысқа шықты. Биылғы жыл еліміздегі төтенше жағдайға байланысты өзгеше сипатта, онлайн оқу режиінде өтті. Жыл бойы мұғалімдер  ата-аналарға бала қауіпсіздігі туралы жадынамалармен таныстырып отырды. Жаз мезгілі – жайдары, балалар үшін ең тамашасы десек те, осы уақытта балалар үшін қауіп те көбейе түседі.   
Бастауыш сынып оқушысы үшін үйден мектепке дейінгі жол қиындықтарын білуі тиіс. Сол үшін ата - анасы баласына жол - жөнекей кездесетін қиындықтарға, жол белгілеріне көңіл бөліп, үйреткені дұрыс. Жол көлікпен қатынасатын оқушыға ата - анасы жол қиылыстарынан өтуді, көлік толық тоқтағанда түсіп, мінуіне болатынын, өз аялдамасын дұрыс білуін, бөтен көлікке отырмауын ескеріп отырғаны жөн.

    Балаларды жалғыз шомылуға жібермеу керек. Сақтық шараларын ата-аналар үнемі балаларға ескертіп отырғаны жөн. Балалар сыныптастарымен немесе достарымен көкке демалуға ата-аналардың қадағалауымен бірге барғаны дұрыс. Сонымен бірге жаз мезгілінде кене, улы жәндіктердің шағуы жиі орын алады. Сондықтан, баланың әрбір ісінен ата-ана хабардар болса, қолайсыз жағдайлардың алдын алар еді.

     Ата - ана баласына мектепке, көшеге, дүкенге барада үнемі мынаны ескеріп отыруы керек:
- Таныс емес, бөтен адаммен сөйлеспе;
- Мас және қауіпті адамнан алыс жүр;
- Бөтен адаммен подъезге, подвалға, лифтіге кірме;
- Сені артыңнан қуса, көп адамдар арасына жүгір.
Жалпы ата - ана баласының қайда және кіммен ойнап жүргенін білуі керек. Көшеде ұзақ ойнап жүріп қалған бала міндетті түрде қиын жағдайға тап болуы мүмкін (балалармен ойнап жүріп ерегісіп, төбелесіп қалуы, бір - бірінің заттарын тартып алуы, бөтен бұзақы балалардың көзіне түсуі және олардың ақша талап етуі, дүкеннен жарылғыш заттарды сатып алып ойнауы, т. с. с.). Ата - ана балаға артық ақша бермеуі керек. Үшкір заттар мен газды балондар алып жүрмеуін қадағалауы қажет.

     Көбінесе ата - ана жұмыста болып, бала үйде жалғыз қалатын кездер болады. Балаға техника қауіпсіздік ережелерін және мынаны ескертіп отыруы керек: үйде жалғыз қалғанда электр жүйесіне жақындамау, газ плитасына тиіспеу, терезені ашпау, бөтен кісіге есік ашпау.  Ата - анасының әрбір ескертуін ұмытпай, ереже талабын бұлжытпай орындаған балалардың әр түрлі сәтсіздіктен аулақ болатыны шындық.

Құрметті ата - ана, балаларыңызды жолда қараусыз қалдырмаңыз, жолда жүру ережесін сақтауда балаларыңызға үлгі болыңыздар. Егеменді еліміздің болашағы – балалар. Сондықтан, бала өмірінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамайық!

 

                                                     Ж,Бәрібаев атындағы орта мектептің

                                                 Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

                                                                                       Қараева Айдана