Қазақ-латын әліпбиінің 3-нұсқасы жөнінде
жеке
блог

Қазақ-латын әліпбиінің 3-нұсқасы жөнінде

Латын негізді жаңа қазақ әліпбиінің бекітілгеніне екі айдың жүзі болды. Қоғамдық ақпарат құралдарының беттерінен бұл нұсқаны жақтаушы пікірлерден басқа  «мына жері қалай болар екен?», «ана жерін әлі де ойластыра түссек қайтеді?» деген сияқты пікірлерді кездестіре алмадық. Жаңа әліпби бекуін бекіді ғой, оған қарсы емеспін. Қарсы болмақ түгілі, оны екі қолымды тік көтеріп, жақтаймын. Әлі де «ойласа тұрайық» деп қашанға дейін жүре бермекпіз. Қайта керісінше, бұл мәселені кейінге қалдыра бермей тездетіп іске асырғанымыз жөн болар еді деп ойлаймын.

«Қазақ тілі латын графикасына көшуі керек» деген идея шыққаннан бастап бұған қатты қуанғандардың бірі мен едім. Сондағы ойым: кеңестік солақай саясаттың кесірінен орыстанып, былығып кеткен қазақ тілінің грамматикалық ережелері мен сөздерінің жазылуы енді дұрыс жолға қойылатын болды, – деп үміттенген болатынмын. Мүмкін сондықтан болар, қоғамның бір мүшесі ретінде мен бұл мәселеге басынан бастап-ақ белсенді түрде қатысып келе жатырмын.

 Қазақ-латын әліпбиінің жаңа нұсқасы бекітілді. Ондағы кейбір жөнсіз ұсынылған дыбыстарға қарағанда оңға басқалы тұрған қазақ тілі әліпбиін әлі көре алмай тұрмын. Өйткені  қабылданған қазақ әліпбиінде советтік кезеңде тілімізге еріктен тыс (зорлықпен) арнайы ендірілген 14 дыбыстың үштен бірі (B, И, У, Ф, Х) әлі де әліпби құрамынан шығарылмай келеді. Бұл – қазақ тілі латын графикасына көшкеннен кейін жасалуға тиісті сөздіктер мен сөздердің дұрыс жазылуына байланысты орфографиялық ережелерде бұдан кейін де талай қайшылықтар мен шатасулар болады деген сөз.

90-ыншы жылдардан бері латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне байланысты мен 14-тен астам ғылыми, ғылыми-көпшілік мақалалар жазыппын. Алғашқы мақалам «Қазақ әліпбиіне жаңаша көзқарас» деп аталынды. Ол 1994 жылы сол кездегі астанамыз Алматыда өткен қазақ тіліне, оны оқытуға байланысты халықаралық ғылыми-тәжіріибелік конференцияда баяндалған. Онда мен әліпбиімізді латын графикасына көшірейік деген жоқпын. Тек айтқаным: «Қазақ әліпбиіндегі 42 әріптің 14-і қазақ тілінің дыбыстары емес. Оларды қазақ әліпбиі құрамынан алып тастап, қазақ тілінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлы дәйектеп берген 28 дыбысты ғана қалдырайық» деген ұсыныс айтқан болатынмын. Құдайға шүкір, қазір сол 14 әріптің жартысынан астамы жаңа әліпби құрамынан шығарылып тасталыныпты.

Содан бері мен қазақ-латын әліпбиіне қатысты қандай-қандай мақалалар жазбадым десеңізші:  «Латын графикасына көшу – заман талабы», «Латын графикасына көшу – рухани жаңғырудың алғашқы баспалдағы», «Латын графикасына көшу – отарсыздануға көмектеседі», «Латын графикасына көшу Ресейден алшақтау емес», «Апострофты қазақ-латын әліпбиінде пайдаланбау – дұрыс шешім», «И мен У мәселесі дұрыс шешілмесе, жаңа әліпби де дұрысталмайды», «Қазақ-латын әліпбиіне көшуде тіліміздің заңдылықтарын сақтайық», т.б. Осы мақалалардың бәрінде тұрақты түрде айтылған бір ғана негізгі ой болды. Ол ой – «Латын графикасы негізінде жасалған әліпбиіміз қолдануға қолайлы және оны балаларымызға үйрету оңай болсын. Бірақ ол әліпбиде қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтары сақталынсын» деген жалғыз ғана тілек болатын.

Латын графикасына көшуге байланысты бірінші мақалам – «Жаңаша латын-қазақ әліпбиі» деп аталды. Бұл мақала 2003 жылы Қазақстан Республикасы Ұлтық Ғылым Академиясының Хабарларында (№3, Тіл, әдебиет сериясы) жарияланды. Онда мен ұлттық төл дыбыстарымызды (Ә, Ө, Ү, І, Ғ, Ң) қос таңбамен белгілеген едім. Кейбір әріптестерім «қос таңба сөздің тұрқын ұзартып жібереді» деген пікір айтты. Мыйға қонатын пікір болған соң, ол ойымнан айныдым.

Екінші мақалам – «Латын әліпбиіне негізделген қазақ әліпбиі» деп аталады. Бұл мақала 2012 жылы жарық көрді. Онда менің қазақ-латын әліпбиі ретінде Ұлттық комисияға ұсынған екінші нұсқамның жайы сипатталған болатын.                                                                                                                                                                                                         

Егер жаңа бекітілген қазақ-латын әліпбиін менің 2012 жылғы нұсқаммен салыстырған болсаңыздар, өздеріңіз де байқайсыздыр, соңғы бекітілген латын негізді жаңа қазақ әліпбиіндегі бекітілген нүсқаның менің сол нұсқамнан көп айырмашыдығы жоқ. Мен ұлтымызға ғана тән алты дыбыстың төртеуін (ә, ө, ү, і) умлауытпен (әріптің үстіне қатар қойылған қос нүктемен), екеуін (ғ, ң) бревиспен (әріптің үстіне қойылған айшықпен) белгілеген болатынмын.

 Бекітілген жаңа нұсқада әлгі алты дыбыс төрт диакритикалық белгілермен (умлаут, бревис, седиль, макрон) белгіленіпті. Бұл төрт белгі әліпбиді үйренуші бүлдіршіндерге қиындық туғызады және ол таңбаларды жас балаларға үйрету де оңайға соқпайды. Сондықтан жаңа әліпбиге олардың төртеуі емес, алдыңғы екеуі де жеткілікті болар еді деп ойлаймын.

Менің пікірімше, бекітілген жаңа әліпбідің бірінші кемшілігі – қазақ тілінде жоқ В, Ф және И дыбыстарды әліпби құрамында қалдырып, оларға латын графикасынан жеке-жеке таңбалар берілгендігі (V, F, I). Әсіресе И-ді жаңа әліпби құрамында қалдыруға тіпті де болмайды. Себебі мұндай дыбыс қазақ тілінде мүлде жоқ. Бұл таңба – қазақ тілінде ЫЙ/ІЙ, ҰЙ/ҮЙ деген жуанды-жіңішкелі төрт дыбыстың қосындысын белгідейтін орыс тілінің әрпі. Мысалы, қый (қи), кій (ки), бұлтұй (бұлти), мөлүй (мөли), т.б. Сөйтіп, жаңа қазақ әліпбиін жасаушылар қазақ тіл білімінің іргесін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы өмірге әкеліп, көп жылдар бойы қазақ мектептерінде оқытылып келген 28 дыбыстың санын 31-ге жеткізіпті.

 Оқырмандардың қарсылығын туғызған нәрсе – бекітілген жаңа әліпбидің соңғы жағында берілген мына бір ескертпе: «Латынның C, X, W таңбалары цитаталық принциппен жазылатын шетелдік сөздерде қолданылады» деген жазу. Сонда қалай? Дәйексөз (цитата) алмайтын адам жоқ. Әрбір дәйексөз алушы өзінің жазбаларында ескертпеде көрсетілген латынша әріптерді қолданатын болса, онда жаңа әліпбиімізде 31 әріп емес, 34 әріп болғаны ғой!

 Мен ұсынған нұсқада Х дыбысынан басқа латынның бізге керекті әріптерінің бәрі де бар. Егер «жаңа әліпбиге Х-ны алмасақ болмайды» деген шешім болса, онда менің сол мақаладағы кестемде көрсеткен Һ-ның орнына осы Х-ны алмастыра салуға әбден болады.

