Білім беру саласындағы синергетика

Білім беру саласындағы синергетика
жеке
блог

 

Данат Жанатаев,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры;

Жібек Зинелова,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистранты

 

 

Білім беру саласындағы синергетика

        Қазіргі зерттеу жұмыстарының қарқынды дамуының нәтижесінде білім беру саласында синергетика ұғымын қолдана бастады. Бұл ұғымның негізгі анықтамасы грек тілінен алғанда біріккен әрекет дегенді білдіреді, яғни, синергетика  пән аралық сипаттағы ғылым саласы; күрделі жүйелердің өзін-өзін ұйымдастыруы туралы ғылымдардың бірі. Жүйелердің өзін-өзі ұйымдастыруымен тікелей байланысты бұл ғылымның түрі, білім саласына өте қажетті бағыттардың бірі. Неге десеңіз, қазір жаңартылған білім беру мазмұны бойынша мектепте оқытылатын пәндер басқа бағыттағы пәндермен байланыс жасай отырып, тақырыпты, бөлімді жан-жақты ашып көрсетеді.

           Жалпы орта білім беру жүйесінде ол адам мәдениетінің ажырамас екі бөлігі – жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдардың біріктіру арқылы оқушылардың дүниеге біртұтас көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді. Екінші жағынан жаратылыстану пәндерін аналитика-синтетикалық амалдан гөрі эволюциялық-синергетикалық амал арқылы оқытуға мүмкіндік береді.

Ал біліктілік арттыру жүйесіндегі синергетика ең алдымен әр түрлі шектеулі ақпараттардан бүтін жүйе құрастыруға тырысудан ақпараттарды контекстік қабылдау арқылы дүниеге біртұтас көзқарас қалыптастыруға көшу керектігін түсінуден басталады.

Келесі қадам білім сатысы оқуларын үш құрамдас бөліктен тұратын технология арқылы ұйымдастыру болып табылады: а)теориялық мазмұндағы дәрістер; ә)лабораториялық  немесе практикалық жұмыстар; б)кіріспе және жалпылаушы семинарлар.

Біліктілік арттыру жүйесінің алдында тұрған негізгі міндет андрогогика ұстанымдарын, соның ішінде біліктілік арттыруға әрекеттік тұрғыдан келуді басшылыққа ала отырып, әдіскерлер мен дәріскерлердің басты қызметін фасилитаторлыққа айналдыра отырып, білім сатысы оқуларын синергетикалық тұрғыдан ұйымдастыру болып табылады[1].

Оқушылардың жалпы қабілеттері мен дағдыларын дамыту мақсатында бастауыш сыныптардан бастап «Биоақпараттандыру және синергетика» атты оқыту семинарлары өтеді. Бұл семинарлардың басты мақсаты – оқыту мен оның әлеуметтік нәтижесіне қол жеткізу.  Сондай-ақ оқушының ойлау сапасын арттыру мақсатында жүргізілетін бұл шаралардың нәтижесінде:  шапшаңдық, есте сақтау қабілеті, сөздік қоры, логика, сыни көзқарас, шығармашылық, талдау жасау және ақпаратқа төзімділік қабілеттер қалыптасады. Мектепте өтетін семинарлардың дені осы қабілеттерді дамыту барысында әртүрлі тақырыптар аясында сыныпта тапсырмалар ұйымдастыру. Дегенмен біз ескеруіміз керек нәрсе, бұл ғылымның білім саласында әлі де толықтай меңгерілмей жатқандығы.

  

Синергетиканың негізгі функцияларының тағы бірі – оның әдіснамалық және эвристикалық қызметі, яғни зерттеу стратегиясы ретінде қарастырылуы. Синергетика жаңа ғылыми проблемаларды шешуге бағытталғандықтан, зерттеу-ізденіс қызметінің негізгі әдісіне айналады. Егер күрделі жүйелердің жалпы заңдылықтары айқындалса, оның құрылымдалуы мен дамуы туралы болжамдар жасауға болады. Демек математикалық әдістерді пайдалану мүмкіндігі жоқ жерде синергетиканы сапалық негіз ретінде қолдануға болады[1]. Яғни осы жерде көрсетілген әдіснамалық және эвристикалық тәсіл ретінде оқыту саласында қолданылып жүрген синергетиканың тағы бір қыры, бірнеше саланы байланыстыра отырып, оқу мақсатына жету. Мысалы әдебиет сабағында математиканы қалай қолданамыз? География мен тарихты, тіпті биологияның кіріктіруге болады, бірақ осы сандардың өзін сабаққа кіріктіре білу шеберлігі әрі ұтымды қолдану – синергетиканың негізі мақсат көздерінің бірі.

