Қарама-қайшылықтан қалай құтылуға болады?

Қарама-қайшылықтан қалай құтылуға болады?
жеке
блог

Адам-құн жетпейтін бағалы байлық. Сондықтан да болар қай елдің Ата Заңын алып қарасаңыз да басты әрі негізгі байлығы-адам деп жазылған. Біздің бабаларымыз «адамның күні адаммен» дейді. Қандай кемеңгерлікпен айтылған тұжырым?! Егер адам болмаса дүние-мүлік, жер-су, тау-тас, алтын-күміс, қазба байлық т.б. кімге керек?

Кешегі келмеске кеткен Кеңес заманында «бәрі адамның игілігі үшін» деген қағида болатын. Бұл да орынды сөз еді. Енді осы адам халқы аз Қазақстан үшін өте қажет деп санаймын. Еңселі биік, тұлғасы зор өзге мемлекеттермен иық тіресіп тұруымыз үшін керек. Асты да, үсті де байлыққа тұнып тұрған байтақ жерімізді, оны мекендеген бейбіт елімізді қорғау үшін керек. Көз алартушыларға бойымызды тіктеп, ойымызды жіктеп айта алуымыз үшін керек. Енді осы керек нәрсені жүзеге асыруымыз үшін не керек? Адам басын, халық санын қалай көбейтеміз? Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың республика тұрғындарының санын 20 миллионға жеткізу міндетін алға қойғанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Бұл орындалатын меже ме, әлде алынбас асу ма?

Әрине, адам санын көбейту үшін оның үкімін арттырып, өсімін ақтау керек. Яғни тууды дамытқанымыз абзал. Қазақ ұлтының үрім-бұтағының өсіп-өнуі, сандық және сапалық өркендеудің ахуалын жақсартуымыз керек. Әзірге бұл мәселе бізде мәз болмай отыр. Статистикаға сүйенсек, еліміздегі әрбір үшінші жүкті әйел жасанды түсік жасатады екен. Оның басты себептерінің бірі қыз-келіншектердің некесіз құрсақ көтеруі болып тұр екен. Бұл мәселе барша халыққа ортақ проблемаға айналды. Жоспарланбаған жүктілік жалпы қоғамға әсер етуімен қатар, көп жағдайда сондай іске барған әйелдің психологиялық, әлеуметтік, қаржылық жағдайына кері әсер етеді. Кәмелетке толмастан ана болған әйел білім алу, қызмет ету жоспарларынан айырылады, тіпті өмір сүру деңгейі де төмендейді. Ал жасанды түсік әйелдің физикалық және психикалық денсаулығына орны толмас зиян келтіретінін дәрігерлер де айтып жатыр.

Қазақтың көрнекті демографы, қоғам қайраткері, профессор Мақаш Тәтімов «Қазақтың қырық қарама-қайшылығы» деген еңбегінде(демографиялық кітабының бір тарауы осылай аталған) мұны нағыз қарама-қайшылық деп орынды атаған.

Олай болса, қарама-қайшылықтан құтылу үшін не істеу керек? Әлбетте, күресу керек. Бұл жолда қарулы күрес емес, ұлттық дәстүр-ғұрыппен, ар-ожданмен, намыспен жарақтанған азулы күрсе қажет!

 

Шұғыла БЕЙБІТҚЫЗЫ