Жаңа әліпбидің екінші кемшілігі – И, Й, І дыбыстары латыншаның бірінің үстінде нүктесі бар, екіншісінде ол жоқ, бір-ақ әріппен, атап айтқанда I таңбасымен белгіленгендігі. Орыс тіліндегі И әрпі туралы (кино деген сөздегі) «оны әліпбі құрамынан шығарып тастау керек» дегенді жоғарыда айтқанбыз. Егер солай істеген болсақ, латынның І әріпі қазақтың Й дыбысына таңба болып қалар еді.

Қазақ тіліндегі І дыбысының өзіне (іні деген сөздегі) жеке тоқталсақ, бұл дыбыс атам заманнан бері қазақтың Ы дыбысының жіңішке сыңары (екеуі де – бірі жуан, екіншісі жіңішке қысаң дауыстылар) ретінде қолданылып, бұрынғы әліпбиімізде ылғи жарыстырыла қатар алынып келген болатын. Жаңа әліпбиде І дыбысы өзінің жуан сыңары Ы-дан алыстатылып, мүлде басқа таңбамен белгіленіпті. Қазақтың Ы дыбысын латынның Y әрпімен белгілеген екенбіз, ендеше осы әріптің үстіне умлаут белгісін қойсақ, ол Ы-ның жіңішке сыңары болып шыға келмей ме?!  Жаңа жобада А, О, Ұ жуан дыбыстарын солай жіңішкертіп алған жоқпыз ба?!

Латын графикасының негізінде жасалған жаңа әліпбидің үшінші кемшілігі – кириллицадағы  У, Ұ, Ү дыбыстары латынның бір-ак таңбасымен (U-мен) берілгендігі. Рас, олардың бірінің үстіне умлаут, екіншісінің үстіне макрон (әріп үстіне қойылған көлденең сызық) белгісі қойылған. Тіпті бұл таңбалар бір-бірімен әбден шатастырылған десек те болады.

Мен «шатастырылған» сөзін білместікпен айтып отырған жоқпын. Латын тілінің өзінде U (үстінде ешқандай белгі жоқ) әрпі қазақтың Ұ деген дыбысына сәйкес келеді. Ендеше, қазақтың Ұ дыбысын таңбалау үшін латынша U әрпінің үстіне неге макрон белгісін қоюға тиістіміз? Егер макронды қоймасақ, латынның бұл әрпі  қазақтың Ұ дыбысын таңбалаған болар еді де, ал латындық осы әріптің үстіне умлаут белгісін қойсақ, ол қазақ тіліндегі Ұ-ның жіңішке сыңары – Ү болып шығар еді  (Жаңа әліпбиде ол осылай белгіленген).

Бар гәп орыс тілінен келген, бірақ қазақ тілінде жоқ У дауысты дыбысында (бу, су деген сөздердегі У) болып отыр. Мақалаларымда мен У қазақ тіліндегі ҰУ, ҮУ, ЫУ, ІУ деген төрт дыбыстың қосындысын таңбалайтын әріп дегенді ылғи айтып келемін. Мысалы,  ҰУ (жұл+ұу), ҮУ (күл+үу), ЫУ (қыр+ыу), ІУ (кір+іу). Егер қазақ тіліндегі У дыбысы біздің нұсқамызда көрсетілгендей латынның W әріпімен белгіленсе, бәрі де өз-өз орнына келген болар еді. Мысалы, baw, taw, т.б.

Жаңа әліпбидегі төртінші кемшілік – қазақ тіліндегі  Ң дыбысын белгілеу үшін латынның N әрпіне, қазақ тіліндегі Ш әрпін таңбалау үшін латынның S әрпіне арнайы құйрық салынғандығы. Біздің ойымызша, әріптердің сыртқы тұрпаттарының түрлерін көйбете бергенше, N, S әріптің үстіне айшақ белгісін қойсақ та жарар еді. Немесе жоғарғы мақаламызда біз ұсынғандай қазақ тіліндегі Ш дыбысын латын әліпбиінде бар C әрпімен таңбаласақ та болатын еді (Әріптің шартты таңба екенін ұмытпайық).

