Қоғамдық-саяси жастар басылымы - "Өркен" газеті
жеке
блог

Қоғамдық-саяси жастар басылымы - "Өркен" газеті

КОКП XXVII съезінен соң Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары партия бағытының қоғамдық-саяси, экономикалық және басқа салаларды қайта құру жұмысына белсене қатысты. Қайта құру кезеңінде халық мүддесіне қажетті көптеген басылымдар жарық көрді.
Республикалық «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», облыстық «Ақ жол», «Орталық Қазақстан», «Жетісу», «Оңтүстік Қазақстан» газеттеріне қоса қайта құрудан өтпелі кезеңге дейінгі аралықта біршама қазақ және орыс тілді басылымдар шыға бастады. 1988-1991 ж.ж. аралығында жарық көре бастаған басылымдар қатарында «Алматы ақшамы», «Өркен», «Әділет», «Ана тілі», «Халық кеңесі», «Азия» және «Аманат» сынды өзіндік мақсат арқалаған газеттер бар.
Осындай баспасөз өкілдерінің бірі – «Өркен» газеті. Басылым қазақ тілінде және «Горизонт» деген атаумен орыс тілінде апта сайын шығып тұрды. «Өркен» – қоғамдық-саяси жастар газеті. Ол 1988 жылдың қаңтарынан 1992 жылдың тамызына дейін 3 баспа табақ болып және 100 мың данаға дейінгі тиражбен Алматы қаласында басылды.
Ол кезінде сенбі күндері шығып тұрды. Құрылтайшылары: баспасөз министрлігі мен редакция ұжымы. А3 форматымен 12 бет көлемінде. Алғашқыда бұл студенттердің газеті ретінде шығарылды. Көп ұзамай газет жастардың іздеп оқитын басылымына айналды.
Тарихтың «ақтаңдақ» беттері туралы «Қазақ әдебиеті» газетінен бөлек, «Арай» журналымен қатар осы «Өркен» газеті де жазды. Бұрын халық жауы аталып келген Бухарин, Косарев жайлы материалды орыс тілінен аударып басып, тарихи бүліктер тақырыбында көлемді очерк, интервью және мақалалар жариялап тұрды.
Бастапқы сандарынан бастап-ақ “Өркен” өткірлігімен, көтерген мәселелерінің тереңдігімен ел аузына ілікті. Бұл – оның бас редакторы Алтынбек Сәрсенбаев бастаған редакция ұжымының ізденімпаздығы мен берік ұстанымдарының арқасы.
«Өркеннің» бас редакторы – Алтынбек Сәрсенбайұлы – журналист, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері әрі білікті дипломат. Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Ақпарат және қоғамдық келісім министрі қызметтерін атқарған, "Ақ жол" саяси партиясының негізін қалаушылардың бірі ретінде танылған.
Газеттің “Әлеуметтік көзқарас”, “Студент және нарықтық экономика”, “Демократия тағылымдары”, “Музыкалық коллаж” секілді айдарлары болған. Ара-тұра оқырмандардың “Өркен жайында” деген айдармен жазбалары беріліп тұрған. Материалдардың басым бөлігі ұлттық сипатта, дәстүр, мәдениет, тіл мәселелеріне негізделген.