Алаш қайраткерлерінің Ислам дінін насихаттаудағы ұлттық идеясы.

     Қазақ зиялыларының қалыптасуы — XIX ғасырдың екінші жартысымен XX ғасырдың басында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуында болған өзгерістер қазақ халқының рухани өміріне терең әсер еткен болатын.Қазақ елінің зиялы қауымы, ұлт азаттық қозғалыстын басшылары, «Алаш» партиясының, «Алашорда» ұлттық кеңесінің, «Алашорда» үкіметінің негізін қалаушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, білім мен ғылымды ұштастырып мұсылмандықпен байланыстыра  білген тұлғалар.Алаш зиялылары Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабай, Ж.Аймауытұлы, С.Сәдуақасұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Х.Досмұхамедұлы, тағы басқа ұлт зиялылары өз замандастары секілді алғаш сауатын ауылдың молдаларынан алған. Олар осы негізгі білімін мемлекеттік дәрежеде іске асырды, сол себепті Алаш қайраткерлері елге қызмет етуді ұлттың мүддесімен ұштастыра білген.   Діни мәселе бойынша Алаш публицистері негізінен мына тақырыптарды халық назарына  көтерген деуге негіз бар:

    Медреседегі молдалардың дүмшелігі.«Молда ұрған ер тозақта күймейді» деген жалған желеумен, жас баланы қажетті-қажетсіз таяқпен ұра-ұра, оны жалтақ, қорқақ, өтірікші етіп жіберетінін ашына жазған мақалалар ел болашағы болып саналған қазақ жастарын дүмше молдалардан арашалағысы келді.  «Оқытқан молдалардың айтқан сөзі: «Бала таяқ жемесе, сабақ білмейді». Біздің мектепте молдалардың қылатұғыны осы», делінген «Түркістан уәлаяты» газетінде. [1,15-б.] Ал «Дала уәлаятына» жарияланған «Қазақтар өздерінің балаларын қалайша оқытатындығы туралы» атты мақалада «Молда жүгініп отырып, қолына таяғын алып айқай салып,  дауыстап оқымаған балаларды дәлдеп тұрып салып қалады. Байғұс балалар қанша азап, қанша қорлық көреді. Бұлар оқымайды, азап тартады», деп  автор үлкен проблемаға оқырманның назарын аудартуға тырысады.

   Діни жоралғы жасау тәртіптері.Бұл тақырып аясында қажылыққа бару, cадақа беру  және т.б. діни тәртіп, жөн-жоралғылар туралы ақпараттық-танымдық сипаттағы материалдар жарияланған. Мысалы, «Орыс жұртына қараған мұсылмандарға Меккеге баруға билет беру тақырыбы» атты мақала «Түркістан уәлаяты» газетінде жарияланса, [1, 7-б.] «Айқап» журналында «Мұсылмандар тіршілігіне тиісті мәселелер» деген мақаласында Ержан Құлақбайұлы діни ережелерге тоқталып, оның тұрмыстағы мәніне қатысты халықтың сауаты мен санасын көтергісі келеді.

Кей молдалардың имандылыққа жат әрекеттерін талдап көрсету.Бұл тақырыпты батылы жеткен ғана көтере алған деуге негіз бар. Ал Алаш көсемсөзінің кемеліне жеткен журналист азаматтары оны сынның тезіне алып, уытты тілмен сынай жазбасына амалы болмайды. Мәселен, «Түркістан уәлаяты» газетіне шыққан «Қожа тақырыбы» мақаласы, «Айқап» журналына шыққан «Көкшетауда көргендерім» мақаласы осының дәлелелі. [1, 9-б., 64-б., 83-б.] Мұғалім Сәрсекеев деген автор «Алаштың азаматтарына деген мақалада: «Бізден басқа орнықты елдердің көзі ашық, ғақылы толық, жомарт байлары әр жерге медресе, мектеп салдырып жатқанда, біздің қайыр-садақаларымыз ел аралаған қызылбастардың, өтірік қожалардың, өтірік сейіттердің тамақтарын асырауға жұмсалып жүрді» десе, Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газетінде: «Бейшара, момын қазақ әулиенің атын атап, мың түрлі тіленші қожаларға жем болып тұрған жайы бар. Түркістан қожаларының зиратты түзететін ойы жоқ. Зиратқа келгендерді ерікті-еріксіз талаудан басқа кәсібі жоқ», дейді «Оқшау сөз. Хазірет Сұлтан» атты мақаласында. [1, 97-б.] «Осындай құдай сүйген шын ғалымдарды хақиы ғалым емес деп қара халықты өтірікпенен бұрмалап алдаудың түбінде обалы кімге болар екен? Оның обалы хақиқатты біліп отырып, өзінің нәпсісі үшін жасырып қойған молдекеңдерге болатындығы», делінген «Айқап» журналында жарияланған мақалада. [1, 67-б.]

     Жағдайы нашар отбасылар мен жетім балаларды шоқындыру мәселесі.«Оқыту хақында Шариғат не айтады?» атты мақалада А. Жүсіпұлы: «Ең әуелі балаларға жақсы етіп өз дінін танытарға керек. Сонан соң орысша оқуға беруден қайшасқа керек» десе,  [1, 80-б.] «Қазақ түркілерінде үйлену» мақаласында:  [1, 82-б.] «Қазақ кедей болса, орысқа малай болады, орысқа малай болса, шоқынады, деп уайымдайды, һәм кедей болмас үшін жалғыз шара көшпелі мал бағу деседі». Екі  мақала да «Айқапта» 1914 жылы жарық көрген.

    Діни терминдерге еліктеп, тіл бұзып жатқандарға тіл жанашырларының уәжі

«Мазкөр ларни фил жұмла білсек, өзімізге һәм халқымызға да пайда тигізуге мына себепті болармыз. Болыснай ол билік не атақтан санасақ, ғадатлі. Фһимменен пәкір айтып қарағанда,  білімді, ғылымды болғанымыз бек керек», делінген «Дала уәлаятында» жарияланған  «Тұрмыс жайында болған хабарлар» мақаласында. [1, 19-б.] Байқап отырғанымыздай, сөйлемнің көп сөзін, тиісінше мағынасын түсіну тым ауыр. Осыған қатысты сол замандарда қызу талқылаулар жүріп, діни терминдермен туған тілді лайлай беруге болмайтынын Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхаметжан Тынышбай бастаған тіл жанашырлары өз мақалаларына арқау етіп ұстанады. Бұл өкінішке қарай, бүгінгі әсіредіншілдердің де проблемасы болып тұр, арабтың сөздерін сол күйі айтып, қазақша баламасын қолданудан тартыншақтауы жалаң еліктеушіліктің бір көрінісі болса керек.

    Қазақ қыздарының құқы.Алаш көсемсөзінде ең өткір қозғалған тақырыптардың бірі қазақ қыздарының құқы тақырыбы болды. Өйткені шариғатты жамылып, жас қыздардың құқын таптау, білім бермей, өзінен тым үлкен шалдарға тұрмысқа беру сол заманның өзекті мәселесі болып тұрған еді.  Соның мысалы ретінде «Айқап» журналында жарық көрген «Қазақтың құдалығындағы кемшіліктер» атты мақаласында Шаһмардан Әлжанұлы:  «Яки бірді-жарым 13-14- ке келгенше берілмей отырған қызы болса, сол кезде бейшараның маңдайының сорына қарай, бір байшыкештеу шалдың қатыны өліп қалса, кедей мәз-мәйрам болып қуанып, әлгі бейбақ шалға малға сатып, жаңа піскен алмасын итке жегізіп, өсіп жетіліп келе жатқан бәйшешегіне зар қойып, солдыртып суалтады, –  деп күйіне келе, – хат танытып,  кәмелетке келтіріп, балиғатқа толтырып, оң мен солын, алды мен артын байқаған  соң, өздерінің ықтияры  бойынша дұғагөй ата-аналары құда болып, сонан соң осы күнгі көр-жер, оны-мұны ғұрыптарын істеп, қызықтарын көре берсе, игіліктің ерте-кеші болмайды» деп ұсынысын білдіреді. Ал «Қазақ қыздарының аталарына» атты мақалада қазақ журналист қыздарының көшбасшыларының бірі Сақыпжамал Тілеубайқызы барша замандас құрбыларының атынан қазақ қауымына былайша үндеу тастайды: «Қымбатты аталар! Біз дағы сіздердің ер балаларыңыз секілді балаларыңызбыз. Олар сияқты біздер де білімді, үлгілі болып,  надан болмай, тәрбиелі болсақ, сіздерге абыройлы болмас па едік? Ер баланы артық көріп тәрбие қылсын да, қыз баланы кем көріп, тәрбие қылмасын деген шариғат бар ма?» дей келе қазақ тұрмысқа ықтиярымен шығу, білім алу сынды құқығын сөзіне арқау етеді.

