Жыр алыбы – Жамбыл

Жыр алыбы – Жамбыл
жеке
блог

Қазақтың халық поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаевтың есімі бүгінде дүние жүзіне мәлім. Ғасыр жасап, екі заманның бірдей куәсі болған ақын өз тағдырын туған халқымен тұтастырып, оның бар өмірін, биік мұратын, мұң-мүддесін жырына арқау етті, дәстүрлі қазақ жырын жаңа дәуірдің талап-тілектеріне орайластыра, жаңарта, жақсарта білді. Кәсіби ұлттық әдебиеттің өкілдерімен қатар жасаған ол сол әдебиеттің жаңалықтарын халық поэзиясында пайдаланып, өзі білген халықтың сөз өнерінің тапқыр да бай үлгісін, азаматтық дәстүрін олардың бойына сіңіруге тырысты. Сөйтіп, ол халық поэзиясымен жазба әдебиетінің арасындағы көпір сияқты болды. Бұл жағдайлар Жамбылдың шығармашылық өнерін өлшеусіз биікке көтеріп, XX ғасырда халық поэзиясының жаңа бір өрлеуі туғанын әйгіледі.

Жамбыл 1846 жылы қазіргі Жамбыл облысының Шу өзені бойындаңы Жамбыл тауының етегінде ақпан айының аяқ кезіндегі қыстың бір боранды күндерінде туыпты. Содан ол Жамбыл атын алған. Әкесі Жапа Ыстыбайұлы жоқшылық зардабын көп тартқан кедей, бірақ тумысында ержүрек, батыр адам болған. Жамбыл оның үш ұлының ортаншысы екен. Ол жас кезінен тағдырдың қиыншылықтарын, халықтың күйзелістерінің куәсі болған. Болашақ ақынның көзқарасы да осындай жағдайда қалыптасқан болатын. Жамбыл ешқайда оқып білім алмаған. 17 жасында оның Тәйті деген ағасы ауыл молдасына алып барған екен, бірақ молданың бірінші таяғынан кейін Жамбыл оқуға баймай қойған деседі. Есейіп, сөз өнерін қууға ниет ете бастаған жас талант молда алдындағы қорлықты бірінші рет өлеңмен суреттейді:

Шып-шып етіп молданың
Қолындағы тобылғы,
Қозғалтпайды жон жағым,
Талай дүре соғылды.
Торсылдатып танадай,
Жыртар болды тонымды.

Жамбыл шығармашылығы – қазақ авторлық ауыз әдебиетінің қызықты да қайталанбас құбылысы. Он бес жасынан өлең айта бастаған Жамбыл шығармаларының бас нысанасы – сол кездегі қазақ ауылының күнделікті тіршілігі, жеке адамдардың мінез-құлқы, болыс пен байлардың іс әрекеті. Ол шығармалардың дені – арнау  мен мысқыл өлеңдер, айтыстар болды. Онда Жамбыл шыншыл да, сыншыл ақын түрінде көрінеді. Халықтың төменгі тобының ішенен шығып, өнер қуған ақынның ендігі мектебі де елінің өмірі мен шындығы болды. Ол еңбекші елдің кемтар тіршілігін, ел басшыларының әділетсіздігін, таптық қайшылықты көп жырлаған. Ол «Жылқышы», «Кедей күні» өлеңдерінде еңбегі мен ейнеті жанбаған адамның аянышты күйін, оны тағдыр талқысына салған заман қатыгездігін айтады.

«Сары түнге сарылып, кірпік ілмей,
Салқын күзде бір жылы үйді білмей,
Сахарада салақтап күндіз-түні,
Бұралқы ит пен малшының сиқы бірдей»,-деген жолдарда қазақ ауылындағы малшы тіршілігінің қатал да ащы шындығын бейнелейді.

Ақынның атын айрықша танытқан – айтыстары. Бұл жайында ұлы жазушы М.Әуезов «Жамбылдың айтыстағы өнері» атты баяндама жасап, ақындық қуатына, шеберлігіне тәнті болған. Құлмамбетпен, Досмағамбетпен, Сарбаспен, Шашубай, т.б қазақ ақындарымен, Балық, Молда Бағыш, Мұраталы, т.б. қырғыз ақындарымен айтысы ақындық логикасының шалқуын, көркемдік логикасының мықтылығын, эстетикалық талғампаздығын айқын көрсетеді. Бірақ көп айтыстары кезінде жазылмай, ұмытылған болатын.

Ақын сексеннен асып, тоқсанға таяған шағында көрген-білгендерін ой қазанында қорытып, өмір жайлы толғауларын жазды. Оның «Замана ағымы», «Туған елім», «Менің өмірім» атты толғауларының қазақ әдебиетіндегі орны ерекше. Жүз жасаған ақынның өмір сүрген уақытында қазақ халқының басынан неше алуан ірі-ірі тарихи оқиғалар өтті. Ақын қазақтың жүз жылдық тарихының ғана емес, арғы-бергі тарихының өмір шындығын көркем шындыққа айналдыра білді. Жамбыл – халық ақыны. О баста суырып салма айтыстан басталған отты өлеңдерінде халықтық үн, халықтық зар басым. Жеке өз басының мұңын жырға қосса да жетіп артылатын еді. Екі ғасырдың көшінде бір ғасыр ғұмыр кешіп, сан түрлі оқиғаға куәгер болған Жамбыл ақынның қуатты жырлары күні бүгінге дейін өз сарынын жоймаған. Жоймайды да. Өйткені, шындық жырланған, ақиқат ат үстінде айтылған өлеңдер өміршең келеді.