Ақыш Нұрдәулет Бәбиханұлы және әдеби дәстүр

Ақыш Нұрдәулет Бәбиханұлы және әдеби дәстүр
жеке
блог

Әдеби әлем әр кезеңнің айқын көрінісі, айнасы болып табылады. Өз заманының өзекті мәселесін сөз етіп, тарихта да, әдебиетте де орын алған ақын-жазушыларымыздың өнері Алтай тауындай биіктен орын алғандай. Уақыт өзгеріп, жаңа күннің тууы көптеген өзекті мәселелердің әдебиет өкілдерінің де туындыларында сөз етілгені бізге мәлім. Талантты ақын-жазушылар қазіргі әдебиеттің де төрінен тамырын тереңдете білді. Осы секілді жазушылық өнерімен бірге сыншылдық пен ғылымды да ала білген өнерлі Ақыш Нұрдәулет Бәбиханұлының жазушылық әлеміне көз жүгіртсек. 

Жазушы өзінің ұғымды әрі қарапайым шығармаларымен өзінің оқырмандарына танымал бола білген. Кейін сыншылдық пен ғылымды да бірге ала отырып, өзінің жазушылық өнерін шыңдай білді. Нұрдәулет Бәбиханұлының шығармалары оқырмандарын өзінің тақырыбымен баурап алып, мазмұны мен мағынасына да үңілдіре береді. Ал жазушының әдеби дәстүр деген ұғымға, әдеби әлем мен оның ұстанымдары туралы жаңа ақпараттарды біз жазушымен өткен кездесуде білдік. 

2021 жылдың 16 наурызында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ақыш Нұрдәулет Бәбиханұлымен онлайн кездесу өтті. Кездесу барысында жазушы өзінің жеке тәжірибесімен, өміріндегі болған қызықты оқиғаларымен бөлісті. Бұл кездесуден әр тыңдарман магистрант өзіне керек деген ақпараттарды ала білді. Нұрдәулет Бәбиханұлы ғылым мен әдебиетке байланысты өзінің көптеген ойымен бөлісті. Осы тұста ең алғашқы талқыланған мәселеге назар аударсақ. Жазушы “әдебиет теориясы мен ғылымынан бейхабар жазушылар бар, ал белгілі бір туындыны жарыққа шығармас бұрын қаламгер оның көркемдігіне, эстетикасына, әдеби нормасына назар аударуы тиіс” дейді. Нұрдәулет Бәбиханұлы өзінің бұл пікірін тек жазушыларға ғана емес, прозаиктерге де, ақындарға да, драматургтарға да қатысты екенін сөз етті. Көркемдігін сақтай білген туындыны кемшіліктеріне баса назар аудармай оқуға болса, норма мен көркемдігі сақталмаған шығарманы жаныңа жақын тартпайсың деген пікірді де ұсынды. Яғни қонағымыз жазушының әдебиет теориясын да, көркемдік пен норманы да біле отырып барып шығарма жазуы дұрыс болады деп есептейді. Осы тұста Нұрдәулет ағамызға бірінші сұрақ қойылды: “Ғылым мен көркемдікті бірге ұстаймыз деп уақытты өткізіп алмаймыз ба?” (Жұмақан Әсем). Жазушыны бұл сұрақ ойландырып, толғандырғандай болды десем қате айтпаспын. Себебі жауап мынандай көрініс тапты: “Иә, уақыт деген де өте маңызды құбылыс қой. Алайда өзім уақытқа назар аудармаймын. Өзім жоспармен жүремін, яғни өз шығармаларымды басы мен соңының қалай көрініс табатынын жоспарлап аламын” дей келе алғашқы пікіріне қарсы шыққандай болды: “егер талант болса, шығарманы қалай жазуды көріп тұрса, дайындалмай-ақ керемет туындыларды жазса болады” дейді. Яғни сөз басында жазушы деген әдебиеттің теориясына, әдеби нормаға назар аударып, оны көркемдікпен, эстетикамен бірге ала жүруі тиіс десе, кейінгі сөзінде талантқа жүгінген. Осымен біз жазушының магистранттардың пікірін тыңдап, оны өз назарына алғанын байқай аламыз. Бұл – жазушы мен ақындардың бойынан табылу керек ең бір жоғары бағаланатын қасиеттердің бірі. 

