Менің таңдауым- Қазақ ұлттық университеті!

Менің таңдауым- Қазақ ұлттық университеті!
жеке
блог

   Қазақстандағы жоғарғы оқу орындары дегенде, әрине бәрімізге ең алдымен тарихы белгілі Қазақ ұлттық университеті елестейтіні мәлім. Себебі,  Ұлыбритания десе Оксфорд ,АҚШ десе Гарвард университеті ойға келеді, сол сияқты Қазақстан десе ҚазҰУ -ды бірден ойлайсың. Соңғы мәліметтер бойынша, ҚазҰУ-дың әлемнің  үздік 200 университеттері қатарында 165 орын иеленген Орта Азиядағы бірінші университет екенін айта кеткен жөн.

   ҚазҰУ-да оқуды бәрі армандайды. Солардың ішінде мен де болдым. Мектепті жақсы тәмамдап, басты сынақ ҰБТ-дан да өтіп, арманыма бір қадам жақындадым. Ендігі кезек құжаттар жинап жоғарға оқу орнын таңдау процесесі. Нық сеніммен 3 таңдауға да ҚазҰУ университетін ғана жаздым. Математика, экономика саласын ұнатқандықтан  алдымен математика мамандығын таңдадым. Себебі, мамандық жайлы мәліметтер іздестіру барысында математика арқылы өзімнің мақсатыма жететініме сенімді болдым. Мәліметтер бойынша мамандықтың  алты траекторияға бөлінетінін  және бір траекториясы актуарлық математика аталатынын  білдім. Менің іздегенім  дәл осы актуарлық математика болатын.

   Неге «актуарлық математика» деген сұрақ туындайтын шығар. Қазіргі уақытта күрделі экономикалық процестерді зерттеуде математиканың рөлі өсті. Банк жүйесінің, сақтандыру, зейнетақы және инвестициялық қызметтің белсенді дамуына байланысты актуарлық математика өзекті болды. Бұл осы салалада жұмыс жасайтын актуарий мамандардың қажеттілігін тудырды. Ең алдымен жақсы актуарий –ол жақсы математик. Себебі актуарий дегеніміз -сақтандыру математикасы бойынша актуарлық есептеулер теориясын меңгерген, математиканың, экономика мен қаржының тиісті деңгейін білетін және аталған міндеттерді шешетін маман. Актуарий тәуекелдерді есептеумен (Ықтималдық теориясы, Математикалық статистика, кездейсоқ үдерістер теориясы, актуарлық және Қаржылық математика, Эконометрика, тәуекел – менеджмент), демографиямен, экономикамен, құқықпен, ақпараттық жүйелермен және т. б. байланысты бірнеше ғылыми пәндердің қиылысында жоғары білім деңгейі бар бірегей маман болуы. Сол себепті де актуарий маманы Сихов М.Б.  айтуы бойынша актуарийдің алдымен жақсы математик  болуы, мықты мамандардың шығуына тікелей әсер етеді. Әлемде бұл сала жақсы дамыған, актуарийлер- кез-келген елде таптырмас маман иелері. Қазақстанда бұл сала жаңадан дамып келе жатыр. Сол себепті де өз қызығушылығымды осы саламен байланыстыруды жөн көрдім. Және де бұл салада Қазақ Ұлттық университетінің істеп жатқан жұмысы да орасан зор деп есептеймін.

   Соңғы мәліметтер бойынша, қазір Актуарлық математика жеке мамандық ретінде алғашқылардың бірі болып  Қазақстанның Қазақ Ұлттық университетінде ашылды. Және Ұлттық банктің қаржыландыруы есебінен  шәкіртақы бөлініп, актуарий мамандарын дайындау жұмыстары қарқынды  жүргізіліп жатыр.

   Менің арманым мен қызығушылығымды тоғыстыра білген бұл мамандықтың маған берері өте көп. Экономика саласын, демография, статистика т.б. меңгеруді талап ететін бұл мамандық Қазақстан үшін  ең қажетті мамандарды, білімді жастарды тәрбиелеуге орасан зор  жұмыстар атқарып жатыр деп есептеймін. Бұл таңдауыма еш өкінбеймін.