ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТАРИХЫ – БОЛАШАҒЫНЫҢ ДІҢГЕГІ

ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТАРИХЫ – БОЛАШАҒЫНЫҢ ДІҢГЕГІ
жеке
блог

АЛДАШЕВА КАМАР САГИНГАЛИЕВНА

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ЖАЛПЫ ТІЛ БІЛІМІ ЖӘНЕ ЕУРОПА ТІЛДЕРІ КАФЕДРАСЫНЫҢ ДОЦЕНТІ, PHD докторы

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті бүгінгі таңда әлемнің ең үздік 200 оқу орындарының қатарына енеді. Бұл - тек университетіміздің емес, еліміздің беделі. Осы бір абыройымызды асқақтатып тұрған университетіміздің тарихы жайлы бәріміздің біліп жүргеніміз абзал.
Еліміздің беделді университеті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына биыл 87 жыл толды. Қазақ ұлттық университеті өзінің негізін 1934 жылы 15 қаңтарда қалағаннан бастап Қазақстандағы білім беру жүйесінің бетке ұстар көркі, университеттік дәстүрлердің, кәсіби білікті ғылыми және педагогикалық мектептердің бастау - көзі болды. Сонымен қатар, Қазақстанның әлеуметтік-саяси өміріне және экономикасына зор үлес қосып келедіі. Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім беру кеңістігінде өзінің лайықты орнын алып, жоғары білім саласындағы әлемдік көшбасшы университеттің біріне айналды.
1937 жылы қыркүйекте төрт жылдық оқу жүйесіне негізделген тұңғыш гуманитарлық шет тілдері факультеті ашылды.
Университеттің тарихы еліміздің ма­ңыз­ды кезеңдерімен тығыз байланыс­ты. Оның құрылуы ұлттық кадрларды даярлау мәселесін шешуге бағытталған болатын. Осы міндеттерді жүзеге асыруда университеттің алғашқы ректоры Федот Оликов елеулі рөл атқарды.
Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының соңында Қазақ мемлекеттік университеті құрамында бес факультет және қазақ жас­тарына арналған дайындық бөлімі жұмыс істеді. Соғыс жылдарында Ресей, Украина және Белоруссияның ірі ғылыми-зерттеу институттары мен зертханалары ҚазМУ-ге ауыстырылды. Соның нәтижесінде Қазақ университетінде химия, астрономия, физика, тарих және тілтану салалары бойынша жаңа ғылыми мектептер ашылып, іргелі ғылыми орта қалыптаса бастады.
Соғыстан кейінгі жылдарда ҚазМУ республиканың өндірістік-экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық салаларына жоғары білікті кадрлар даярлаудың жетекші орталығына айналды. Сол жылдарда университетті басқарған Иван Лукьянец, Төлеген Тәжібаев, Асқар Закарин және Темірбай Дарқанбаев сынды қайраткер-тұлғалар университеттің білім беру бағыты мен ғылыми-зерттеу саласын жетілдіруде айрықша қызмет атқарды.
Осы тұста кафедраларды белгілі тұлғалар Ермұхан Бекмаханов, Әбікен Бектұров, Константин Персидский сияқты беделді ғалымдар басқарды. Университет аудиторияларында есімдері әлемге танымал Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев сынды әйгілі ғалым-академиктер лекция оқығанын бүгінде мақтанышпен еске аламыз. 1960-1980 жылдары университетті басқарған ректорлар Асқар Закарин, Өмірбек Жолдасбеков, Еділ Ерғожин­нің ұйымдастырушылық қабілеттері нәтижесінде ҚазМУ одақтың жетекші ғылыми орталықтарының біріне айналды.
Сол кезеңде университет шетелдерге білімді кадрлар даярлау жұмыс­тарын жолға қоя бастады. Атап айтар­лық жайт, танымал ғалым және білікті ұйымдастырушы Ө.Жолдасбековтің басшылығымен «ҚазҰУ қалашығы» бірегей оқу ғимараттары мен тұрғындық кешендер құрылысының алғашқы кезеңі басталды.
1991 жылы университет адамзаттың екінші ұстазы атанған, түркі әлемінің ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби есімін иеленді. 2001 жылы еліміздің алғашқы ұлттық университеті мәртебесін алды. Осы кезеңде барлық мамандық халықаралық талаптарға сай «бакалавриат-магистратура» бойынша екі сатылы білім беру жүйесіне көшіріліп, университеттің құрамында ғылыми-зерттеу институттары мен технологиялық паркін құру жөнінде маңызды іс-шара­лар атқарылды. Бұл жетістіктерге қол жеткізуде ректорлар Мейірхан Әбділдин және Көпжасар Нәрібаевтың қажырлы еңбектерін ерекше атап өткен жөн.
2003 жылы ҚазҰУ Орталық Азия жоғары оқу орындары арасынан алғашқы болып Болонья қаласындағы Университеттер­дің Ұлы Хартиясына қол қою арқылы еуропалық білім беру кеңістігіне кірді. Ал 2006 жылы жоғары білім берудегі сапа саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты атанды. Бірқатар оқу бағдарламаларына халықаралық сертификаттау жүргізілді. Осы кезде ҚазҰУ қалашығын кеңейту мен көркейтудің екінші құрылыс кезеңі басталды. Университетті басқарған Төлеген Қожамқұлов пен Бақытжан Жұмағұлов осы шаралардың барлығын жүзеге асыруға үлкен үлес қосты.
Бүгінде, ҚазҰУ посткеңестік елдер аумағында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінен кейінгі екінші орында тұр. Бұл жетіс­тік­ке халықаралық қоғамдастық «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ феномені» деген жоғары баға берді. «UI Green Metric Ranking of World Universities» жаһандық рейтингісінде ҚазҰУ 172-орын алып, үздік 200 экологиялық университеттері қатарында өз позициясын нығайта түсті. \
Бұл ҚазҰУ-дың ғана емес, сонымен қатар Қазақстан жоға­ры білім беру жүйесінің әлемдік биік көр­сеткіші деп білеміз.