ТӘУЕЛСІЗДІК – ҚАСТЕРЛІ ДЕ ҚАСИЕТТІ ҰҒЫМ!

 ТӘУЕЛСІЗДІК – ҚАСТЕРЛІ ДЕ ҚАСИЕТТІ ҰҒЫМ!
жеке
блог

                                       ТӘУЕЛСІЗДІК – ҚАСТЕРЛІ ДЕ ҚАСИЕТТІ ҰҒЫМ!

 

Жыл сайын Тәуелсіздігімізді тойлаған сайын есімізге дүниені дүр сілкіндірген, тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің түсетіні анық. Арада қаншама жылдар өтсе де ұмытылмайтын оқиғалардың бірі, себебі оның халық тағдырымен тікелей байланыстылығында. Қазақстаның еркіндігі мен игілігі жолында батырлық пен патриоттық үлгісін көрсетіп алаңға шыққан өрімдей жастарымыздың өздерін жаппай соққыға жығып, қақаған аязда мұздай су шашқанына, темір сымның, арматурамен соққының астына алғанына, жаппай тұтқындауына қарамастан көрсеткен қайсарлықтары қазақ халқының жүрегінде мәңгі қалды

1991 жылдың 16 желтоқсаныңда - «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Конституциялық Заңы қабылданды. Елбасы Н. Ә. Назарбаев: "Тәуелсіздік күні ресми түрде бекітілген мереке күні ғана болмау керек, бұл күннің мағынасы өте үлкен. Ол бір жағынаң біздің тәуелсіздік жолындағы күресімізге қойылған нүкте және екінші жағынаң жаңа өмір белесінің басы болды. Бүгіндері бұл күнді әрбір қазақстандық өзінің жеке өмірінің тәуелсіздігі мен табыстарының бастауы ретінде тойлауына болады” деп өзінің “Қазақстан жолы” кітабында жазған болатын.                                                                           

Тәуелсіздік бұл ата-бабаларымыздың аңсар арманы болған, даналарымыздың үзілмес үміті болған, Алаш ардақтыларының осы жолда жаны пида болған қастерлі де қасиетті ұғым! Өз мемлекетіңнің тәуелсіздігін қастерлеу, өзің тұратын елдің егемендігін құрметтеу – тек патриоттық парыз ғана емес, үлкен жауапкершілік. Тек азат адамдар мен тәуелсіз халықтар ғана дүниеде шынайы тыныштық орната алады. Мемлекеттер мен халықтардың өз еркі өзіндегі тәуелсіздігі – ешкім тіл тигізе алмас қасиетті ұғым. Бұл қазіргі адамзаттың ең басты мұраты, ең асыл игілігі. Ал, біз үшін Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай «Тәуелсіздік бәрінен қымбат».

Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында елімізде татулық, бірлік, ынтымақ орнап, аз уақытта бүкіл әлем таныған алдыңғы қатарлы елдердің қатарына ендік.  Биыл тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл. Тәуелсіздікке қол жеткізген 30 жылда Қазақстанның жетістіктері мен табыстары жеткілікті.  Осы 30 жыл ішінде Қазақстан етек жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына зайырлы дербес ел болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салт мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы қалыптасты деп нық сеніммен айта аламыз. Ғасырлар бойы арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы деуге болады. Осы егемендігіміздің,тәуелсіздігіміздің негізінде ата заңымыз қабылданып, ата заңға сүйене отырып қоғамдық келеңсіздіктерді реттейтін, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын заңдар қабылданды. Сонымен қатар экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-ауқатымыз артты.

Көпұлтты Қазақстанда сыйластықта өмір сүріп жатырған барша ұлт өкілдерінің ауызбіршілігінің, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол қол шығарып», Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  әрбір ісіне қолдау білдіргенінің арқасында елімізде тыныштық, ынтымақ, татулық, тұрақтылық, бейбітшілік орнады. Қазақстан халқының басты құндылығының өзі осында. Елбасымыздың салиқалы саясаты халықтың тілегімен ұштасты, «ылайым осылай болғай» - деп тілейік. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елдің дамуының басты себебі бірлікте екенін әрбір қазақстандықтардың санасына жеткізді деп ойлаймын. Сондықтан бүгінгі күні қол жеткізген жетістікті дәріптеу, құрметтеу барлығымыздың міндетіміз. Осының бәрі тәуелсіз елдің абыройы, мақтанышы деуге болады. Сондықтан бүгінгі күні халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махабатты жоғалтпай, ұмытпай тәуелсіз - ел тұғырын биік ұстайтын, ынтымағы жарасқан ел болады деген үміттемін!  Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерге ұмтылу – біздің буынның басты бағыты болуы тиіс. Тәуелсіздігіміз нығая берсін!

 

 

                                                                                                                          Ақбота Сайлаубек,

                                                                              әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

                                                             филология және әлем тілдері факультетінің 1 курс студенті

 

                                                                                                      Жетекшісі: Сабырхан Смағұлов,

                                                      әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы