Ақшаның құлы болуға да, биі болуға да болады.

Ақшаның құлы болуға да, биі болуға да болады.
жеке
блог

Қазақта «теңге тиыннан құралады» деген өнегелі сөз бар. Қазіргі нарықтық қоғамда ақшасыз алдыға аттап басу, әсте мүмкін емес. Сол себепті де, кәсіп ашып ақша табу-өз алдына жеке мәселе. Ал, аз да болса тапқан табысты тиімді мақсатқа жұмсау-кешенді білікті, ілімді қажет етері сөзсіз. Ақшаны дұрыс мақсатта жұмсаудың ғалымдар ұсынған бірнеше жолы бар. Соның басты екеуіне тоқталсам.

1)Жеке бюджетіңізді әрдайым қағазға түртіп отыру.

Күнделікті жұмсаған ақшаңызды арнайы дәптерге жазып отыруға дағдылану керек. Бұл барлық сатып алған қажеттіліктеріңізді тізіп, тіпті соңғы 5 теңгеге дейінгі ақшаңызды қайда жұмсағаныңызды біліп отыруыңызға септігін тигізері хақ. Әр айдың соңында қаржы-дәптеріңізді ашып, бір айлық шығысыңызды есептеңіз. Осылай қай затты дұрыс алып,  қай затқа қаржыны мақсатсыз жұмсайтыныңыз анықталады. Келер айда шығыныңызды азайтуға тырысыңыз. Бұл қадам Сізге ақшаны үнемдеуге ғана емес, оны қалай тиімді жұмсауға да үйретеді. Сондай-ақ, сатып алған әр заттың шегін де жинап, жеке дәптеріңізге тіркеп отырыңыз. Чек деген Сіздің шығыстарыңыз бен қажетті дүниелер тізімін тексеретін құжат деп білсеңіз де әбден болады.

2)Көңіл-күйді басқару.

Бай болатын адам эмоциясын бақылауда ұстайды. Адамдардың психологиялық жағдайы ақшаға айтарлықтай зиянын тигізеді. Көңіл-күйді бір қалыпта ұстап жүрмеу, ақшаны бейберекет жұмсауға апарып соқтырады. Көбісі қаржыны депрессияға қарсы құрал ретінде көреді. Сізді күнделікті өміріңіздегі кей мәселелер шаршатып жатса, көңіл-күйіңізді қалыпқа келтіру үшін дүкен аралауға, пайдасыз заттарды сатып алуға асығасыз немесе тәтті тағам жеп, тиыныңызды босқа төгесіз. Олай жасаудың қажеті жоқ. Орынсыз эмоцияңыз қалтаңызды жұқартады, қаржыңызды жейді. Айтпақшы, дүкенге тойып барған дұрыс. Статистикаға сүйенсек, қажетсіз заттардың 20%-ын адамдар аш болғандықтан алады екен.

Абай атамыз он бесінші қара сөзінде «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал. Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақыретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» дейді. Сондықтан да, «дүниеге жарамды» есеп беруді дәл бүгіннен қалдырмай бастаңыз!

Бизнес әлемінде табыстың тек екі ғана түрі бар: ақша мен тәжірибе. Бірінші кезекте тәжірибе жинаңыз, ал ақша кейінірек келеді

Гарольд Дженин

Шұғыла БЕЙБІТҚЫЗЫ