   Медресе ашу мен оның негізгі міндеттері хақындағы мақалалар. Алаш қайраткерлері заман талабына лайық, халықты сауаттандыруға көмектесетін, қарапайым халыққа қолжетімді медреселер керек деп санады. Көрші татар, ноғайда мыңдап саналған олардың қазақ жерінде аса көп емесе екеніне, бар болғанның өзінде шынайы ұстаз бен екіжүзді молдасымақтарды ажырата алмаушылық, баланы медресеге біл деп беретін көкірегі ояу ата-ананың көп болуы керек екендігін тілге тиек етеді.  «Жаман тағылымымызды тастасақ, біріміздің айтқанымыздан біріміз шықсақ, орынсыз жерге құтымызды сарп қылмасақ, халық пайдасын ойлап, ортаға мешіт медресе салдырып, балаларды ұсыл тағылым жөнімен оқыттырсақ, кітаптар, газеттер, журналдар шығарсақ, мағаріптің бірінші баспалдағын басқан болар едік» деп, «Айқапқа» шыққан «Мұсылмандар тіршілігіне тиісті мәселелер. Қазақ халқына бірер сөз» атты мақаласында Ержан Құлақбайұлы өз арманын білдіреді. [1, 78-б.] Алайда, бәрі де біз ойлағандай оңай емес еді, Патшалы Ресейдің бұған қатысты өз ұстанымы болды. «Бүкіл ұлысқа бір мешіт, бір мектеп қана ашу низамын (ережесін) халық ұнатпады. Осы низам арқылы  қазақтардың көбірек жерінде астыртын мешіт медреселер салынуының әлегінен жұрт пенен хүкімет арасында жанжалдар шыққандығын түсіндірді» дейді, Қаратаев мырза өз сөзінде. [1, 56-б.] Яғни, ол алмағайып заманда медресе ашуға да тыйым салған үкім шығады. Соған қарамастан, мүмкіндік болған жерде оның санын көбейтуге үндегендер аз болмады. Мәселен, «Дала уәлаяты» газетінде жарық көрген «Қазақтың медресе ашқандары» және «Қазақтар өздерінің балаларын қалайша оқытатұғындарының баяны» атты мақалалары да осы тақырыпты арқау етіп: «Егер де медресе салсаңдар, бұл медресе сіздерге көп пайда келтірер. Медреселер адамға білім берер. Қалайша жақсы тұрмақ жайынан, дүние турасынан һәм шаруа турасынан» деп ойын қорытады. [1, 31-б.] Осылайша олар қазақ баласын әрі сауатты, әрі білімді етіп, әрі өзге дінге кіріп кетуден сақтағысы келген еді.

     Қазақ жеріндегі дін тарихына байланысты танымдық мақалалар.Дін тарихына, дәстүрлі дінге байланысты танымдық мақалалар да қазақ руханияты үшін керек еді. Алаш көсемсөз шеберлері бұл кеңістікті де бос қалдырмады. Мәселен, Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газетінде «Оқшау сөз. Хазірет Сұлтан» атты мақаласын жариялап, Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің тарихына тоқталса, Мұхаметжан Тынышбайұлы қазақтың тарихынан, соның ішінде ғасырлар бойы ұстанған  діни де танымынан да хабар берер очерктер циклін жариялаған. Ал «Оқыту хақында Шариғат не айтады?» мақалада А.Жүсіпұлы дінді түсіндіре отырып, «Дүние, ақирет істеріміз ғылым, білімге барып тірелгендігін білімді болуға, надан қалмасқа бұйырған», деп ғылым-білімге шақырады. [1, 79-б.]

    Ұлттық діни еркіндік мәселесі.Жоғары аталған дінге, ділге қатысты тақырыптардың барлығы түптеп келгенде  қазақтың діни еркіндігі мәселесінен туындап жатқаны анық. Сенім еркіндігі болмайынша, құлдық сананың бекуіне себеп көбейе беретінін Алаш зиялылары тереңнен түсінді. Діни еркіндікті шектеу, ата-баба дінінен аластату күн тәртібіндегі өзекті проблемалардың біріне айналды. «Қазақтар үкіметке неғұрлым тура, неғұрлым  достана болса да, хүкімет оларға соғұрлым нашар істер қылады... 1905 жылға дейін қазақ балаларын орта, һәм жоғары мектептерге кіруге қызықтыратын еді. Осы жолмен олардың ұлттық тұрмыстарын сөндіруге,  һәм ептеп ептеп өзге дінге салу жағын қарастырды. Енді қазіргі кезде одан да нашарлады, бір жағынан, оларға өз діндерімен тұруға ерік бермеді, екінші жағынан олардың хүкімет мектептерінде  ғылым-білім, өнер алуларына жол ашық емес...» делінеді «Айқапта» жарияланған «Кеңес жиылысы» атты мақалада. Ал Досан Аманшин болса: «...Россияның ішінде жиырма миллион мұсылманға сезіктену басталды» деп күйініп, діни еркіндіктің шектеліп жатқанына қынжылыс білдіріп, бұл ойын былайша негіздейді: «Степное положениенің 136-статьясында қазақ жүрген жерде бөтен  патшаның адамы, һәм христиан дінінде болмаған адам жер сатып алмасын деген» деп, өз елі мен өз жерінде діни алалаушылықтың ең сорақы түрін көріп отырған қазақтың жайын баяндай келіп, келесі қауіпті баяндайды: «18 июньде төртінші Думада закон болып шықты. Самарқанд облысында қазына су шығарып, арық тартқан, бұрын  шөл, енді егін егіп,  мақта салатын  жақсы жер христиан дініндегі адамға ғана берілсін деп». [1, 63-б.]  Көріп отырғанымыздай, қазақты дінінен айыру үшін тіршілігіне қажет қарапайым дүниелердің өзіне шектеу қойып тастаған кездер болған.

