МЕМЛЕКЕТТІК ТУ – ЕГЕМЕНДІГІМІЗ БЕН БІРТҰТАСТЫҒЫМЫЗДЫҢ СИМВОЛЫ
жеке
блог

МЕМЛЕКЕТТІК ТУ – ЕГЕМЕНДІГІМІЗ БЕН БІРТҰТАСТЫҒЫМЫЗДЫҢ СИМВОЛЫ

     Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі биыл, міне, 30 жыл. Отыз жыл ішінде Қазақ елі етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының нәтижесінде,атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі,ащы термен келген тәтті жеңіс.Төгілген қанның, өлмеген жанның, қайтпаған жігердің алауымен келген ҰЛЫ күн. 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін алған еліміздің ұшқан құстың қанаты таларлық,жүгірген аңның тұяғы тозарлық өз территориясы, өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Желтоқсанның суық желі мен ызғарына қарсы тұра білген жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет ретінде қалыптастық. Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңде еліміздің алға қойған басты мақсаттарының бірі – зайырлы, демократиялық, құқықтық және әлемге ашық мемлекет құру болған. Кез келген мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін символикалық айырым белгілері – рәміздері болып табылатындықтан, тәуелсіз Қазақстан да өз тәуелсіздігін паш ететін рәміздерін жариялауға асық болды. Асыға күткен сәтке 1992 жылдың  4 маусымында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» заңдарға қол қойылып,үлкен қуанышпен жеттік!

     Тарихқа көз жүгірте отырып, Мемлекеттік туымыздың мән-мағынасына тоқталмай өткеніміз әсте болмас... Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы Конституциялық заңының 1-тарау 1-бабында Мемлекеттік Туға мынадай сипаттама берілген:«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы - ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы - 1:2» Геральдика заңына сәйкес, күн – байлық пен молшылықтың белгісі болып табылады. Сонымен қатар, егер туға мұқият мән бере қарасаңыз күн сәулелері  бидай түрінде бейнелеген. Бұл да кездейсоқтық емес, себебі бидай – молшылық пен берекенің негізі.

     Көшпенділердің дүниетанымында  дала бүркіті, қыран құс та  ерекше орын алады. Туда бейнеленген күн астында қалықтап ұшқан қыран бүркіт мемлекеттің қуат-күшінің биіктігін, егемендігі мен тәуелсіздігінің асқақтығын, жарқын болашаққа деген сенімі мен құштарлығын білдіреді. Бұл  бейне жас егеменді Қазақстанның әлемдік өркениетті биіктікке және ұмтылу идеясынан туындаған. Рәміздер тілінде бүркіт мемлекеттің билігін,кеңпейілдігін  немесе қырағылықты білдіретіндігі де қыран бүркіттің туымызда бекер бейнеленбегеніне дәлел бола алады.

     Біздің туға жаңашылдық  және қайталанбас ерекшелік  беретін тағы бір элемент – тік жолақ түріндегі ұлттық ою-өрнек болып табылады.Қазақ ою-өрнектері – халқымыздың дүниені көркемдік тұрғысынан қабылдаудың эстетикалық талғамына сай келетін ерекше бір түрі болып табылады. Өрнектер еліміздің тарихынан, наным-сенім, өнерінен сыр шертеді және халқымыздың ішкі әлемін ашып көрсететін мәнерлі көркемдік құралы саналады. Мемлекеттік туымызда «қошқар-мүйіз» оюы бейнеленген. Мемлекеттік туымыздың аспан текті зеңгір көк түсті болуы кездейсоқтық емес. Әйгілі Ансельм кестесі бойынша ол - адалдықтың, кіршіксіз тазалық пәктіктің нышаны. Әлем елдерінің арасында өзіндік стилімен,талғамымен танымал, осындай керемет ұғым берерлік туындыны дүниеге әкелген Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков. Мемлекеттік рәміздерге деген шынайы құрметтің тағы бір айқын дәлелі- 2007 жылы Елбасы Жарлығымен 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні болып белгіленгендігі.Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – отаншылдық, патриоттық сезімнің аса бір жарқын көріністерінің бірі саналады.

     Ту – қай кезеңде болмасын мемлекет, ру тайпалардың дербестігін білдіретін символы ретінде  саналған. Қазірде де Қазақстан Республикасының егемендігі мен біртұтастығын әлемге паш етіп тұрған ел тәуелсіздігінің символы – Ту. Қазақстанның басқа елдермен терезесі тең, тәуелсіз мемлекет екендігінің бірден-бір айқын көрінісі- өзіміздің киелі көк туымыз. Көк ту бұл қазақ елінің айнасы секілді. Сондықтан да біздің  туымыз қастерлі, қасиетті болып табылады. Туымыз әркез биікте желбіреген сайын, кеудемізді мақтаныш сезімі кернеп, жүрегімізде қуаныш сезімі ұялайды.

     Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы ерте  заманнан бері қаншама өзінің іргелі ел, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы. Қазақ мемлекеттілігінің түпкі негізі сонау сақтардан басталып, ғұн, қаңлы, қыпшақ, Ақ орда мен Қазақ хандығының жалғасы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті.
Біздің негізгі тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік. Ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен келген Тәуелсіздікпен бірге халқымыз барлық жетістіктерге,биіктерге қол жеткізе білді.

     Атамекен жеріміздің тәуелсіз ел екендігін, құдіретін, байлығын, бірлігін, мақсат мұратын білдіретін қастерлі рәміздерімізді құрмет тұту, сыйлау, асқақтата дәріптеу Қазақстандық жүрегі елім деп соққан әр патриоттың ең қымбатты борышы!Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!

Авторы: Жанызакова Эльмира, Қанат Перизат, Ниязбекова Сезім

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, филология факультеті, қазақ филологиясы мамандығының 1-курс студенттері

Ғылыми жетекшісі: Қозыбақова Фатима Ақынбайқызы

Әл -Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры