"Ең бастысы ниет, ынта болу керек..."

"Ең бастысы ниет, ынта болу керек..."
жеке
блог

 

Гүлнұр ТҰРЛЫБАЕВА

жас кәсіпкер

-Сіз кондитер саласына қалай келдіңіз? Бұл салаға бет бұруыңызға не түрткі болды?

-Менің кондитер саласындағы алғашқы қадамым студент кезден басталған болатын. Негізгі мамандығым-мұғалім. Осы кондитерлік дүкенді ашпас бұрын өзімді дамыту мақсатында түрлі шеберлік сабақтарға қатыстым. Оларды көріп, үйрене келе неге мен де осындай кәсіп ашпасқа деген ой келді. Сонымен осы орынды жиырма күнде аштым. «Миндал» тәттілер әлемі қазір тұтынушылар  сұранысына сай жұмыс істеп жатыр.

-Шеберлік сабақтарын қаншалықты жиі өткізіп тұрасыз?

-Әрине, жиі өткізіп тұрамыз. Айына екі рет ұйымдастырамыз, топта он бес қыз болады. Шеберлік сабақтарын тек Сарыағаш қаласында ғана емес, бүкіл Түркістан облысы бойынша өткізіп тұрамыз. Сонымен қатар, онлайн шеберлік сабақтарын инстаграмдағы жабық парақшамызда жиі ұйымдастырып отыруға тырысамыз.

-Гүлнұр ханым, тұтынушылардың арасында ең көп сұранысқа ие деп қай торт түрлерін айтар едіңіз?

-Бізде торттар тек қана табиғи өнімдерден жасалады. Қызыл бархат, вупи пай сынды торттарымыздың сұранысы жоғары. Өзге де жаңа торттарды шығарып халыққа ұсынып жатырмыз. Алдағы уақытта ғажайып торттарды жасап  халықты қуантқым келеді.

-Қазіргі уақытта халықтың тапсырыс беру деңгейі қандай? Аптасына қанша тапсырыс қабылдайсыз?

-Күнделікті тапсырыс беру деңгейі өте жоғары деп айта аламыз. Бізге дүкендерден, тойханалардан үнемі тапсырыстар келіп отырады. Қарапайым халықтың өзі дәл ойындағыдай таппаған торттарын осы жерге келіп тапсырыс беріп алып кете алады.

-Тортқа қажетті ингредиенттер мен сәндеуге арналған заттарға айына қанша қаражат жұмсайсыздар?

-Жаңа айтып өткенімдей бізде барлығы табиғи өнімдерден жасалған соң қаражат та көбірек жұмсалады. Осынша баға деп нақты айта алмаймын. Бастысы, тапсырыс берушінің көңілінен шығуымыз керек. Тортқа қажетті заттарды тұрғылықты бір мекен жайдан алмаймыз, сондықтан айына кететін шығын әр кезде әрқалай болып келеді.

-Шыны керек, кондитерлік салада бәсекелестік деңгейі шарықтап тұр. Үйде отырған қыз-келіншектер YouTube желісінен түрлі торттарды жасап үйреніп, инстаграм парақшалары арқылы кәсібін дөңгелетіп отыр. Сіздің торт жасаудағы ерекшелігіңіз қандай? Кәсіби құпияңыз бар ма?

-Біз ешқандай дүниені құпия сақтамаймыз. Себебі, адамның жасағанын адам жасайды ғой. Барлық қыз-келіншектердің қолынан келеді деп ойлаймын. Студент кезімде адамдар тортты қалай жасайды екен деп ойланатынмын. Шынында, бұл оңай екен. Ең бастысы ниет, ынта болу керек. Қандай торт жасаса да махаббатпен жасау керек.

-Біздің жасап отырған тортымыз шамамен қанша теңге тұрады?

-Өз бағасы 5000-6000 теңге болады. Сатылымда сәндеу жұмыстарына көп уақыт жұмсалатын торттардың бағасы да жоғары болады. Өйткені, ол көп жұмысты талап етеді. Жарық, газ деген қосымша дүниелер де бар. Бастысы тұтынушының көңіліндегідей торт жасап бергіміз келеді. Бір тортты жасау оңай емес, сырттан оңай көрінгенімен оның артында қаншама еңбек жатыр.

-Ең алғаш қандай торттарды жасап бастадыңыз?

-Ең алғаш «Балды тортты» жасап бастадым. Ауылда мектепте оқып жүрген сәтте пирог пісіруге аса қатты көңіл бөлмедім. Ауылымызда тандыр болатын, соған пирог пісіретінбіз. Уақыт өте келе өзім үйреніп бастағаннан кейін вупи пай тортын пісірдім. Бірден үйреніп кету оңай емес әрине, барлығы тәжірибемен келеді. Алғашқы жасаған торттарым кейде ойымдағыдай шықпай қалған кезде «енді торт жасамаймын» деуші едім. (күлді) 

-Кондитерлік салада өзіңіз үлгі тұтатын адам бар ма?

-Қазіргі таңда жас кондитерлер бірігіп инстаграм желісінде Түркістан облысы бойынша онлайн марафон өткізіп жатырмыз. Бұл саладағы үлгі тұтатын адамым-Ақтөбе қаласында тұратын Самал есімді әпкеміз. Ол кісінің торттары шынымен де ғажайып деуге болады.

-Алдағы уақытта блогерлік жолды қолға алу ойыңызда бар ма?

-Иә, ол әзірге жоспарымда бар. Алдағы уақытта міндетті  түрде бөлісеміз.

Сұқбатыңызға рақмет!

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