    Діни фанатизм мен формализмге бой ұруды сынау.«Шынында да бұрынғылар дінді сыртқы формаға қарап өлшегендіктен, орысша оқығандарға салқын қарайтын еді». Бұл «Айқап» журналына шыққан  «Үлкен кісілерімізде кішкене мінез» атты мақаладан үзінді. Қазіргі формалистер сияқты, сырт киімге қарап, оның имандылық дәрежесін өлшеп-пішетіндер ол заманда да табылған екен. [1, 85-б.]  «Қазақ қарындастарыма» атты мақалада Файсәлірахман Жиһандаров шариғатпен харам деп отырмай, газет-журнал оқып,  қоғам өміріне араласуға шақырады: «Бұл заманда халықтың ғылым, өнер дәрежесі, һәм кітаптардың көптігі-аздығымен байқалады. Бағызы бір молдалар газет-журнал шариғатта жоқ, оны оқуға болмайды деп атайды.  Бұлар бұрын газет көрмегендіктен, оны не екенін біле алмай қапаланып айтады. Болмаса газет шариғат қосуы бойынша  пайдалы саналады» деп жастардың санасына саңылау түсіргісі келеді. [1, 76-б.] Байқасақ, бүгінгі кейбір әсіредіншілдер де теледидар көруді харам деп, тіпті далаға лақтырып  тастап жүргендерге де, бүгінгінің адасқан «молдалары» оны харам, шариғатта жоқ деп ұғындырғанынан екені айдан анық дүние.

    Байқап қарасақ, бір ғана дін тақырыбына қатысты ондаған мәселелер қазақ жұртшылығын алаңдатқан екен. Ал енді Алаш көсемсөз шеберлері осы  діни мәселелерді қалай шешпек болды деген сұрақтың жауабына келсек. Мерзімді баспасөзде жарық көрген мақалаларға жүгінсек, Алашорда үкіметі мен ұлт лидерлері бұл мәселеде қол қусырып, қарап қалмаған, түйіткілдерді бірнеше жол арқылы шешпекші болған. Мәселені шешу барысы зайырлылық пен демократиялық принциптерге арқа сүйеп, ұлттың ауызбірлігіне үміттене отырып, бірнеше тарапта қатар жүрген.

Олардың жеке өмірлеріндегі белгілі оқиғаларға да мұсылмандық ұстаным тікелей арқау болды. Алаш зиялыларының ғұмыры, ғылыми, саяси істері мен көркем туындылары осыны арқылы дәлелденіп тұр. Қазіргі тәуелсіз кездегі ғылым, алаш ғалымдарының еңбектеріндегі қазақ елінің мүддесін, ұлттың тілі, діні, ділін қорғайтын текті ойларды өзіне керек етуде.

Ж.Аймауытұлы 1931 жылы, С.Сәдуақас 1933 жылы ең біріншілер болып ату жазасасына кесілсе, айдауда жүрген «Оян, қазақ!» авторы М.Дулатұлы 50-ге бір ай қалғанда Ақтеңіздегі Сосновецк мекенінде науқастан қайтыс болды. Алайда олар осыншама қысқа өмірінде бізге үлгі боларлық шаһидтік істердің басынан табылды. Заманның өздерінің істеріне қауіпті екенін білген алаш зиялылары өз ұлтына адал қызмет атқарып, қазақ мемлекеттігінің өз алдына тәуелсіз болып қалыптасуын аңсап өтті. Қазақтың тілін, дінін, ділін қорғауды олар басты ғылыми мақсат, мұрат, мүдде етіп алға қойды.

Алаш зиялылары басқалар сияқты кеңестік заманға ыңғайланбады. Әлихан Бөкейханнан басқасы Алаш партиясының шешімімен кеңес үкіметіне қызмет етуден бас тартпады, алайда осы істі ұлттық мұратты, оның ғылымы мен білімін қорғауға пайдаланды. Тар жол тайғақ заманда олар қазақтың             ата-бабадан қалған дінін, ұлт тарихын жазып, ана тілін, ғылымын қалыптастырып, жаңғыртып берді. Сол себепті, Алаш тұлғаларын Отаны үшін құрбандыққа саналы түрде барған шаһидтер деп санауымыз керек.

Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы басқа ұлт өкілдерімен некелескендіктері заман талабы еді. Ұлтшыл деп кінә тағылған қоғам қайраткерлері бұл іске баруға мәжбүр болған. Ахмет Байтұрсынұлы өзі мешітте мұсылмандыққа арнайы оқытып алған Құдай алдында некелескен Бадрисафа Байтұрсын келіні кеңес кезінде де өмір бойы намазын оқып, мұсылманша ормал тағып, ұзын көйлек киініп жүргені белгілі. Ахмет Байтұрсынұлының жары Бадрисафаның шын есімі – Александра. ҚазКСР Жоғарғы Сотының 25.06.1990 жылғы 12.118 нөмірлі «Ақтау туралы анықтамасына» сүйенсек,             Б. Бадрисафа 1878 жылы Орал өңірінде дүниеге келген. Бадрисафа есіміне онымен некеге отырғанда Ахмет Байтұрсынұлының жарына мұсылманша атау таңдап алуы себеп болған.

