Бүгінгі “Жұлдыз” журналының тақырыптық ерекшелігі

Бүгінгі “Жұлдыз” журналының тақырыптық ерекшелігі
жеке
блог

XX ғасырдың басында қазақ халқының бағына орай туған, көркем әдебиет әлеміне жетелер жолында жұлдызындай жарқыраған “Жұлдыз” журналының басылымға шыққанына жүз жылдай уақыт болып қалыпты. Неше қилы кезеңдер мен талай өзгерістердің куәсі болған, заман талабына сай аты өзгеріп отырса да, заты өзгермеген бұл журналдың бүгінгі күні де оқырманына берері аз емес. Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов сынды ұлт зиялыларының ықпалымен қалыптасып, толысқан басылымның қазіргі мазмұны қандай, пайдасы неде?

Журналдың интернет желісіндегі ресми парақшасына көз жүгірсек, басты бетінде  “Проза”, “Поэзия”, “Жас толқын”, “Түрік дүниесі”, “Сырсандық” және “Сөз сәулесі” сияқты бөлімдерін көре аламыз. Бөлім атауларынан-ақ журналдың көркем-әдеби, саяси-қоғамдық бағытта екенін еш қатесіз аңғаруға болады.

“Проза” бөлімінде жарық көрген соңғы мақала Шәрбану Бейсенованың “Қызай ана” атты әпсана-баяны екен. Мақалада автор даналығы мен иманы арқылы қазақ жұртының тарихында орын алған, халықтың сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген Домалақ ананың үлкен қызы Күнбибі жайында баяндаған. “Қызай ана жайлы дерек жинау барысында шежірелерден, қазақтың ауызекі тараған қария сөздерінен тек жақсы лепестер мен жылы лебіздерді көптеп ұшыраттық. Шежірелерде оны Матай руының бір тармағының түп анасы деп қастерлеп атайды. Қызай ананың туа біткен ерекше қасиеттерінің арқасында есімінің елінің атауына қалай айналғаны турасында аңызға пара-пар ғибратты әңгімелер мол-ақ.”- дей келе, мақала авторы халық аузынан жазып алынып жиналған аңыздар мен әңгімелерді бір жүйеге келтіріп, түзетулер енгізіп, көпшілік оқырманның назарына ұсынады. Әпсана-баянда Күнбибі ананың есімі ел аузында неліктен Қызай болып өзгергендігі, жан жолдасы Шағырмен отау құрып, Матай руының келіні атануы, халық арасында тараған шешендік өнері мен даналық істері жайлы ретімен баяндалады.

Поэзия шығармаларының арасынан Рахым Балабиевтің “Ақсақ қыз тағдыры” көзіме оттай басылды. Жастығының оты енді жалындай берген шағында аяғынан айырылып, қайғының тұңғиығынан тұншыққан жас қыздың хикаясы сипатталған еді бұл өлеңде. “Жазмыштан озмыш жоқ.” Десек те, тағдырдың басына салған сынағын көтере алмай, өлім мен өмірдің арасында жүрген арудың жүрекжарды тілектері мен ойларын көзден жас ағызбай оқу мүмкін емес. Дауыстап оқып көріп едім, қайғылы сезімнің шырмауына түсіп, даусым қарлығып, үнім шықпай қалды. Шығарма жүрекке жетеді, барды қанағат еткізіп, шүкіршілікке жетелейді, өмірдің шындығын көрсетеді. Әрбір оқыған жанның жүрегінен орын табарына күмәнім жоқ.

Адамзат тарихында өз ұлысының, ұлтының қамын күйттеген елеулі тұлғалар аз болмаған. “Сөз сәулесіне” үңілсек, осындай тұлғалардың еңбектерінен үзінді, сол еңбектерге жасалған талдау мен тарихи түсініктемелерді табамыз. “Тозақ отында шыңдалған ақын”, “Ғақлия”, “Адамзаттың жебеушісі-Ман ата” тәрізді мақалалар оқырманның көкірегін оятып, көзін ашатын өнеге, таптырмас мұра.

Сөзімізді қорытындыласақ, қазақ баспасөзінің тарихында елеулі орын алған “Жұлдыз” журналының халқына берері аз емес. Журнал бетіндегі материалдар өз оқырманын білім мен ізгілікке, жан-жақтылық пен мейірімділікке жетелейтініне де дау жоқ. Әдебиет пен руханият тізгінін қатар ала білген қазақ жұлдызының жарығы сөнбесін, қазақ көгіне шуағын шаша берсін дегіміз келеді.