Адамның алдымен адам сипаты болуға тиіс Ақпарат дереккөзі: https

Адамның алдымен адам сипаты болуға тиіс  Ақпарат дереккөзі: https
жеке
блог

Жазбамды бастамас бұрын, ойыма еріксіз «терең сезім иесі, ғұлама ғалым» Міржақып Дулатов атамыздың оралымды сөзі санамды лезде билеп әкетті. «Надан жұрттың күні қараң, келешегі тұман» Иә, Адамның адамгершiлiгi -оның жоғары қасиетi, былайша айтсақ, кiсiлiгi. Бұл қасиет адамды мейірімділікке, Отанын, елін, отбасын сүюге үйретеді.

Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз -өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқарады. Халқымыз «баланы ойын өсіреді»деген сөзі тегін айтылмаса керек. Бала ойнап жүріп, ойланады, жүйкесі тынығады, ойы сергиді, денесі шымырланады. Өздерінің құрбы - құрдастарымен жақсы араласуды үйренеді. Сан алуан ойындар баланың дене тәрбиесін дамытып, жас жеткіншектің бойына адамгершілік, сүйіспеншілік, кішіге көмек, үлкенге құрмет көрсете білуге, қиыншылықтан қорықпауға, мақсатқа жетуде төзімділікті ұлғайтуға тәрбиелеуде ерекше мәні бар. Ең бастысы, ойын баланы жан - жақты, тез ойланып шешім қабылдауға, ойын шыншыл ойнауға кешірімді, жанашырлыққа тәрбиелейтіні анық. Адамгершілік тәрбиенің, адам бойында осы жақсы қасиеттердің болуы, жанұяға, өскен ортасына байланысты деп ойлаймын. Бала ісінің дұрыс екенін қоштап, оң бағыт беріп, теріс жерін дереу жөндеп, демеп жіберу ата - ана мен тәрбиешіге жүктелер міндет. “Адам бойында жақсы қасиеттер көп болса, оған бақ та, бақытта қонады” деген сөзге сүйенсек, жағымсыз қылық - қасиеттер болса одан арылту қажет. Көптеген қайырымды істер жасап, жақсы мінез - құлықтарды өн бойыңа жинап, ақылдылық танытсаң, міне адамшылдық болғаны.

Адамгершілік – ізгілікке бастар тура жол. Осы жолды келешек ұрпақ алдына мұраға қалдыру – қазіргі буын өкілдері, яғни, біздің басты міндетіміз. Бұл үрдіс ғасырдан-ғасырға жалғаса береді. Адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген жанның рухани байлығы жоғары дәрежеде болмақ. Бұл асыл қасиеттерге қарапайымдылық, сабырлылық, имандылық, мейірбандылық, т.б. ұғымдар жатады. Жан дүниенің саулығы – тән саулығы. Ішкі ой-санамызды қалыпқа келтірмей, сыртқы дүниемізді де түзей алмаймыз. Қазіргі қоғамның өзекті мәселелеріне осы рухани мәдениеттің, адамгершіліктің екінші рөлге ығысуын жатқызамыз. Бірінші сатыны не иемденді десек, ол материалдық құндылықтар. Турасында, адамгершілік құндылықтардан асып түсуге қазба-байлықтың да, мал-мүліктің де, жиған-терген дүниенің де еш хақы жоқ. Бұған дәлел ретінде Міржақып Дулатұлының «Адамның алдымен адам сипаты болуға тиіс» деген керемет сөзін мысалға келтірсек жеткілікті деп ойлаймын.

Ал, қоғамымыздың негізгі бөлігін құраушы – жастар. Егемен еліміздің елеулі еңбектеріне басты атсалысушылар да осы жастар. Ендеше, жастардың адамгершілік тұрғысынан даму көрсеткішін саралап, осы бағыттың дамуына қарқынды еңбек ету – барлығымызға жүктелген міндет. Әр пенденің болмысында жастайынан отансүйгіштік, әдептілік, бауырмалдық, қайырымдылық нышандары қалыптасуы тиіс. Сонда ғана ел намысын қорғар ерен ерлеріміз көп болмақ.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, адам болып өмірге келгеннен кейін, адамгершілік танытып, білім алып, жақсылық атаулыны бойға жиып, жаныңдағыларға шуақ нұрын себумен өмірден өту – барша адамзат баласының парызы.