Ілияс Байтұрсынұлының «Алтын бесік» (Қостанай, 1998) тақырыбындаға туындысында Бадрисафаны Ахметтің туыстары «ақ келін» деп атағанын еске түсіріп, бұл атауға оның алтын мінезі толық сәйкес келгеніне тоқтала келіп: «бадрун» арабшадан аударғанда «толған ай», ал «сафа» «кіршіксіз таза» деген мағына екен [2]. «Жеңгемнің арқасында бойыма күн санап әл бітіп, бірте-бірте адам қатарына қосылып, құлантаза жазылып алдым. Аллаға мың да бір алғысымды айтып жүрдім-ау... Бадрисафа көрікті еді. Мейірімді еді. Мұсылманша киініп жүретін. Намаз оқитын. Жұмсақ, майда сөйлейтін. Ахаңды «төрем» деуші еді». Торғайлықтардың айтуы бойынша: «Ахмет 1895 жылы Орынбордағы оқуын бітірген соң, ауылдың болыстық мектептерінде оқытушы қызметін атқарған. Бұл тұста Ахмет Байтұрсынұлы асыл жары Александрамен мәңгіге сөз байласса керек. Аманқарағай қорықшысының қызы Александра Ивановна онымен қол ұстасып Қостанайға келіп, Троицкіге барып, мешітте ақ некелерін қиғызған. Ахаң Александраның есімін өзгертіп: «Бұл татар қызы еді», – деп, татарша киіндіріп, Бадрисафа Мұхаммедсадыққызы Байтұрсын келіні деп жаздырған. Ахмет Байтұрсынұлының қалауымен Александра Бадрисафа атанып, мұсылман дінін қабылдаған. Зейнолла имамның қарауында жұбайын екі айға қалдырып, мұсылманшылықтың бүкіл шариғатын, қазақтың әдет-ғұрпын, салтын үйреткізіп, Бадрисафа намазға жығылған. Содан соң өле-өлгенше осы мұсылмандық қалпында қалыпты».

Әлихан Бөкейханның жары Елена Яковлевна Севостьянова өмір бойы Бөкейхан болып өткен. Еврей ұлтының қызы қолынан келгенше Әлекеңнің басына түскен қиыншылықтарды бөлісіп, жан жары бола білгендігіне дәлел қызы Елизаветаны әкесінің ісін қорғауға үйретіп тәрбиелеуі болып саналады. Елизавета Әлиханқызы – Смағұл Сәдуақасұлының асыл жары болды. Елизавета Әлиханқызы да ұлы Ескендір Смағұлұлын әкесінің алашшыл ісін жалғастырушы етіп тәрбиелегендігін оның он алтыға толмай 1941 жылы соғысқа жасын өсіріп көрсетіп аттанып, сонда қаза болғандығынан аңғарамыз. «Совет үкіметіне қарсы болған жаудың ұрпағы» деген атақтан құтылудың бұл сол кездегі жалғыз жолы болған еді. Бұл да шаһидтік іс деп білеміз.

Әлихан Бөкейханның: «Абай Құнанбаев», «Қара Қыпшақ Қобыланды», «Женшина по киргизской былине Кобыланды», «Роман деген не?», «Батыр Бекет», «Мырза Едіге», «Роман бәйгесі», «Қозы Көрпеш-Баян», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Ән өлең және оның құралы», «Аңқау елге – арамза молда», «Ер Тарғын» тақырыптарында зерттеулерінің негізінде ғалымның мұсылмандық көзқарастарының іске асуы айқын аңғарылып отыр.

Ғалым Әлихан Бөкейхан «Батыр Бекет» атты зерттеуінде қазақ әйелдерінің өз отбасын, асыл жарын қорғаудағы істерін Ресейдегі декабристердің әйелдерінің ісімен салыстырып, қазақ қыздары о баста, атам заманнан осындай екендерін айғақтайды. «Батыр Бекет» зерттеуінде: «Бекет батырдың қатыны артынан айдалған батырды қуып барып, қашуға көмек қылып, батыр қашып елге қайтыпты. Орыс жұртында айдалған байына ерген қатын көп болады. Біздің әйеліміз жақсы деп, орыс жұрты мақтан қылады. Екі декабристің ханымдары – кнегиня Волконская Һәм кнегиня Трубецкаяға орыстың ақыны Некрасов шығарған өлең бар: «Русские женщины» деп аталады. Олар «каторжная работаға» айдалған ерлерін қуып барған. Бекеттің жырына қарағанда өзіміздің қазақ әйелі де мақтануға жарайтын: «Қабыл болып тілегі, Шернияздың түндігін Найзаменен ашады, Қанын судай шашады. Арадан күндер өткенде, Мұратқа сөйтіп жеткенде, Жасаған ием жар болып, Шернияздың ниеті Өз қанымен тынады» [3].

