Тәуелсіздігім- Тәңірден келген тәтті сый!

Тәуелсіздік- халықтың үні, ұлттың тілі мен ділі.  Егеменді еліміздің жаңа дәуірде қол жеткізген табысының қайнар көзі - Тәуелсіздік. Тәуелсіздік еліміздің ең басты мерекесі. Тәуелсіздік ғасырлар бойы арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы десем артық етпес. Ең алдымен әлемдердің Раббысы, мейірімділердің мейірімдісі Алла Тағаланың қалауымен тәуелсіздікке қолымыз жетті. Қайсар қазақ елі осы уақытқа дейін көптеген белестерді бағындырды. 

Желтоқсанның ызғарлы аязында, қазақ халқының табанды да, жалынды, өр рухты ұлдары мен қыздары қазақ еліне азаттықтың ақ таңын сыйға тартқандай болды. Тарихқа көз жіберетін болсақ, Тәуелсіздік - 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік жігері, ең алдымен барша қазақ халқының арман мұратының тарих сахнасында салтанат құруы. Кеңес Одағы, Патша дәуіріндегі тәуелсіздікке деген ұмтылыс халықтың едәуір бөлігінде қалыптасты. Біз бірнеше жүз жыл отаршылдықтан кейін ХХ ғасырдың аяғында, еңсегімізді көтеріп, аяққа қайта тұрып қайта жаңғырған мемлекетпіз. Тәуелсіздік азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтеуі. Себебі Тәуелсіздік бабаларымыз аңсап кеткен, біздің қолымыз жеткен Тәңірден келген Тәтті сый!

Он алтыншы желтоқсан тарих беттерінде алтын әріптермен жазылып қалатын еліміздің егемендігін жариялаған күні. Дәл сол күннен бастап көгімізде тәуелсіздіктің көк туы желбіреп тұр. Міне сол кезден бастап пойыздай жүйіткіген ғұмырда Тәуелсіздігіміздің 30 жылына аяқ басқалы отырмыз.Азды- көпті осы өшпес жылдарда Қазақстан қарыштап дамып келеді. Береке мен бірліктің, татулық пен ынтымақтың арқасында әлем танып отырған, іргелі мемлекетке айналып келеміз...

Жас мемлекет тарихындағы жаңа дәуір, жаңа заман осы тәуелсіздіктен бастау алады. Отыз жылға жуық уақытта еліміз көптеген жетістіктерге жетті. Осыдан отыз жыл бұрынғы Қазақстан мен бүгінгі Қазақстан адам танымастай өзгеріп, биік белестерді бағындырып, дамыған елдермен бірдей дәрежеге жетіп келеді. Артқа тастаған отыз жылдың ішінде не жасадық не атқардық деген сауал туса, тізбектеп сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осы жылдар ішінде елдің әл ауқаты, тұрмыс тіршілігі, төл мәдениетіміз, ұлттық тілімізді жаңғырту ісінде көптеген жұмыстар атқарылуда. Егеменді елімізде білім,ғылым, денсаулық, медицина,экономика, спорт салалары айрықша даму үстінде.  Елімізде 130дан астам ұлт пен ұлыс кең пейілді, көңілі дархан даладай қазақ халқымен бірге, бір шаңырақтың астында тату тәтті өмір сүріп, тіршілік етіп жатыр. 

Осы тәуелсіздік ұмыт бола бастаған тіліміз бен дінімізбен табыстырды. Кешегі құбылмалы, аумалы төкпелі заманда  дінді біреуге оқыту былай тұрсын, өзіміздің асыл дінімізді ұстанып үйренудің өзі қылмыспен тең болған күндерде келместің кемесінде кетті. Осындай қан мен тердің, ерік жігердің арқасында жеткен тәуелсіздігімізді қастерлеп сақтау сіз бенен біздің ең басты мақсатымызға айналуы тиіс. 

Қазірде елімізде тынышқтық заман орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді деп мақтанышпен айта аламыз. Бір мемлекетке жетерлік іс тындырылып жүзеге асырылды деп ауыз толтырып айта аламыз. Дамыған елдер қатарынан өз орынымызды табу үшін еңбектеніп келеміз. Бәсекеге қабілетімізді арттырдық. Білім мен ғылымда, мәдениет пен спортта топ жарып жүрміз. Жастарымыз жарыстардан жүлдесіз қайтпады. Әлем сахналарында Әнұранымыз шырқалды. Осыдан асқан бақыт барма?  Еуразия жүрегінде, өркениеттердің ұштасқан орталығында көптеген ұлт пен ұлыстың құтты мекеніне айналған ұлы далада азат елдің азаматы болудан асқан бақыт жоқ. Ата- бабаның асқақ арманының жолында ұлағатты өскелең ұрпақ бой түзеп келе жатыр. Болашақпен бағытталып, келешекпен кемелденетін ақылды жастарымыз көк байрақты төмен түсірмесі анық.  Тәңірден келген Тәтті сыйдың еңсесін биік ұстау өз қолымызды. Алла Тағала бізді осы бақытымыздан айырмасын. Ендеше, көк байрағымызды ашық аспанымызда желбіретейік, келер ұрпақ! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

                                                                                       PhD, аға оқытушы Мұқан Нұрзат

                                                                                         www.kaznu.kz      



Бөлісу: