Өз ұлтын сүю - өзге ұлтты жек көру емес.

Өз ұлтын сүю - өзге ұлтты жек көру емес.
жеке
блог

Қазіргі таңда, қазақ жастарының арасында әлі де болса кездесетін өз ұлтын менсінбеушілік, жатсыну сияқты үрдістер белең алып жүргенін естіп те жатамыз. Сондай келеңсіздіктердің тамырына біржолата балта шабу үшін, мемлекет бірқатар идеологиялық мақсаттағы жұмыстарды жүргізуі керек деп ойлаймын.

Ол үшін «қазақ дегеніміз осындай халық, нағыз халық осындай болады» деуге лайық, әлемдік додаларда мақтанышпен көрсете алатын өнерпаз, спортшы қыз-жігіттерді іріктеп, әлемдік шоу-бизнес арналарына жиі шығаруы керек деген ой да келеді. Түр сипаты әсем, жүріс-тұрысы көркем, бірнеше тілде еркін сөйлейтін, интеллектуал, ең бастысы өзін Қазақ елінің патриоты сезінетін, тілін қастерлейтін, ұлтын сүйетін, харизмалық қасиетке ие, дарабоздардың бағын жандыра білу керек. Қазақ баласының даңқын әлемдік аренаға шығару мақсатында мемлекет қажетті ресурстарды аямай, жұмылдыра отырып, жүйелі қарқынмен жұмыс істесе, ертең «Әлем жұлдызына» айналған қазақ перзентінің аты өзге әлемдік тұлғалармен қатар аталып жатса, солармен қатар әлемдік сахналарда маңдайы жарқырап бірге тұрса, әлемдік БАҚ-дары мұны жаппай, жарыққа көрсетіп жатса-қазақ жастарының бойындағы өз ұлтын менсінбеушілік, ана тілінде сөйлегенді намыс көру, өзін европалықтардан немесе американдықтардан төмен дәреже де сезіну стереотиптері-бір сөзбен айтқанда, ұлтымыздың санасында ғасырлар бойы қалыптасқан осынау дерт, келеңсіз комплекс біржола жойылып, азаматтарымызда, әсіресе, жастарда мемлекетшілдік сана қалыптасып, ұлттық рух одан әрмен асқақтар еді.

Алдағы уақытта осы сықылды жобалар негізінде нағыз қазақтың болмысын сомдау арқылы ұлтымыздың еңсесін көтеру, жастардың бойындағы отансүйгіштік сезімдерін ояту-мемлекеттік идеологияның басым бағыттарының біріне айналары сөзсіз!

Әрбір азамат өз ұлтын сүюге тиіс және өз ұлтына деген терең сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеп, оларды сүйе біледі..
—   Бауыржан Момышұлы