“Математика ханшайымы". Алғашқы математик әйел Софья Ковалевская.

“Математика ханшайымы". Алғашқы математик әйел Софья Ковалевская.
жеке
блог

 

                                                             “Ақын басқалар көре алмайтын нәрсені көре алуы керек.

                                                                   Математик те осындай қабілетке ие болуы қажет”

                                                                                                                      Софья Ковалевская

Софья Васильевна Ковалевская-аты аңызға айналған математик және механик, Солтүстік Еуропа мен Ресей тарихындағы алғашқы әйел-профессор, "математика профессоры" деген ғылыми атағы бар әлемдегі алғашқы әйел. Көптеген әдеби шығармалардың авторы... Бірақ бәрін рет-ретімен баяндағанымыз жөн болар.

Өмірбаяны

Софья 1850 жылы қаңтарда әскери отбасында дүниеге келеді. Ерте жастан бастап-ақ Софьяның ата-анасы бүлдіршін қыздарының бойында ғылымға деген сүйіспеншілікті оятуға талпынды, оятты да. Болашақ математик өз жолын үйдегі оқудан бастады, алдымен Иосиф Малевичтан, кейіннен Александр Страннолюбскийдан дәріс алды, алғашқы жетістіктеріне жетті. Жетістіктері таңдай қағарлықтай дәрежеде болды.

Өкінішке орай, Софья Ковалевскаяның дәурені Ресейде әйелдерге жоғарғы оқу орындарына түсуге тыйым салынған уақытқа дәл келді. Сол себепті жас қыз үшін білімін әрі қарай жетілдірудің бір-ақ мүмкіндігі болды, ол мүмкіндік- шетелге кету еді. Софьяның таңдауы Германияның кішкентай Гейдельберг деген қаласына түсті, кейіннен математик қыз Берлин университетіне аттанды. 1874 жылы "К теории дифференциальных уравнений в частных производных" деген тақырыпта докторлық диссертацияны сәтті  қорғап шықты. Ол кезде Софья небәрі 24 жаста еді.

Ғылым бірінші орында

Ковалевская физика және математика саласындағы көптеген ғылыми жұмыстардың авторы және ол тек теоретик қана емес, сонымен қатар практик болды. Отандық және шетелдік математик ғалымдар бүгін "Профессор Соня" жүргізген зерттеулердің керемет дәлдігін атап көрсетуде.

Сонымен, Софья Ковалевская ғылымға қандай үлес қосты?

1. Ол қатты денені бекітілген нүктеге айналдыру мәселесін шешудің классикалық жағдайын ашты.

2. Жартылай туындылары бар дифференциалдық теңдеулер жүйелері үшін Коши есебінің аналитикалық шешімінің болу фактісін дәлелдеді.

3. Үшінші дәрежелі Абель интегралдарының кейбір класын эллиптикалық интегралдарға келтіру мәселесін шешті.

4. Ол ауыр асимметриялық шыңның айналу процесін зерттеді және 1889 жылы осы зерттеуі үшін 5 мың франк көлеміндегі Париж академиясының үлкен сыйлығына ие болды.

Бұл тек басы. Софьяда марапаттар көп болды, ал жетістіктерінің саны одан да асып кететін еді. Мысалы, Ковалевская үшін айтулы оқиғалардың бірі-швед ғылым академиясының оған сыйлық беруі болды. Осы оқиғадан кейін достары мен әріптестері қызды "математика ханшайымы"деп атай бастады.

Софья өзінің естеліктерінде: "Математика мені өзінің философиялық жағымен көбірек қызықтырады және ол маған әрдайым жаңа көкжиектер ашатын ғылым ретінде көрінеді"- деп жазды. Мүмкін, дәл осы көзқарас жас әйел профессорға жаңа биіктерді асыруға көмектескен болар.

Әдебиет-жан үшін

Қыз өз білімін тек ғылыми жолда ғана емес, әдеби қызметте де шебер қолдана білді. Мұның жарқын мысалы ретінде досы әрі швед жазушысы Анна Шарлотта Лефлер-Эдгренмен бірге жазған “Бақыт үшін күрес. Екі параллель драма” атты романын келтіруге болады. Бұл жұмыстың ерекшелігі- басты кейіпкерлердің өмір жолы параллель сюжеттік желілерде бейнеленгендігінде еді.

Ковалевскаяның әдеби мұраларының ішінде келесі жұмыстар ерекше назар аударуға тұрарлық:" Джордж Эллиоттың естеліктері"," Балалық шақ естеліктері "," Швециядағы шаруа университетіндегі үш күн"," Воронцовтар отбасы" романы, "Нигилистка" әңгімесі. Белгілі баспа басылымдары: "Ғылыми жұмыстар", "Естеліктер мен хаттар."

Мәңгі жадымызда

Ковалевскаяны әр түрлі оқу орындарына, елдер мен қалаларға жиі шақырып тұрды. 1891 жылғы сапарлардың бірінде Софья суық тигізіп алды. Бір қарағанда зиянсыз сияқты көрінген бұл ауру кейіннен пневмонияға айналды және жүрек параличіне әкеліп соқты. Софья Стокгольмдағы Солтүстік зиратқа жерленді.

Әлемдік қауымдастық әйел профессордың ғылымға қосқан үлесін жоғары бағалады. Оның құрметіне Халықаралық астрономиялық одақ ай кратеріне Софья есімін берді. Ресей Ғылым академиясының математика ғылымдары бөлімі 1992 жылдан бастап математика саласындағы жетістіктері үшін С.В. Ковалевская атындағы сыйлықты табыстайтын болды. Ресейдің Великие Луки қаласында С. В. Ковалевская атындағы гимназия жұмыс істейді.

Көшелер мен мектептер Софья Ковалевскаяның есімімен аталады, ол туралы фильмдер түсіріліп, кітаптар жазылды. Псков облысындағы Полибино ауылында әлемге әйгілі болған ғалымның балалық шағы өткен естелік мұражай да бар.

Софья Ковалевскаяның басты ұраны: “Білетініңді айт. Атқаруға міндетті ісіңді атқар. Қалғаны маңызды емес, болары болсын!”- еді. Осы бір қарапайым ережені сақтай отырып, ол математика мен физикада үлкен жетістіктерге жетіп қана қоймай, қалған әйелдерге университет пен нақты ғылымдар әлеміне жол ашты. Сіңірген еңбегі мен көрсеткен үлгісі үшін математиканың нағыз ханшайымына айтар алғысымыз шексіз, ал махаббатымыз түпсіз болмақ.