Қазақстанда "Нейроғылым" мамандығы бойынша мамандар даярланады

Қазақстанда "Нейроғылым" мамандығы бойынша мамандар даярланады
жеке
блог

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биофизика, биомедицина және нейроғылымдар кафедрасы елімізде алғашқы болып "Нейроғылым" саласындағы жоғары білімді мамандарды даярлауды бастайды. Бұл туралы 11 мамырда өткен Басқарма Төрағасы-Ректор Жансейіт Түймебаевтың әлемге танымал ғалым-нейробиолог, Ұлыбританияның Шеффилд университетінің профессоры Базбек Дәулетовпен кездесуі барысында баяндады. Бұл Халықаралық ғылыми ынтымақтастықты орнату және өзара байланысты нығайту бағытындағы нық бастама болып отыр.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биофизика, биомедицина және нейроғылымдар кафедрасында жаңа «Нейроғылым» мамандығын ашу туралы келісім жасалды. Бұл мамандық елімізде және бүкіл Орталық Азия өңірінде алғаш рет ашылып отыр.

Нейроғылым – бұл ми мен жүйке жүйесінде болатын физиологиялық үдерістерді зерттейтін пәндер жиынтығы. Осыған дейін жүйке жүйесін зерттеумен нейробиология айналысса, бүгінде нейроғылым қарқынды дамуда. Ол психология, биология, педагогика, медицина, компьютерлік технология, лингвистика, инженерия және философия салаларымен пәнаралық байланыста зерттеу жүргізеді.

Шетелдік ғалыммен кездесу барысында нейроғылым саласы бойынша гранттық қаржыландыруға бірлескен ғылыми жобаларды дайындау мәселесі де кеңінен қаралды.  Сондай-ақ қосдипломды білім беру мүмкіндіктері, жаңа жобаларды ғылыми журналдарда жариялау, Шеффилд, Кембридж университеттерімен студенттер алмасу, магистранттар мен PhD докторанттардың ғылыми кеңестерін жүзеге асыру бағыттары қамтылды.

 

Қайрат Б.Қ.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

биофизика, биомедицина және нейроғылымдар кафедрасының оқытушысы