ҚазҰУ-мүмкіндіктер мекені
жеке
блог

ҚазҰУ-мүмкіндіктер мекені

Өмірдегі ең қызық кезең меніңше «Студенттік өмір»!… бірінші курс «балмұздақ» атанып, үлкен оқу орнын қызықтап, оқытушыны көріп арыстанды көрген қояндай қорқып, жан жаққа жалтақтап жүретін, екінші курс, университет қабырғасында бой үйреніп, сынақ кітапшасын тоқсанға толтырып, мәз болып жүретін, үшінші курс, білім алудан ұйқыны артық көретін, мұғаліммен құрбы құрдасша сөйлесіп жақсы балды қоржынға салып жүретін, төртінші курс, практика, диплом деген екі сөзді көп қайталай беретін, төрт жыл төрт секундтай өткенін еске түсіріп, сағынышпен,үлкен өмірге аяқ басатын кезең…Қызығы мен қоса шыжығы да қатар жүретін бұл кезеңде талай жастар болашақ өмірін айқындайды, өмірлік жарын және достарын табады!

Талай түлектің арманына айналған ҚазҰУ-да оқу мүмкіндігі бұйырды. Аллаға шүкір. Шынында да, арман боларлықтай атына заты сай әсем қалашық менің жүрегімді бірден жаулап алды. Өз білімі мен дарынына сенетін көңілді де ізденімпаз жастардың ордасы екені көзге көрініп-ақ тұр, мен өзімнің осы күннен бастап жаңа өмірге араласа бастағанымды сезіндім.Бұл оқу орынының студенті атануды қарапайым мектеп оқушысы, менің өзім 9-сыныптан бастап армандадым. Білімге деген құштарлығымның арқасында осы оқу орнына түсіп, ҚазҰУ студенті атануды мақсат еттім. Мектепті аяқтап, жасыл қала Оралымнан алыстап, арман қуып Алматыға келдім. Университетті алғаш көргендегі сезім, осындай керемет оқу орнының студенті атанамын деген үміт сезімі алға көп мақсат қоюға баулыды. Көз алдымда арманымның, мақсатымның бір бөлшегі тұрғандығын сезіну, оның бір кірпіші болып қаланатынымды ұғыну, ерекше бақытты екенімді ұғындырды.

Үш жыл бұрын осындай керемет мекеннің ЭжБЖМ-нің студенті атандым. Бұрынғы кездері үлкендер «өмірдегі ең қызықты шақтар – студенттік шақтар» десе түсінбейтін едік. Нағыз өмірлік достарды осы жерден таптым. Ұмытылмас кештер мен сәттер осы университетте болды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Экономика және Бизнес Жоғары мектебінің түлектері Президент Әкімшілігінде, Экономика және Бюджеттік жоспарлау Министрлігінде, Қаржы Министрлігінде, ҚР статистикалық агенттігінде, Ұлттық банкте, коммерциялық банктерде, сақтандыру және аудиторлық компанияларда және басқа да қаржылық мекемелерде, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының барлық экономика салаларында қызмет атқарады.

Қазақ ұлттық университеті өзінің негізін 1934 жылы 15 қаңтарда қалағаннан бастап Қазақстандағы білім беру жүйесінің бетке ұстар көркі, университеттік дәстүрлердің, кәсіби білікті ғылыми және педагогикалық мектептердің бастау - көзі болды.ҚазҰУ 400-ден астам шетелдік университеттермен ынтымақтастық туралы келісім жасаған. Осы негізде магистрант, докторанттарға екі адамның жетекшілік ету тәжірибесі кеңінен өрістеп отыр. Бір ғылыми жетекші Қазақстаннан болса, екіншісі – шетел ЖОО-дағы белгілі ғалым. Осының бәрі де ҚазҰУ студенттері үшін халықаралық деңгейде оқып, зерттеулер жүргізуге лайықты жол ашады.Қазақ ұлттық университеті. әл-Фараби кезекті рет әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігінде жоғары бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеді. Ол Round University Ranking пәндік рейтингісінде ұсынылған жалғыз қазақстандық жоо болды.

ҚазҰУ – дың әлемдік аренада жоғары деңгейде танылуы оның инновациялық жобаларымен байланысты, олардың ішіндегі ең маңыздысы - "Университет 4.0"моделін енгізу. Оның іргетасы инновациялық-технологиялық және рухани-адамгершілік платформалардың симбиозы негізінде Al-Farabi university smart city құрылысының тұжырымдамасы болып табылады. Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бізге мамандықтардың кең таңдауын ұсынатын тұтас оқу-ғылыми кешен болып табылады.

Университет Қазақстандағы ең үлкен және ең бай кітапханалардың біріне ие. Әбу Насыр Әл-Фараби музейікітапхананың әрбір қонағы үшін ашық.Оқу ордамызда студенттер үшін, олардың өз бетімен ізденіп, білім алуы, және басқа да ақпараттарға ие болу мақсатында барлықтай жағдайлар жасалған. Осындай жағдайлардың біразы «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында жасалған. Қызметтің барлық түрлері студенттер үшін тегін, және жеткілікті дәрежеде тиімді болып көрсетіледі.

КазҰУ – жастардың мақсаттарына қол жеткізуге көмектесетін алтын көпір. Университет қабырғасында студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары мен кәсіподақтары, әлеуметтік-әріптестік қағидасы негізінде қызмет атқарады. Әр ұйымның өзіндік бағыты мен ерекшеліктері бар. Олардың әрқайсысы студенттердің жан-жақты дамуы үшін қызмет атқарып келеді. Әрбір ұйымның ұйымдастыратын жобалары, студенттердің қай салада болмасын жұлдыз болып жануына бағытталған.Өткізілетін іс-шаралар, кездесулер, мастер-класстардың негізгі мәні – еліміздің болашағына қажетті мықты кадрлар даярлау. Жасалып жатқан жобалардың мақсаты анық. Ол ертеңгі ел болашағының қамын ойлайтын, еліне емірене қызмет ететін, дарынды, білікті азамат пен азаматшаларды даярлау.

Қасиетті қара шаңырағымыз Қазақ Ұлттық Университетінің болашағы үшін барын салатын студент атану мен үшін ерекше бақыт.

 

Асқаров Ғ.А., «Бизнес-технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы,

Маликова А.

Логистика мамандығы 3-курс студенті.