«Аңқау елге – арамза молда» атты мақаласында Нұржан баласының қазақ: «қазынаға алым-шығын тартқаннан емес», «қазақ кедей ас беремін деп», «қазақ асты қойған күні байып кетеді» деген сөздеріне Әлихан қарсы пікір білдірген. «Һәр халықтың, һәр түрлі өз рәсімі бар, мұсылман қазақ халқы қол қусырып, я құшақтасып амандасады. Ресей халқы бөркін алып қол ұстасып амандасады. Бұл екі түрлі рәсімнің тұқымы бір. Осы секілді қазақ халқының асы дүниядағы халқының бәрінде бар». Астың берілу себебі осы тұста айтылған. Заманның ата-бабамыздың дәстүріненен қол үзу себебін Алаш тұлғасы былай деп айғақтаған: «Осы күнде қазақ ата деп намысқа шаппайды, пайдасына шабады. Туысқан екен деп бір қостас болмайды, шаруа деп болады. Бұл себептен бұрынғыға қарағанда ас та қойылып барады. Қарқаралы оязында соңғы он жыл ішінде бір-ақ үлкен ас болды: Ағыбай батырдың. Бұл аста Қуандықпыз деп Қараөткел қазағы төбелес қылды».

Мәскеуде он жыл үй қамауында болған Әлихан Бөкейханның қолында құнды кітаптар болғаны белгілі. Олар қазақ халқының тарихи шежірелері, әдеби, діни кітаптар еді. Өзі де алаштармен бірге қуғын көрген Жайық Бектұровтың Әлімхан Ермековтің айтулары бойынша Архангельскіде айдауда жүрген Ахмет Байтұрсынұлы Әлиханға құнды қолжазбасын жіберген дейді. Бұл жайлы былай делінген: «Ахмет Архангельскіде айдауда жүреді, ешкім ешқандай жұмысқа алмайды. Өмір сүруі қиынға соғады. Жас кезінде училищеде оқығанда әртүрлі қол өнерін үйренген екен, содан қасық, ойыншық, ожау жасап, базар маңында басына күрке тігіп жатып, өлер-өлмес күн көреді. Ахаң осы бір ауыр жағдайын айтып, Мәскеуде тұратын Әлиханға хат жазады. Аяулы Әлихан Бөкейхан Нұрмахаммедұлы қызыл крест қоғамына барады. М. Горькийдің жұбайы М. Андрееваға арыз айтады. Осылайша, Архангельскіге жетпіс доллар жіберіп, Ахаңа көмектеседі. Ақыры соңында оны айдаудан босаттырып алады. Ахаң әуелде атылуға кесілсе де, он жылға айыпталып, мерзімінен бұрын елге қайтып оралады. Ол қайтып келгенде Әлиханға бір қолжазбасын береді: «Бұл менің айдауда жүрген кезде жазған күнделіктерім. Демек, бұрынғы еңбектерімнен құнды болуы керек, осының бір данасын сіз бірдеңе етіп бір жерге сақтаңыз. Бір данасын әйелімнің көрпесінің астарына тіктіріп қойдым» – деп айтыпты.             Ә. Ермеков көрпені «Стеганные одеяла» деп орысша атаған. Мен мұны өзімше «қабымалы көрпе» деп қазақшалап алдым. Әлімхан Әбеуұлы әңгімесін одан ары жалғастырып: «Көрпенің астарына тіккен қолжазба жоғалды ғой, сол көрпе түгілі, Ахаңның қазақ болып кеткен орыс әйелінің де ұшты-күйлі жоқ болғаны белгісіз. Ал анау Әлихан ағасына табыс еткен қолжазбасын мұқият іздесеңіздер табасыздар. Ахметтің аманатын белгілі шығыстанушы ғалым, академик, ірі ғалым Сергей Федерович Ольденбургке (1863-1934) табыс етті. Ол түркі тілдес елдердің әдебиетін, тарихын, мифологиясын жетік білген екен. Көптеген уақыт бойы Ресей және Кеңес Одағы Ғылым академиясын басқарған ірі оқымысты. Ондай кісінің архиві жоғалмайды, мұқият сақталады» [4], – деген Ж. Бектұров. Демек, Ахаң өзінің бұл қолжазбасын Әлиханға Архангельскіден елге қайтпай тұрғанда жеткізсе керек. Біздің қазіргі тарихшыларымыз, әдебиетшілеріміз іздестірсе, Ахметтің бүгінгі ұрпақ білмейтін бір еңбегін тауып та қалар еді деген ойдамыз. Осыны жазушыларымызға, ғалымдарымызға сүйінші сұрағандай әдейі құлаққағыс етіп отырмыз» – деген өзі де кезінде қуғын-сүргін көрген Ж. Бектұров.

».