Егер жаңа қазақ-латын әліпбиіне сонау 2012 жылы мен ұсынған нұсқа негізге алынатын болса, онда Ахмет Байтұрсынұлы белгілеп берген 28 дыбысты құптаған, жақтаған, мойындаған болып табыламыз. Менің «қазақ дыбыстарының ерекшіліктерін сақтайық» деп шырылдап айтып жүргендегі наным-сенімдерім осы.

Мен сөз болып отырған мақалада өз атымнан 29-ыншы дыбыс ретінде аһ, оһ, үһ деген сияқты одағай сөздерде кездесетін ерекше дыбысты таңбалау үшін Һ әрпін алған жөн дегенді айтқанмын. Жаңа әліпбиде Һ мен Х әріптерін қазақ тілінде қатар қолдануды ұсыныпты. Одағай сөздерді дұрыс жазу үшін бұл екі әріптің біреуі де жетмей ме? Екеуін бірдей қатар алудың не қажеті бар еді? деген ой мені мазалай береді (Мұны тағы да сол баяғы орыс тіліндегі Х дыбысынан айрылмаудың амалы шығар деп топшыладым).

Шындығына келгенде, жаңа әліпбиді түзушілердің И мен У-дан, В мен Ф-дан қол үзе алмай жүрген себебі – тілімізге осыған дейін еніп үлгерген сан мыңдаған орыс сөздерін қалай дұрыс жазамыз? – деген уайым ғана. Бұл уайымнан гөрі, «қазақ тілінің о бастан қалыптасқан дыбыстық заңдылықтарын қайтсек сақтаймыз» деп ойласа ғой, шіркін, онда олар бекітілген жаңа қазақ-латын әліпбиіндегі И мен У дауыстысын (У дауыссызын емес) және B, Ф, Х әріптерін әліпби құрамынан баяғыда-ақ шығарып тасталған болар еді.

Маған: «Бұл дыбыстарды әліпби құрамына ендірмесек, шет тілдерден енген сөздерді қалай жазамыз?» деген сұрақ жиі қойылады. Жауап: – Шет тілдерінен енген сөздерді ауызша айтылуы бойынша жазғанымыз дұрыс болады. Мыс., кәмпитүр, кійнө, інтернет, ушәске, унійверсійтет, т.б.

Сондай ақ, жаңа әліпбиді жасаушылар тек «тіліміздегі сөздерді қалай жазамыз дегенді» ғана көбірек ойлай бермей, олардың «әріптерді қайтсек оқушыларға үйрету оңайға түседі», «қайтсек, қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтары сақталынады» дегендерді де есте ұстағандары  абзал болар еді. Мен жаңа әліпбиге байланысты өз ұсыныстарымда мәселенің осы жағын ылғи ескеріп отырамын.

Қорыта айтқанда, соңғы бекілген қазақ-латын әліпбиі бұрынғы нұсқаларға қарағанда әлдеқайда жаңартылған және  жетілдірілген. Оған қарамастан, жаңа әліпбидің 3-нұсқасында әлі де жетілдіре түсетін жерлер бар. Ол кемшіліктер туралы мен өз ойымды осы жыйында да түгел айттым. Мен ғана емес, аталған дөңгелек столда сөйлеген тіл мамандарының бәрі де қазақ әліпбиінің 3-нұсқасындағы кемшін тұстар туралы жақсы пікірлер айтты. Әсіресе Бексұлтан Нұржекеұлы, Әлімхан Жүнісбек, Анар Салқынбай, Қаламқас Қалыбаева, Айгүл Смақовалардың ойлары өте дұрыс. Олардың әрқайсысы әліпбидің 3-нұсқасындағы кемшіліктерді дәл көрсетіп, ойларын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп берді. Егер келешекте жаңа әліпбидің осы дөңгелек столда тіл мамандары көрсеткен олқы тұстары түгел ескеріліп, олардың айтқандарындай түзетілсе, жаңа әліпби жетілген үстіне жетіле түскен болар еді және мұндай әліпби қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес келген болар еді.

 

                                                                            Байынқол Қалиұлы                                                                 

                                             Филология        ғылымдарының докторы,   профессор.

                                                               Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Абылай хан

                                                                атындағы Қазақ халықаралық қатынастар

                                                       және әлем тілдері университетінің оқытушысы,