Екінші бір қозғалған мәселе тақырып мәселесі болды. Нұрдәулет Бәбиханұлы өз шығармаларына керемет атау қоя білген. Бұл атаулар бір жағынан туындының мағынасы мен сюжетін ашып-жайып көрсеткендей болса, екінші бір жағынан оның бойында бір құпия бар тәрізді ойлар келеді. Бұл жазушының шеберлігі мен оқырмандарын түсінуімен де тікелей байланысты. 

Ал Нұрдәулет Бәбиханұлы шығарманың тақырыбы мен идеясын қайдан алады? Кімнен шабыт алады? Бұл сұрақтарға біздің қадірлі қонағымыз былай жауап берді: “Көптеген жазушылар қияли шарықтатып, ойдан шығарып жазады ғой. Мен ондай емеспін. Менің қиялым онша дамымайды. Жалпы, өмірде бар нәрсеге көркемдік бояу қосып, сол деңгейде жазып шығуға тырысамын” дейді. Нұрдәулет ағамыздың шығармаларын оқи отырып, енді біз бұл оқиғаның шындықтың куәсі екеніне, өмірдегі оқиғаның көрінісі екеніне назар аударатын боламыз. 

Қонағымыздың кімнен шабыт алатынын немесе жазушылыққа бет бұруына кім әсер еткенін біз осыған дейінгі де мақалалардан, сұхбаттардан білеміз. Сыншылдыққа Нұрдәулет Бәбиханұлының назар аударуы біреудің сын жазып беру өтінішінен басталған дейді. Мағыналы  бір сынның артынан бірнеше сыни мақалалар жаза бастаған қонағымыздың “жазушы” деген атағына енді “сыншы” деген атақ қосылды. Өзінің көркем туындыларының орынды бағалануы оның өзге де ақын-жазушылардың шығармаларын орынды әрі мәнді бағалауына ықпал етті.

Нұрдәулет Бәбиханұлы тілімен де, өнерімен де ерекшеленіп, оқырмандарының жүрегінен орын ала білген. Бір ғана “Баба Таня” деген туындысының өн бойында заманның да, ұлттың да өзекті мәселелері орын алған. Екі жастың пәтер іздеп жүріп, Таня есімді әжеге жолығуы олардың болашақтарына үлкен әсер етпесе де, әжейдің танымына өзінше әсер етті. Тақырыбына зер сала келе біз пәтерді жалға беретін орыс әжені елестетеміз, ал әңгіме шынымен де сол туралы ма, оны оқып, мағынасына терең үңіліп қана ұғамыз. Тілі жеңіл жазылған бұл әңгіме желісі де ұзаққа созылмайды, яғни оқиғалар қызықты әрі шағын кезеңдерге бөлініп көрсетілген. 

Міне, осы секілді біздің қонағымыздың туындылары жетерлік. Ол шығамалардың өзектілігі біздің тап қазіргі уақыттағы мәселелеріміздің де айқын көрініс болмақ. 

Нұрдәулет Бәбиханұлымен сұхбат барысында біз көптеген әдебиет өкілдерінің де есімін естідік. Әдебиет – қоғамның дамуының айнасы. Әдеби дәстүрді сақтау – әркімнің қолынан келе бермейтін құбылыс. Сол себепті қазақ танымы мен дәстүрін сақтай отырып сыр шерту әрбір ақын-жазушының негізгі миссиясы болмақ. Ақыш Нұрдәулет Бәбиханұлы өзінің бұл миссиясын сәтті орындай алды деп ойлаймын.


Әзімханова Жарқын Берікқызы

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 

1 курс магистранты