Әлиханның аудармаларына да мұсылмандық ұстаным арқау болған. Оның дінге көзқарасы Лев Толстойдың «Сурат кафеханасы (Дін таласы)», «Пайғамбарға хат», «Ескі қырым сөзінен», «Азамат Юсуф», «Қара қаным», «Герейдің ажалы» тағы басқа аудармаларынан анық аңғарылады. Әлихан Бөкейханның ғибратты, мазмұны қауымға руханилығымен қажетті мәтіндерді таңдап алуы да тегін емес болды. «Бауырым Дінше!» (Дінше Әбілұлына 23.07. 1923) деген хатында ол былай деген: «Хатыңды алдым. Қуанып қалдым. «Шолпанға», «Темірқазыққа» неге мақала жазбайсың? Сендей білімі бар жазбаса, кім жазады? Не балаларға сабақ беріп, не журналға, газетке мақала жазып Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бізге бөгеулі ғой! Ғалихан». Алаш ғалымының замандастарына және өзіне таңдап алуға мәжбүр болған азаматтық ұстанымы болды. Яғни, білімін мұсылман Алаш ғалымдарының ғылыми мұрасын олар аңсаған Тәуелсіздік кезде пайдалана білу қажет.

 «Хақиқат нұрдың жарығын көрген» ақын, әрине, бар дінді бір жерге жидемейді, хақ жолымен анығын тауып, танығын тастап, сау ақылыңмен («Сау ақыл – менің иманым» сарапта, байыпта дейді. Қайраткер Әлихан осы ойды жаңаша қырынан дамытып: «Бостандық, теңдік, туысқандық –                     XVIII ғасырдан бері жарыққа шыққан таза тұжырым. Бұны майданға салған – Франция жұртының саяси ерлері. Осы үш түрдің бәрі біздің Шариғаттан (Құран), Інжілден, Будда оқуынан, Л. Толстой философиясынан табылады, көзі ашық талапты ер ізденсе», – деп жазған.

«Дін таласы» әңгімесінің мақсаты – діни таласқа нүкте қою, адамдарды бір-бірін сыйлауға жұмылдыру болып табылады. Туындыға Үнді жеріндегі Сурат қаласында, кісі келім-кетімі көп кофеханада өткен елеусіздеу ғана оқиға өзек болды. Барлығы да жүйесіз оқудан миы шатасқан, парсы оқымыстысының қызметшісінің (құл, мәжуси) «Құдай бар ма?» деген сұрағынан өрбиді. Құл «құдай» деп мойнындағы ағашты көрсеткенде, әңгіме таласқа, мұны, жарымес санаған брахман, иһүди, католик, протестант, мұсылман-түрік араласады. Барлығы да «менің дінім мықты» деп, бой бермейді. Бір қортындыға келмей улап-шуласады. Таласқа тек «конфуций мәзһабындағы бір қытай» ғана араласпаған. Даурыққан топ енді «жөнін сен айт!» деп соған жүгінеді. Қытай былай дейді: «Менің байқауымша, адамдарды дін турасында бір ынтымаққа келтірмейтін – жалғыз-ақ намыс». Сөйтіп келіп, оқиғамен сабақтастыра ғибрат айтады. Кейіпкер бүй дейді: «Күллі дүнияға симайтын ұлық тәңіріні һәр жұрт өзінің ғибадатханасына қамағысы келеді. Оған адам салған ғибадатханалар қандай болғанымен жетеді ме? Ғибадатханалардың үлгісін адамдар құдай жасаған дүниядан алмай қайдан алды? …Бірақ көктей салынған күмбез бар ма? Теңіздей су сауыты бар ма? Тәңірінің ізгілігін ыспаттайтын құдай өзі дүнияға шашқан нығыметіне жететін мадақ сөз бар ма? Адамның жүрегіне жазып қойған құдайдың өз кітабындай шариғат кітабы бар ма? Жақын үшін жанын пида ететін ерлікке жететін құрбандық бар ма? Құрбандық қабыл болуына ізгі адамның шын ықылас-көңілінен артық орын бар ма? Неғұрлым құдайды жоғары деп, биік деп, ұлық деп ұқса, соғұрлым жақсырақ танымақшы. Жақсырақ таныған сайын, құдайға жа­қынырақ болмақшы. Жақын болуының мағынасы: рақметін көріп, рақымды болу, мейірбандығын көріп, мейірімді болу. Біреудің көзі соқыр, біреудің көңілі соқыр. Көзі соқыр жарықты көрмей, күн жоқ дер, немесе, күнге көзі жетпей, көріп отырған шамын күн деп білер; көңілі соқыр – қылықты айырып құдайды танымай, құдай жоқ дер, немесе, қолына ұстап, көзімен көріп отырған ағашын құдай деп білер. Қай соқырлық та болса – кемшілік. Бірақ соқырлығының бейнетін һәркім өзі көреді»… Бернарден де Сен-Пьердің ақыл һәм сезім қазанында қайнап шыққан, Лев Толстой мен Әлихан Бөкейханның пәк жүрегіне құйылған асыл сөз, таза ой – осы.

Әлихан Бөкейхан осы өреде тәржіма соңында: «Басқалар да Толстой көзімен қараса, осы күнгі Балқанда судай ағылып-төгіліп жатқан қанға орын табылмайтын еді», – деген. Оның 1913 жылы жазған мына пікірі жоғарыдағы сөзбен сабақтасып жатыр: «Балқан соғысы… білімсіздіктен емес. Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес – мінезден. …Жақсы мінезге тоқтаған адам аз». Өзгені қор көру, көрсеқызарлық, халықты «адал« боп алдап, аярдың қылығын істеу әлемдік саяси сахнадан күні бүгінге дейін түскен жоқ. Әлиханның алаңдауы, қамығуы қазір де өткір күйінде тұр.

