XXI ғасырдағы «Жұлдыз» журналының тақырыптық ерекшелігі
жеке
блог

XXI ғасырдағы «Жұлдыз» журналының тақырыптық ерекшелігі

90 жылдан астам тарихы бар алаштың әдеби-әлеуметтік журналы «Жұлдыздың» 2000 жылдардың басындағы бірсыпыра сандарын оқып танысып шықтым. Соның ішінде Мұхтар Мағауин редакторлық еткен 2005 жылғы біршама санын, Темірхан Медетбек басшылық еткен 2007 жылғы сандарын және 2009 жылғы, Ұлықбек Есдәулет бас редактор болған кездегі бірнеше санын зерделеп қарадым. Журналдың алғашқы бетінде «Алтын қалам» деген атаумен қазақ халқының белгілі ақын-жазушыларының суреттері жарияланып отырса, «Ел тұтқасы» деген атпен билік өкілдері мен мемлекет қызметкерлерінің суреттері лауазымдарымен бірге шығып тұрды.
Мұхтар Мағауин редакторлық еткен тұста журналдың айдарлары мол әрі жарияланып отырған материалдардың сапасы өте жоғары деңгейде болғанын байқай аламыз. Журнал әдебиет пен өнерге негізделгендіктен, әдеби бағыт ұстанғандықтан, айдарларының көбі әдеби-мәдени тұсқа басымдық береді. Оған «Поэзия, проза», «Зерде», «Өнер», «Әдебиеттану» «Алтыншы дәптер» айдарларында жарық көрген жазбалар есебінен көз жеткіземіз.
Әдебиетпен ұштасқан айдарлардан бөлек, журналдың «Түрік дүниесі», «Дін-ислам дәрістері», «Хат-хабар, ой-толғам» сынды айдарлардың болғаны бізге белгілі. Бұл – журналдың өзіне бағдар еткен екінші бағыты – «әлеуметтік журнал» атауына сай болғанының нышаны.
Журналдың редакция ұжымы қазақтың танымал тұлғаларын мерейтойларымен құттықтап журнал бетіне жүрекжарды тілектерін шығарып жүрді. Әрі мемлекет үшін маңызы зор мерекелерде сол мейрамға орай өлең шумақтарын, шығармалар топтамасын жариялап отырған.
«Жұлдызда» діни мәселелер жиі қозғалып отырды. Нақтырақ айтсақ, ислам діні ілімдерін таратқан Пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу аләйһи әсәлләмнің хадистерінен «Қасиетті сөз» деген атаумен үзінді беріліп, қоғам арасында діни алауыздықтар мен адасушылықтың алдын алу мақсатында дін тақырыбында көптеген мақалалар жарияланып отырған.
Мысалы «Секталар мен мектептер» атты мақалада Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбарымыз қалдырған өсиеттерін қағазға түсірген ғалымдардың хадистерді өзінше қабылдап, мәнін өзінше ашқандығынан қазірде ислам дінінде 4 мазһаб барын әрі бұнымен қоса әртүрлі ағымдардың жайылып жатқаны, нәтижесінде сауатты діни мектептермен қатар діни секталардың қоғамда бойлап бара жатқаны туралы айтылған.
«Хат-хабар, ой-толғам» айдарында қазақ жазушысы әрі қоғамдық салалардың зерттеушісі Таласбек Әсемқұловтың сыни мақалалары молынан шығып тұрды. «Поэзия, проза» айдарында Қадыр Мырза Әли, Күләш Ахметова, Нұрғожа Ораз өлеңдері; Тұрысбек Сәукетай, Ақберен Елгезек, Мұхтар Мағауин, Қасым-Жомарт Тоқаев, Қалихан Ысқақов, Серік Жанәбіл және өзге тәжірибелі де жас қаламгерлердің шығармалары басылып шығып отырды. Ал журналдың соңғы бетінде келесі санында басылатын прозалардың тізімі беріліп отырған.
2007 жылдан журналдың бас редакторы Темірхан Медетбек болған кезеңде журналда «Әлеумет», «Саясат», «Спорт», «Баспалар, басылымдар» сияқты жаңа айдарлар қосылып, тақырыпқа сай материалдар жариялана бастады.
2009 жылы басылым редакторлығына Ұлықбек Есдәулет тағайындалды. Бұл жылдары «Жұлдыздың» көркемсурет галереясы жұмыс жасай бастаған. Аталмыш көркемсурет галереясы бүгінгі күнге дейін журнал беттерінен орын алып келеді.
Кейінгі жылдарда «Жұлдыз» журналының айдарлары азайып қалды. Дегенмен бастапқы бағытын, сарынын жоғалтқан жоқ. Оған қоса көркемсуреттер галереясы секілді тың бөлімдермен толығып отырған. Бастауында қазақтың небір дарынды қаламгерлері тұрған «Жұлдыз» журналының бір ғасырға жуық уақытта қазақ әдебиетіне, мәдениетіне және қазақ баспа тарихына қосқан үлесі зор.