Алаш қайраткерлерінің философиясындағы  тәуелсіздік идеялары
жеке
блог

Алаш қайраткерлерінің философиясындағы тәуелсіздік идеялары

     ХІХ ғасыр аяғы және ХХ ғасыр басындағы кезең қазақ деген ұлттың не тарих сахнасынан мәңгіге жойылып кетуіне, не болашағы жарқын халық боп қалыптасуына себеп болған аралық кезең. Өйткені дәл осы тұста орыстардың отарлау саясаты күшейген үстіне күшейіп, түркі тектес халықтың бәрін жаншып, езгілей бастады. Бұлай жалғаса беруіне жол бермеу керегін түсінген Алаш зиялылары отарлау саясатын тұқыртуға білек сыбана кірісті. Бұрынғы аталы сөзге тоқтаған ұлы бабалармыздың заманы келмеске кетті. Енді қай-қай мәселені де сөзбен емес, іспен шешетін сәт туды. Ұлттық ғылым академиясының академигі, Тарих ғылымының докторы Манаш Қозыбаев алашордашылардың философиясындағы негізгі тәуелсіздік идеясы заңдағы құқығын азамат ретінде қорғауы, саяси тұрғыда еркіндікке жету, мәдениет пен ғылымды дамыту [1] екенін жазады.

    Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан өзгенің езгісіне төтеп беретін жалғыз күш - рухани, мәдени тұрғыдан жетілу деген тұжырым шығарды. Осындай идеяның төңірегінде қазақтың “сүт бетіндегі қаймақтарына”, яғни ел алдында беделі қалыптасқан білімді азаматтарына оқулық, кітап жазу деген абыройлы істі зор сеніммен тапсырды. Арада қанша уақыт өткеніне қарамастан, ақпараты ескірмей, әлі күнге өзектілігі сақталып, біздің таусылмас қазынамызға айналған кітаптар осы идеяның жемісі. Ахмет Байтұрсынұлы “Тіл құралы”, Қаныш Сәтбаев “Алгебра”, Жүсіпбек Аймауытов “Психология”, Мағжан Жұмабаев “Педагогика”, Халел Досмұхамедов “Табиғаттану” оқулығын жазды. Бөкейхановтың өзі жағрафия мен астрономия саласына қатысты халық ағарту ісімен айналысты. 

    Қазақ халқы көшбасшы деп таныған Әлиханның негізгі философиялық идеясы ел еркіндігін қорғау, соның ішінде сайлауға қатысуға баршаға бірдей құқық беру, барлық ұлтты тең дәрежеде көру дегенге саяды. Бұл туралы тарихшы ғалым, профессор Мәмбет Қойгелдиевтің іргелі зерттеу еңбегі [2] де бар.

      Қазақтың алғашқы романы - “Бақытсыз Жамалды” жазған Міржақып Дулатов қазаққа феминизм керек пе, жоқ па деп дал боп жүрген халық үшін сол кезде-ақ жауабын бір щығармамен беріп кеткен. Өйткені ұлт еркіндігі - әйел бостандығынан басталатынын сол заманда-ақ түсінген. Қызын дәулетті деп малға сатқан, шалға ұзатқан халық ешқашан бодандықтың құрсауынан шыға алмайды. Ондай анадан еркін ойлайтын, таным көкжиегі кең бала тууы екіталай. Дулатовтың “Азамат”, “Терме” жыр жнинағына да зер салсақ, әр шығармасының астарынан тәуелсіздік идеясын табамыз. Оның философиясы қазақтағы ағартушылық ісінің екі буын арасындағы сабақтастыққа және кез келген мәселені ұлт тұрғысынан сыни ойлау, ұлттық менталитет іргетасын мықтап қалау идеясына құрылады.

    Әлихан мен Міржақыптан өзге де Алаш зиялыларының философиясындағы еркіндік идеясы, азаттық жолындағы күресі әр сөзінен, әр ісінен қылт етіп көрініп отырды. Бүгінгі бейбіт күніміз сол идеяның ең тәтті жемісі, сол философияның жеткен жеңісі.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Қoзыбaeв M. Aқтaңдaқтap aқиқaты. – Aлмaты, 1992. – 18 б.

2. Қoйгeлдиeв М. Aлaш қoзғaлыcы. Aлмaты: Caнaт, 1995. – 98-99 б.

 

 

Данат Жанатаев

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

 

профессоры, доцент

 

Шұғыла Рабқатова

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

 

Магистранты