Алаш тұлғалары «Қазақтың» беташар санында «Дін таласын» жарыққа шығару арқылы өздерінің ақиқатқа, тазалыққа, теңдікке адалдығын аңғартты. Бұл газет діні бөлек болса да, ділі таза қаншама адам туралы (мәселен: Потанин, Семенов, Скалозубов, Мечников, Гладич, Обнинский, Жан Жорес, Геловани, Дзюбинский, Риканов, Волков, Виноградов, Шишкин) кісілікті пікір білдірді.

Таза дін мұнарасынан қарасақ, милләт-мәзһабы өзге болғанымен, әлсізге жақтасқанның ісі – имандылық. Дүниенің аса күрделі түйінін шешер жол, Әлихан Бөкейхан айтқандай, біздің діни құндылықтардан да табылады. Діні басқа туыспен қатынас туралы, рухани талас жөнінде әл-Бұхари жинаған «Хадистерде» («Сахих әл-Бұхари») не делінген? Алла Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардан: «Анам тұтқа табынушы еді, енді сол кісімен                     қарым-қатынас жасауым керек пе?» – деп сұрағанда, ол: «Иә, араласуға тиіссің», – деп жауап қайырған. Сонымен қатар, Айша анамыз Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың мына сөзін жеткізген: «Расында Алланың адамдар ішінде ең жек көретіні – таласта мәмілеге келмейтіндер». Әбу Хурайра жеткізген мына ақпарат тіпті құнды: «Мұхаммед (с.ғ.с.) бүй деді: Аллаға, ақырет күніне иман келтіргендер көршісіне зиян тигізбесін; Аллаға, ақырет күніне иман келтіргендер қонағына құрмет көрсетсін; Аллаға, ақырет күніне иман кел­тіргендер жақсы сөз сөйлесін әйтпесе үндемесін!». Осындай рухтағы діннен біреулер өшпенділік, жамандық іздеп әуре… Олар білсе дейміз-ау: хақ пен ақ бір сөз екенін, «хақы» (хұқы) дегеннің де түбірі – хақ екенін деген.

Ал саяси белсенділік күшімен дінге қатысты мәселелерді  Алаш қайраткерлері келесідей жолдармен шешпекші болды деп жүйелей аламыз:

           -  Қазақтың төл мүфтиятын құру (Нәтижесінде Алаш белсендісі Ғұмар Қараш алғашқы қазақ мүфтиі болады);

-Діни құқық туралы кеңестер өткізу;

-Мұсылмандар мүддесін қорғар саяси ұйымдар құру;

-Елдің даму бағытына сай діннің идеологиялық рөлін анықтау.

Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан.(5)


Қорытынды.

Алаш қайраткерлері тек дінді ғана емес басқа да қоғамда орын алып жатқан өзекті мәселелерді қозғады оған дәлел  ұлы тұлғалардың әрбір ісі, ақтық қаны, ел үшін соққан риясыз жүрегі. Сондықтан да халқымыз Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз деп айтады.Алаш тұлғаларының  қазақ халқы үшін жасаған әрбәр ісі үлгі өнеге. Халық қамын ойлаған Ислам дінің сақтаған, білімді дамытқан ұлт зиялылары сол кезеңде ашық түрде қоғамды алаңдатқан, оның дамуына кедергі келтірген сан салалы мәселелерді ел назарына шығарып, көсемсөз күшімен талқылап, қоғамдық сананың оң өзгерістерді басынан өткергенін қалады. Жер, тіл, мәдениет, білім, медицина проблемаларымен қоса, рухани түлеу мен жаңғырудың себепшісі – діни таным мәселесі де өзектілер қатарында екендігін айқындады. Алаш қайраткерлері біздің мақтанышымыз, біздің ұмытылмас тұлғаларымыз болып қалады.

 

 

 

Библиография

 

1. Алаш көсемсөзі: Дін мәселесі. Көптомдық. 3-том. Ғылыми жоба жетекшісі: Сақ Қ.Ө., Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2014 ж.

2. Бектұров Ж. Ақиқаты осы еді.– Алматы: Ғылым, 1995. – 200 б.

3. Бөкейхан Ә. Таңдамалы. Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы. – Алматы, 1995. 327-328-бб.

4. Бектұров Ж. Ақиқаты осы еді. – Алматы: Ғылым, 1995. 12-13-бб.8 Сонда, 12-13-бб.

5. Алаш идеясы және рухани жаңғыру,Білім айнасы газеті

 

Әль-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті.  www.kaznu.kz
Ғылыми жетекші:  Борбасова Қарлығаш Молдағалиқызы философия ғылымдарының докторы, профессор.

«Философия және саясаттану» факультеті,

«Дінтану және мәдениеттану» кафедрасы;

Дінтану мамандығының 1-курс магистранты: Баттал Г.О.



Бөлісу: