Конфликтолог деген кім?

Конфликтолог деген кім?
жеке
блог

Сіздерге қазір білім алып жатқан мамандығымды таныстырғым келеді. Мен болашақ Конфликтологпын.

Конфликтолог деген кім? Сөздің түбірі «конфликт» деп бастайын. Түсінікті бола бастаған сияқты, ия? Ия, мен конфликтілерді зерттейтін, бақылайтын, шешетін және реттейтін маман болып шығамын деген сөз!

Сонда қандай конфликтілер?
Кез-келген. Біздің өміріміз конфликтіге толы. Бірақ, ол тек ұрсысу, сөз таластыру, жаға жыртысу ғана деп ойлап қалмаңыз. Ішкі қарама-қайшылықтар, белгілі бір орын үшін бәсекелесуден бастап ұжымдағы, мемлекет арасындағы қақтығыстар деп түсінсеңіз болады.

Менің мамандығым үшін тек психологияны немесе саясаттануды, әлде әлеуметтануды біліп қана қою жеткіліксіз. Мен дипломат та, тыңдаушы да, тарихшы да, сценарист те (конфликтінің қалай өрбитінің көре алу үшін) бола білуім керек. Сол үшін де өзіме мамандығым қатты ұнайды.

Біз сияқты посткеңестік елде бұл сала енді ғана дамып келе жатыр. Себебі, білесіздер, Кеңес Одағында - «Біздің қоғамда қарама-қайшылықтар жоқ! Бізде бәрі жақсы»,- деген ұранмен жүрдік. Ал, сол уақытта Еуропа мен Америкада, яғни ХХ ғасырдың 50-60 жылдары «Конфликтология» деген жеке ғылым қалыптасып жатыр еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ақырын назар аудара бастадық. Бүгінде бұл мамандықтың магистратура бөлімі ҚазҰУ-де 2018 жылдан бастап саясаттану кафедрасында оқытылып келеді, ал докторантура бөлімі 2019 жылы ашылды.

Мен конфликтіге көп түсе бермейтін адаммын, соған қарамастан осы бағытқа бакалаврда оқып жүріп-ақ келе бастаған екенмін. Ол кездегі менің дипломдық жұмысым ақпараттық қақтығыстарға байланысты еді. 

Қазір мен 2 курс магистрантымын. Таңдаған бағытым - әлеуметтік қақтығыстар. Халықтың сұранысын бақылап отыру, туындағалы отырған мәселенің алдын алу, тиімді шешу жолдарын ұсыну. 

Ал сіз қалай ойлайсыз, бізге бұл мамандық қаншалықты қажет?