Қазақ сатирасының айнасына айналған "Ара" журналының тарихы

Қазақ сатирасының айнасына айналған "Ара" журналының тарихы
жеке
блог

Кеңестік сатираның қайта өрлеуіне Ара журналы жол ашқан еді. 1956 жылдың наурыз айынан бастап екі тілде жарық көріп тұрған бұл журналдың тарихы бір сарын. Журналдың редакторы Ғ.Мүсірепов болса, орынбасарлығына Д.Снегин тағайындалды. Журнал өз кезегінде сол заманның сұрапыл шындығын көрсетіп, тіршіліктің сұм жағдайларын әшкерелеуге тырысты. Басылым беттеріндегі сатиралық суреттер мен карикатура, шарж сияқты анимациялық бейнелер оқырманның көңілінен шыға білді. Қазақ сатирасында өз орнын ойып тұрып алған бұл журнал 1998жылы жұмысын тоқтатқан екен. Сол тұста біраз қайраткерлеріміз журнал жайында өз пікірлерін қалдырған:

 Оспанхан Әубәкіров: «Ештеңеден қорықпайтын адамның өзі күлкі болудан қаймығады ғой. «Ара» – ара болады, шаққан жері жара болады»,-деген екен.

К.Әмірбек болса: "Бірлі-жарым сықақшылар тізе қосып, тікенек тілді журналға жан бітіреміз деп жанталасып-ақ бағып еді, одан көңіл көншітетіндей нәтиже шыға қоймады», - деп кейінгі кезеңді еске алды.

Басылымды толығырақ тану үшін журналдың 1973жылғы мамыр айындағы 5 санының материалдарына талдау жасап көрейік.

Журналдың мұқабасы агитибригада деген жазумен қатар мағыналы көркем сурет арқылы берілген. Сол тұста әр түрлі тақырыптарда әрекет ететін және өз уақытының өзекті мәселелерін қозғайтын, өмірдің келеңсіз жақтарын мазақ ететін және жағымды жақтарын көрсететін шығармашылық топ болған. Мұндай шығармашылық топ "Үгіт бригадасы" деп аталған. Аталған топ өкілдері қазақ сатирасының дамуына үлес қосып, ұлттық дәстүр мен қоғам айнасының шындығын юморға айналдырып жаза білген.

Басылымның "Ит қайда жерленген" атты бас мақаласында автордың Семей қаласына жорығындағы әңгімесі баяндалады. Бұл мақалада монша мәселесі көтеріліп, қарапайым халықтың монша құрылысын біршама уақыт бойы қалыпқа келтіре алмай жатқандығы сөз болады. Мәселе бойында шағымданған халықты басшылық өкілдері олардан құтыла алмайтындығын біліп, түрлі сөзбен қорқытатындығы жеткізіледі. Қорқытып қана қоймай, барлық жағдайды әзілге айналдырып, халықты мазақ еткен басшылықтың әрекеті сыналады. Мақаланың енді бір жерінде автор ауыл мен қала жағдайындағы моншаның құрылысын салыстырып, келушілерге бағасы ондағы моншаның жағдайымен мүлдем сәйкес келмейді дейді. Сөз соңында автор республикамызда мәдени-тұрмыстық құрылысқа миллиондаған рубль бөлінсе де,оның бәрі ит жерленген жерге кетіп жатқандығы анық, бесбармақтың да көкнәрі болады деп қорытындысын жасайды.

Сатира-өмір айнасы деп ұрандатқан бұл журналда түрлі жанрлар мен бейнелі көркем образдар болды. Сатираның кемелденуіне әсер еткен себеп ретінде фельетон жанрын қарастыруға болады. Темірбек Қожакеев: «Әдебиет пен баспасөз тәжірибесінде жамандыққа жаны қас, жақсылықты ғана іздейтін, азулы да айбынды бір жанр бар. Ол – фельетон. Фельетон жат мінез, жайсыз қылық, кемшілік-мінді көрсе-ақ айырын ала салып, оны түйрей қояды, жұрт алдына сүйреп шығарып, қағып-сілкіп, масқара етеді» дейді.

Сол заманда «Ара» журналының ең өтімді жанры болған фельетон бүгіндері ұмытылған. Оспанхан Әубәкіров: «Ара» – ара болады, шаққан жері жара болады» деп баға берген журнал бетіндегі фельетонның «басты кейіпкерлері» жылы орындарынан айырылып, биліктің қатаң жазасына ұшырап отырған. Қоғамның талай мінін түзеген «Ара» журналы туралы көрнекті сатирик Ғаббас Қабышев: «Ол кезде «Ара» журналына есімі іліккен адам міндетті түрде тексеріліп, лайықты жазасын алып жататын. Журналда қызмет етіп жүргенімізде келеңсіздіктерді айтып, СОКП Орталық комитетіне дейін шыққанбыз. Сол кезде үш бірдей министрге кінәсін мойындатқызып, қызметінен де босатқанбыз» дейді. Ол сатираның бүгінгі күні әлсіз көрінуінің себебін «оның еленбеуі мен лайықты баға берілмей жүргендігінде» деп түсіндіреді.

Сонымен қатар түрлі карикатура, шарж сияқты суреттердің желісінде мағыналы өмір айнасын көруге болады. Журналда сүйінші хаттар, сырлас әңгімелер мен қызықты фактілер де жазылып отырған.Басылымның кейбір тұсында қысқа анекдоттар да беріліп тұрған. Оқып отырған бойда оның түп мағынасы терең екендігін аңғаруға болады. Тұспалдап жеткізілген әрбір сурет оқырманның көңілінен шығып, журнал өз кезегінде сатираның төрінен көрінді.Бұл көркемдік шығармашылық жұмыстың төрінде белді адамдар болғаны анық. Сол тұлғалардың арқасында "Ара" журналы тарихта мәңгі қалды. Міне, түрлі қоғам мәселесінің өрісін баяндай білген басылымның айнасы осындай.