Журналисттің даралық қасиеті

Журналисттің даралық қасиеті
жеке
блог

Бүгінгі тaң әппaқ болып, өзгешелеу aтты. Неткен сұлу неткен ғaжaп тaң еді бұл?! Сүт теңізіндей aқ сәуле тaу бaсындa бір сәт толқып тұрды дa, лықсып төгіліп кетті. Торғын шымылдықтaй тaңғы мұнaр лезде aйығып, aйнaлa aп-aйқын көрінді. Күн aрқaн бойы көтерілген. Сонaу шырқaу биікте, aқ шaрбы бұлттaрдың aрaсындa, aспaнды күңгір-күңгір үнге толтырып, түйелі көштей тізбектелген құстар ұшып барады. Әлдеқaндaй бір сиқырлы күш қолтығымнaн демеп, құстaй ұшырып отырған сықылды. Бейне бұрaуым тaусылғaн ойыншықтaй буын-буыным босaп, өне бойым сaлдырап бос қaлдым. Шұғыланың көз шарасына, көкжиекпен астасқан шетсіз-шексіз сан тараулы ойлар бірінен-бірі келіп жатыр.Жаным мен тәнім қалаған бір ғана тілек бар. Ол-ойларымды жинақтап, шабытымды одан әрмен аша түсу...Осындай қарқыныммен, қиялға сапар шеккен ойларым мен өз мамандығым жайлы біраз нәрсе ақтарайын...

Журналист-тікелей өзім үшін, жансызға жан, ойсызға түйсік бітіретін жан. Журналист қоғамдық сананың қалыптасуына, тылсым ұйқыдағы ойдың оянуына, ұлттық сана сезімнің жаңғыруына, яғни өмірдегі өзекті мәселерді қозғайды. Ойын сан тараулы шартарапқа жүгіртіп, сана көзін жан-жаққа салатын беймаза жан. Ізденіс үстіндегі жанға нәтиже мол білім, тынымсыз еңбек, өз ісіне деген сүйіспеншілікпен келеді. Яғни, журналист ең бірінші ізденімпаз жан-жақты болуы керек деп ойлаймын. Өйткені, өмір дегеніміз үнемі өзгеріс үстінде, дамуда жаңаруда. Бұл мамандықты таңдаудағы менің басты мақсатым: ой еркіндігі мен сөз бостандығына қол жеткізіп,бүгінгідей мәңгүрттік дерті саналарды улап жатқан қоғамда,бұқара жүрегіне жылу сыйлап, журналистиканың жілігін шағып, майын ішетін нағыз «төртінші билік» иесі, білікті де білімді маман атану. Сонымен қоса қазақ журналистикасының әлемдік деңгейге көтеріліп, өзгелермен «терезесі тең дәрежеге» жетуіне тамшыдай болса да өз үлесімді қосу.

Ендігі кезекте,Әл-Фараби атындағы, қасиетті де киелі қара шаңырақта, Райымбектей бабамның, Мұқағалидай мұзбалағымның, Абайдай биік  тұлғалардың рухы қолдап, болашаққа деген сенімімді арттырып, білікті маман атанып өзімнің дара жолымды салуды көздеймін. «Надан жұрттың күні қараң, келешегі тұман»,-деп М.Дулатов атамыз айтқандай, құрғақ сусыз таса көлеңкеге дән ексең өнбейтіні сияқты жас ұрпақты тәрбиелеп, дара жол нұсқамаса өспейді, өнбейді. Журналистика саласы тікелей өзім үшін, көктегі сұңқардай, көлдегі аққудай, аяулы әр тұлғаның сырласарға мұңдасарға жан таба алмай сенделген сәтте көкірек сезімі тулап өршелене түскенде білім іздеп, көкке шарықтатар ұлы жеңіс бастауы. Білім атаулының болашаққа қарай талпынып, қанатын кеңге жайып, жаңаруының құдыреті неткен керемет десеңізші?! Тау шыңдарында бейне бір қалықтаған ән, қажыған зар емес аңсарын таппай көнгісі келмейтіндей, бұл бір, адамның ойының тұңғиық әлемі. Қазіргі алмағайып заманда, кекілі күнге тимей, табаны жерге тимей тас еденде ойнап өсіп келе жатқан ұрпақтың сөзі де, ойы да жұтаң...

Әр адам – қайталанбас құбылыс. Сол қайталанбастың қайталанбасы – талант, данышпан, кемеңгер, кемел. Ұлы Абай айтқан, толысқан адам – сол. Иманжүсіп Құтпанұлының әніндегі: «Қазақта жүз мың қатын ұл тапса да тумайды енді қайтып Иманжүсіп», - деген жолдар әр адамның даралығын көрсетсе керек. Әдетте газет, журнал нөмірлерінің, телерадиобағдарламалардың дүниеге келуі үшін талай‑талай дайындық шаралары жүргізіледі. Ең алдымен БАҚ‑ның концепциясын түзеп алу керек, одан кейін техникалық база жасап алған жөн. Одан әрі ақпараттық қызметтермен және тарату қызметтерімен тығыз байланыс орнатылады, редакция ұжымы жасақталады, оның жұмысы жолға қойылады,  тиімді жұмыс істеу кестесі жасалады. Редакцияның апталық, айлық және тоқсандық, жылдық перспективалық жұмыс жоспары жасалады. Айдарлар жүйесі анықталады, түрлі‑түрлі науқандар жүргізу бағыты белгіленеді,  қызметкерлер ақпарат жинауға, оны сұрыптауға,  белгілі бір концепция аясында жұмыс істеуге дағдыланады. Қызметкерлер мәтіндерді редакциялауды, оны «байытуды» үйренеді. Тәжірибе жинақтайды. Журналистика қызметінің күнделікті, дағдылы қызметі арқасында адам «технологиялық» жұмысқа үйренеді.

Мен әрқашан журналистің білімді, еңбекқор, дарынды болғанын қалаймын. Журналист қызметінің технологиялық жақтарын, қызметінің әдіс‑тәсілдерін жақсы білу  жұмыс істеу мәдениетін арттырады. Қоғамдық мәселелерді күн тәртібіне қою, ақпараттар ағымын реттеу, өзекті тақырыптарды сұрыптау, әлеуметтік қатынастарды саралау жағынан баспасөз құралдарына бәсекелес бола алатын тетік пен механизм жоқ десе де болады. Ол саналы жанның түйсігіне, ақыл-ойына әсер етеді, ассоциациялық образдар туғызуы әбден мүмкін. Адам-Жаратушының, тылсым табиғаттың инновациялық жобасы десек, журналистика адам баласының болмыс-бітіміне сай келетін қоғамдық дамудың жобасы. Тосын құбылысқа кім құмар? Әрине, жас ұрпақ. Жастар,әсіресе бойында жүрегінде шығармашылық оты бар жастар журналистикаға, журналистік кәсіпке, өздерінің шығармашылық әлеуетін, потенциалын жүзеге асыру үшін де, келетіндер саны жиілеп барады. Менің ойымша, журналистиканың дәл осы шығармашылық қыры-басты айырмашылығы. Шығармашылық бастау қазір түрлі-түрлі ақпарат құралдарында еңбек етіп жүргендердің көпшілігіне тән деп айтар едім. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын... Жас кезде амбицияны, кеудемсоқтықты талантқа балайтындар да жоқ емес, бар. Жайсаңбек Молдағалиевтің бір шығармасында санасы жетілмеген балаңдау студент жанындағы жолдасына: «Менің қасымда сен де ақынмын деп жүрсің-ау»,-деп өктемси тіл қатады. Расында, студенттік шақ жетілу, толысу жылдары.

     Данышпан Абай : «Ақыл, ғылым – бұлар – кәсиби. Көзбен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады. Ол хабарлардың ұнамдысы ұнамды, ұнамсызы ұнамсыз қалпыменен, әрнешек өз суретімен көңілге түседі». – дейді. Одан кейін: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдық орны болмайды», - деп материалдық және бейматериалдық жаратылысты зерттеуге, түсінуге, білуге үндейді. Ол кеңістіктің ішінде, әрине, қоғамдық қарым-қатынастар, журналистика мен билік келісім-шартын да қоса аламыз.

Қазақтың шебер журналисі Әзілхан Нұршайықовтың ұлтымыздың біртуар батыры Бауыржан Момышұлымен сұхбаттасқанда қолданған бұл тәсілі үлгі боларлық өнеге және біреудің сөзін тыңдай білу де адам бойына табиғатпен берілетін тамаша қабілет екенін танытатын тамаша үлгі. Бұл жерден адам үшін сөйлей білу өнерімен қатар, тыңдай білу өнерін меңгеру, қарсы отырған адамды мұқият әрі шынайы ниетпен тыңдай білуге машықтану қажеттігін тануға болады.

Мен болашақта, журналистика саласының тізгінін ұстап, мектептерге яғни оқу бағдарламасына «Журналистік сөйлеу мәдениет» атты дәрісті ұсынғым келеді. Өйткені, жас жеткішектердің жастайынан сөз саптаулары мен тілдік қорлары көңілге қонымды болса деп есептеймін. «Ата алмасам маған-серт, атылмасаң саған-серт»,-деп аңшының мылтығымен серттескеніндей, Қазақ журналистика қара шаңырағының табалдырығын аттамас бұрын, мен бар ойымды жинақтап, саралап, сараптай отырып, ой елегінен өткізе отырып толықтай бір шешімге келдім. Бұл киелі кәсіпті басы бүтін таңдап, біржолата және түбегейлі еліме өзімнің сүбелі үлесімді қосамын деген оймен шешім қабылдадым. Ал, «нар тәуекел» деп басынан сөз асырмаған бабалар жолын таңдап, босағадан аттап, демек, ұлттық журналистиканың қамын күйттейтін, шындық үшін шырқырайтын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, ақпарат үшін ішкен асын жерге қоятын, алған бетінен қайтпайтын, шындықтан басқаны айтпайтын, радио мен телевизияның эфиріндегі қайтпас қарагер, басылымдар мен әлеуметтік желі ақпарат көздеріндегі мәселені тарқатса түйінін шешіп айтатын, керек жерін дөп басып кесіп айтатын көсем, шешен журналист болатыныма нық сенімдімін!!!