Синергетиканың білім саласында болуы – қазіргі заман талабы. Ақпараттар кеңістігінде өмір сүретін қоғам үшін бұл ешқандай да таңсық емес. Керісінше  даму мен зайырлы жас ұрпақ қалыптастырудың даңғыл жолы. Тәжірибелі ұстаздардағы педагогикалық шеберліктің жоғарылығы мен жаңашылдардың авторлық әдістемелері білім беру синергетикасының нақты дәлелі болып табылады. Біліктілік арттыру жүйесіндегі, оның ішінде әдістемелік қызметтегі қазіргі кездегі басты мақсат – ортақ әдістеме жасау емес, әркімнің өзіндік оқыту стилі мен әдістемесін қалыптастыру[1]. Егер бұл ғылымды мақсатсыз жүйеде қолдана берсек, баланың уақытын жоғалтып,  білімге деген қызығушылығын төмендетіп алуымыз да әбден мүмкін. Тәжірибелі мамандардың қажрлы еңбегінің нәтижесінде, «жүйелі ғылым» өзінің нәтижесін беретінін ескерсек болады.

Тұлғаға бағытталған білім беру, өзінің мәні жағынан алғанда, синергетикалық құбылыс болып табылады. Бұл феноменнің ортасында жай механикалық тұрғыдан емес, адами тұрғыдан қарастырылатын өздігінен ұйымдасып, дамитын тұлға тұрады.

Педагогикалық зерттеу нәтижелері мұғалімнің негізгі күш-жігері тұлғаның дүниетанымының өзіндік ұйымдасуының ішкі көздерінің ақыл-ой белсенділігін арттыруды ұйымдастыруға бағытталуы керектігін дәлелдеп отыр. Сол сияқты біліктілік арттыру барысында да әдіскерлер мен дәріскерлердің басты назары тыңдаушының танымдық белсенділігін арттыруға бағытталуы керектігі айдан анық. Мұның бәрі бірлескен әрекет негізінде ғана жүзеге асары даусыз[1]. Жоғарыда негізге алған «Биоақпараттандыру және синергетика» оқыту семинарларында осы негізгі принцип жүзеге асып келеді. Ғалым-практик Ф.Я.Вассерман бұл ғылымды білім саласына қосуда бірнеше тәжірибелік эксперименттерге сүйенеді. Ір сабақтағы оқушылардың білім сапасын көрсеткіш ретінде шығарып отырған. Соңында оларды салыстыра келе, білім сапасы мен деңгейін арттыруда көмектесетін жүйелі методиканы енгізді.  Бұл әдіс бойынша сабақ сергіту жаттығуларымен басталып, тапсырмалар уақытқа беріледі және міндетті түрде деңгей бойынша тапсырмалар қолданылады.

Синергетиканың жаңалығы қазіргі саяси дамудың түрақсыз сипатын білдіруінде. Синергетика тұрғысынан әлемнің сан алуан болуы оның даму шарты, сондықтан саяси құбылыстарды талдауда сан алуан факторларды, саясатқа өмірдің басқа салаларының (экономика, экология, мәдениет, әлеуметтік сала, география, демография) ықпал ететінін есепке алу керек. Осы сынды білім саласындағы синергетиканың сан алуан қырын ашудың маңызы зор болмақ. Болашақтың еншісінде осы сынды күрделі жұмыстар күтіп тұр.

Білім сатысы оқуларының тиімділігімен бірге өнімділігін арттыру үшін оларды іскерлік ойындар арқылы, соның ішінде ұйымдастырушылық-әрекеттік ойындар арқылы ұйымдастыру өте қажет. Бұл біліктілік арттыру үрдісінің нәтижелілігін қамтамасыз етіп, тыңдаушыларда жобалау икемділіктерін қалыптастырады. Сонымен бірге тыңдаушыларды белгілі бір бифуркациялық құрылымды таңдату арқылы аттрактор жағдайына жеткізуге мүмкіндік береді. Пайда болған диссипативті жүйелер жаңа сапалық функцияларға ие болып, жаңа мүмкіндіктерді іске асыруға жағдай жасайды[1]. Сол себепті ғылым көшінде синергетиканы игерудің маңызды екенін ескеруіміз қажет. Болашақта ғылымның қай саласында болсын, синергетика бағыты қолданылатыны сөзсіз. Білім беру – кемел келешек кепілі болған соң,   білім саласында синергетиканы қарқынды зерттеп, оның қолдану теориясы мен практикасын дамытудың қажеттілігі зор.

 

Пайдаланылған әдебиеттер.

1.      Синергетика туралы түсінік. Дүйсенбаев Еркін. https://erkin.ucoz.kz/publ/1-1-0-11

2.      «БИОАҚПАРАТТАНУ ЖӘНЕ СИНЕРГЕТИКА» БІЛІМ БЕРУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ – САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУДІҢ КЕПІЛІ-http://mukhamadi-enkaz.mektebi.kz/