жеке
блог

Саяси-әлеуметтік мәселелерді жырлайтын өлеңдер топтамасы

Әр өлеңнің аясында адам тағдыры, халық тағдары тұрғаны шындық. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары орын алған қуғын-сүргін сұмдықтарының жарасы ешқашан жазылмайды. Ұлт асылдарын атқан басшылық, халқымыздың рухани байлығын да қуғындаған. Бұл жөнінде сыр шертер небір құжаттар бар. Соның бірі Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық қуғын-сүргін құрбандары мұражайының қорында сақтаулы. Бұл қазақ әндері жазылған күйтабақтар (грампластинкалар) жедел түрде қоймадан алынып тасталсын, турасын айтқанда жойылсын деген тізім. Бұндай құжаттардың да аз болмағаны анық...

(Сурет)

МОСКВА

«ГРАМПЛАСТРЕСТ»

ГРАММОФОНДЫ-ПЛАСТИНКАЛЫҚ ӨНЕРКӘСІБІНЕ

ТІЗІМ

Жедел түрде алынылып тасталуы тиіс қазақ тіліндегі грампластинкалар.

1.    «Қанат-талды» арт. Жүсіпбек Елебеков. Мәтіні халық жауы О.Бековтікі.

2.    «Әмір-Хан» арт. Құрманғалиев. Мәтіні халық жауы О.Бековтікі.

3.    «Гүльяр» /ұйғыр тілінде/ Әбдімәжит Рузаев Қытайға қашып кеткен

4.    «Шаму-Сахар» /ұйғыр тілінде/ бұл да солай бұл да солай

 

Мәдени ағарту бөлімінің меңгерушісінің орынбасары   

   /ГОРЛОВ/ЦК КП /б/ К

 

Саяси әндер – біздің мәдениетіміз бен қоғамымыздың ажырамас бөлігі. Әнмен Отан үшін соғысқа да барады, сол соғыста ерлікпен қаза тапқандарды да әнмен еске алады. Қандай да бір тарихи жағдайды алатын болсақ, сол кезеңді сипаттайтын әндері де туып отырған. Мысалы, 1723 жылы жоңғар шапқыншылығын болды десек «Елім-ай» әні де есімізге түсіп тұрады, ал  тәуелсіздік жылдарын «Желтоқсан желі» әнімен байланыстырамыз.

Сіздердің назарларыңызға соңғы шыққан әлеуметтік мәселелерді жырлайтын әндер топтамасын ұсынамыз.

Dequine – Фемида

2019 жылдың маусым айында шығарған жас әншінің өлеңінде «болашақ балалардың еркіндігін біз құрттық, тұншықтырдық және ол үшін өзіміз ұялмаймыз. Біз үшін тек қазіргі сәт қана бар» деген жолдарын әркім әртүрлі түсінеді. Dequine-ның тыңдармандары өлең жолдарындағы сілтемелерді талдап, тіпті бұл әнді «2050 жылғы жастардың әнұраны» деп атаған. Бұл ән қазіргі таңда Youtube платформасында 140 мыңға жуық тыңдарман жинаған.

Мархаба Сәби – Жүйе

Қисық жүйе деп ән салған Мархабаның өлең сөздерінде «Өзгеру керек, өзгерту керек, ашылып аспан, сейілсін түнек» деп әндетеді. Аталмыш өлең де 2019 жылдың маусым айында жарық көрген, ал 32 мыңнан астам адам тыңдап үлгерген.

«Түс екен» өлеңінде қоғам мәселесін ысырып тастап, бір сәтке ғажап өмірді аңсаған Мархаба өзінің түсін айтып береді. Өзінің қиялындағы ғажап өмірін сипаттаған әнші осы өлеңнің әні мен сөзін өзі жазған. Өткен жылдың мамыр айында жарияланған, қазір 147 мың тыңдарманы бар екен.

Ninety one – Taboo (feat. Ирина Кайратовна)

2020 жылдың соңын шоу бизнес өкілдерімен байланыстырып қорытындылаған ән болды. Q-pop өкілдері айтқысы келген сөздерін қазақтың табу сөздерімен алмастырып, керемет қолданған. Махаббат әндерінен шаршаған қазақша әннің тыңдармандары да, бұл өлеңді «басқа деңгей» деген баға берді. Бейнебаянның қаралым санын көтергіңіз келсе, асығыңыз, себебі 5 млн-ға жақындап қалды.

Ирина Кайратовна – 5000

Өлең жалпы халқымыздың тарихына, репрессия, саясатқа сілтеме жасаған. Бейнебаянда Қазақ хандығындағы уақытқа, 1930 жылдардағы ашаршылықты, Алаш қайраткерлерін сипаттаған. Бертін келе, саясаткелерді де, еліміздегі жемқорлық жағдайын да, салынбай қалған ЛРТ, пандемия кезіндегі отшашуды да өлең жолдарына қосқан. Бейнебаян – жаңару керектігін, ой-сананы өзгерту керек ескерту жасайды. 3 айда 16 млн қаралым жинаған бұл туынды өзге әлеуметтік-саяси әндерден озып тұр.

Қоғамдағы және саясаттағы тектоникалық өзгерістер өнерді айналып өте алмайды, бұл үлкен сынақтар дәуірінің керемет дәлелі. Ән авторлары да, әншілер де кейінгі кезде саясатқа көңілі толмайтынын өз әндері арқылы білдіріп жүргенін байқадық. Ал сіз әлеуметтік мәселелерді қозғайтын әндер тыңдайсыз ба? Сізге бұл бағыт қаншалықты әсер етеді?



Жұлдызды блогтар