ҰЛЫ ПЕДАГОГ ЫБЫРАЙ
жеке
блог

ҰЛЫ ПЕДАГОГ ЫБЫРАЙ

       Ағартушы-педагог, жазушы, этнограф ғалым Ыбырай (Ибраһим) Алтынсарин қазақ халқының білім алуына аянбай тер төккен кемеңгер тұлға ретінде бүгінгі тарих беттерінде өзіндік орны бар.  Ыбырай Алтынсарин бүкіл халыққа білім беруге күш салған алғашқы мұғалім болды. Ол өзінің оқу-ағарту қызметін қазақ халқының экономикалық, мәдени және рухани дамуына жұмсады.

       Ұлы педагог 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Әкесінен ерте айрылған Ыбырай Алтынсарин бес жасында Орынбордағы шекара комиссиясының жанындағы қазақ балалары үшін арнайы құрылған мектепке қабылданды. 1857 жылы он алты жасынды аталған мектепті тәмамдады. Екі жыл атасы Балқожа бидің іс жүргізушісі, содан кейін Орынбор облыстық әкімшілігінің «кіші тілмашы» болды. Бір жылдан кейін ол Орынбор бекінісіндегі (кейінірек – Торғай қаласы) қазақ мектебінің мұғалімі болып тағайындалды. Алғашында Ыбырай Алтынсарин іс жүргізуші, уездік судья, уезд бастығының аға көмекшісі, ақырында 1879 жылдың қыркүйегінен бастап Торғай облысының «қырғыз мектептерінде» инспектордың міндетін атқарушы, ал 1888 жылдың қазанынан бастап сол мектептердің инспекторы қызметін атқарды. 1887 жылы Ырғызда тұңғыш қыздар мектебін ұйымдастырған. Алтынсарин губерниялық хатшыдан алқалық кеңесшіге дейін өсті, ал қайтыс болардан бұрын мемлекеттік кеңесші болды. Оның қызметі үкімет тарапынан жоғары бағаланды – Әулие Святослав ордені, сондай-ақ екінші және үшінші дәрежелі Әулие Анна ордендері бұған дәлел болмақ.

     Ы.Алтынсариннің алдыңғы қатарлы орыс мәдениетімен таныс болуы оның педагогикалық қызметіне үлкен әсерін тигізді. Ол шығыстанушы В.В.Григорьевпен, лингвист және этнограф В.В.Радловпен, фольклортанушы А.Е.Алекторовпен жеке таныс болған және ол орыс мұғалімі К.Д.Ушинский мен чех мұғалімі Я.А.Коменскийдің еңбектерін мұқият зерттеген. Ал Байрон, Пушкин, Гете, Шекспир, Лермонтов, Гоголь шығармалары оның ақындық өнерінің қалыптасуына ықпал етті.

      Ыбырай Алтынсарин қазақ жастары әр түрлі қолөнерге – былғары жасау, сабын жасау, қыш ыдыстар, ағаш ұстасы, токарлық, сонымен қатар бау-бақша және егіншілікке машықтанатын кәсіптік және ауылшаруашылық мектептерін құруды үкіметтен талап етіп отырған. Бұл мақсат жүзеге асып, ол үлкен қиындықпен Торғайда 25 адамға арналған қолөнер мектебін ашты.

      Оның «Қазақ хрестоматиясы» еңбегі ағартушының болашақ ұрпағына қалдырған мол мұрасы іспеттес. «Қазақ хрестоматиясында» ғылымның дамуы туралы, әртүрлі халықтардың өмірі мен тұрмысы туралы көптеген мәліметтер берілген. Қарапайым және айқын мысалдарды қолдана отырып, Алтынсарин өмірде ненің жақсы, ненің жаман екенін көрсетеді. Қоғамға пайдалы, жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеу – бұл Ы. Алтынсариннің негізгі міндетіне айналды. Ы.Алтынсариннің әдеби мұрасына өзі жазған сондай-ақ аударған өлеңдері, әңгімелері, этнографиялық очерктері және өзі жазып алған қазақ ертегілері кіреді.

      Ыбырай Алтынсарин барлық қазақ балаларына лайықты білім беріп, білімге, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті арттыруға ұмтылды. Осылайша халқының білімі мен мәдениетіне үлкен ден қойған ұлы педагогтың туғанына биыл 180 жыл толып отыр. Артынан өшпес мұра, таусылмас рухани қазына қалдырып кеткен ұлы ағартушының бейнесінен ұлтына деген шексіз сүйіспеншілікті көреміз. Ал бұл өз кезегінде, тарих беттерінен мәңгі өшпейтін қасиет болып табылады.

 

 

Болат САЙЛАН, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.

Ақтолқын РАЙЫМБЕК, 2-курс магистранты.