Сахна төрінен көрінбей кеткен әншілер

Сахна төрінен көрінбей кеткен әншілер
жеке
блог

"Көптен бері халық алдына шықпай жүрген өнер адамдары қайда жүр?" деген сұрақ баршамыздың көкейімізде шығар. Бірі тұрмысқа шығып, өнерден алыстаса, ендігі бірі сахна төрінен мүлде көрінбей кетті. Көптен бері халық алдына шықпай кеткен өнер адамдарының қайда жүргенін анықтап көруге тырыстық.

Нұрлан Өнербаев


Әнші Нұрлан Өнербаев сахнадан көрінбей кеткен әншілердің қатарында деп айтуға болады. Өнербаев 2008-2011 жылдар аралығында Парламент мәжілісі депутаты болғаны белгілі. 2011 жылдан бері шығармашылығын қолға алған. Ал 2016 жылы Өнербаев сахнаға оралатынын мәлімдеген. Бүгінде әнші Қазақстан қалаларында концерттерге шығып, өнер көрсетіп жүр. Әншінің Instagram желісінде бір ғана ресми парақшасы бар. Желідегі аккаунтында 38 мың оқырманы бар әнші қоғамда болып жатқан оқиғалар туралы ойын жиі бөлісіп отырады.


Гүлнар Сихымбаева


1985 жылдан бастап "Гүлдер" ансамблінде қызмет еткен Гүлнар Сихымбаева бүгінде сахнадан гөрі білім саласына көп уақытын арнайтын көрінеді. Бүгінде әнші Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ұстаздық қызметін атқарып жүр. "Қазақ ұлттық қыздар ПУ-дың, өнерлі, ұстаздарымен бір селфи! Шақырамыз қыздар біздің қара шаңырақтан білім алуға!", - дейді әнші Facebook желісіндегі жазбасында.

Рахат Тұрлыханов


Әнші Рахат Тұрлыхановты сахнадан мүлде көрінбей кеткен әнші деп айтуға болады. "Әйел бақыты" бағдарламасына тікелей эфирге шыққан әнші бүгінде IT саласында жүргені белгілі болды. Қазір мобиль қосымшаға арналған жобамен айналысып жүрген көрінеді. Әнші бүгінде үш баланың әкесі.

Әсем Жәкетаева


Superstar.kz жобасының қатысушы, бір кездері "Айлан" лақапатымен белгілі болған әнші Әсем Жәкетаева бүгінде бар уақытын отбасына арнайтын көрінеді. Әнші - Айсана есімді қыздың анасы. Сахнадан көрінбей кеткен ол желіде белсенді. Оның Instagram желісіндегі парақшасында 450 мың оқырманы бар.


Нұржан Қалжан


Бір кездері ерекше даусымен халықты тәнті еткен Нұржан Қалжан да сахна төрінен көрінбей кеткен әншілердің бірі. Бүгінде әнші сахнаға шықпай кеткенімен үнемі жаңа әндер жазып, Instagram желісіндегі парақшасында жанкүйерлерімен жаңалықтарын бөлісіп отырады. Қазірді баяу қарқынмен сахнаға оралатын ойы бар. Әнші Instagram желісінің белсенді қолданушысы, оның 297 мың оқырманы бар.

Асқар Жүнісбеков


Әншінің Instagram желісіндегі парақшасын қарап, Асқар Жүнісбеков шоу-бизнестен той-бизнеске біржола ауысқан деп ойларсыз. Сахнадан көрінбей кеткенімен әнші тойларда жиі өнер көрсетеді екен. Одан бөлек әнші репертуарындағы әндерін жаңартып, отандық бағдарламаларға қатысып, өнерге де бет бұрып келе жатқаны байқалады.

Динара Қырықбаева


Бүгінде Динара Қырықбаева - үш баланың анасы. "Әнші балапанға" бес жасында қатысып, басқа да балалар байқауында топ жарып, әншілікке толықтай бет бұрған Динара әндер жаздырып, бейнеклиптер түсіріп, тіпті жеке концертін де беріп үлгерген. Жеке бизнесін қолға алған әнші сахнадан алыс кетіп, жеке өміріне көбірек көңіл бөлуді таңдаған. Әнші бүгінде үшінші баласын дүниеге әкелді.


Еркін Мәулен


Кезінде көпшілік әндерін сүйіп тыңдайтын әнші көгілдір экраннан көрінбей кетті. Еркін Мәулен өзінің неліктен сахнадан көрінбей кеткенін "Әйел бақыты" бағдарламасында шоу бизнесте "қара тізімге" еніп кеткенін түсіндірген. "...Кезінде өздері ұсыныс жасап, жыл сайын аңсап күтетін жылда қатысып жүрген "Сағындырған әндер-ай" ән фестиваліне қатыспақ болып Майра апамызға хабарластым. "Екі-үш әніміз бар еді, бұған дейін де қатысып жүр едік. Өзіңіз тыңдап көрсеңіз" деп ұсыныс тастадым. Майра апама өкпе жоқ, ол кісі өз жұмысын істеп отыр ғой. Ол кісі: "Өкінішке қарай, Еркін мырза, мен сізді шығара алмаймын. Өйткені сіз қара тізімдесіз" деді. Сондай қара тізімдер бар екен. Сондай тізімде тұр екенбіз", - деген еді әнші.
Әнші өзін "қара тізімге" енгізген адамның кім екенін білмейтінін айтқан.