Адам өміріндегі эстетиканың маңызы

Адам өміріндегі эстетиканың маңызы
жеке
блог

     Адам өмірінде әсемдіктің, сұлулықтың, жалпы эстетиканың орны өте ерекше. Біз күнделікті өмірде әрбір істеген ісімізді, жүріс-тұрысымызды, сырт-келбетімізді, өмір сүретін әлемімізді тек қана әсем, сұлу қалыпта көргіміз келеді. Әрқашан сұлулыққа, әсемдікке мән беру біздің ішкі жан дүниеміздің тыныштықта, үйлесімде болуына тікелей әсер етеді.    

     Әсемдік адам өмірінің сәні болып қана табылмай ол оның мәні десек те қателеспейміз. Өйткені еңбек адамды адам еткен болса, сұлулық адам бойын қуаныш әсем сезімге бөлейді, сол еңбекке деген талпынысты, құштарлықты оятады, сұлу қимылдар мен әсем де әдемі қылықтарды әдеттерді қалыптастырады. Әсемдік – материалдық және рухани дүниенің адамды ләззатқа бөлейтін сипаты. Эстетикалық ұғым ретіндегі әсемдік әдемілікпен тектес. Бірақ әдемілік объектілердің сыртқы ішкі қырларын бірдей қамтыса, әсемдік құбылыстардың сыртқы көзге түсетін және пішіндік ерекшеліктерін эстетикалық тұрғыдан қабылдауға жатады.

     Сұлулық – көзіміз бен жан-жүйемізді жаулаған, рухымызда қуаныш пен келісім сезімдерін оятқан, содан жалғасып ары қарай ішкі дүниемізде әсемдікке айналып үлгерген және бізге суреттеп беруге оңайға соқпаған ең қызық дәуренді, балғын балауса сәттерді туғызып отырған мән, мағына, мазмұн және сурет сынды эстетикалық негіздер, не болмаса, осы негіздердің бір бөлігін тамашалатқан ішкі әлеует.

     Эстетика – адамның дүниені эстетикалық тұрғыдан ұғынып-түсіну заңдылықтары туралы, әсемдік заңдарын арқау еткен шығармашылықтың мәнісі мен формалары туралы ғылым.

Эстетика ғылым ретінде осыдан 5 мың жыл бұрын – Мысырда, Вавилонда, Үндістанда және Қытайда дүниеге келіп, Ежелгі Грекия мен Римде кеңінен дамыған. Демокрит, Аристотель, Эпикур, т.б. өз еңбектерінде сұлулықтың объективті негізі – шындық өмірдің заттық қасиеттерінде, байланыстарында, қатынастарында, заңдылықтарында деп білді.

     Эстетика ұғымын ғылыми қолданысқа XVIII ғ. орта шенінде неміс философы Александр Баумгартен енгізді. Ол эстетиканы грек тіліндегі «айстетикос» сөзінен құрастырып шықты. Этимологиялық тұрғыдан алғанда «айстетикос» - сезім, сезіммен қабылданатын деген мағынаға ие. Этимологиялық түбір әлі күнге дейін «анестезия» сөзінде кездеседі.

     Эстетикалық тәжірибе адам баласына өте ерте замандардан тән болды, оның алғашқы көрінісі архаикалық адамның протоэстетикалық практикасынан көрінеді. Яғни олардың өз тұрмысын әрлендіру үшін жасаған, қазіргі кезде біз өнер саласына жатқызатын феномендер оның алғашқы көрінісі болып табылады. Кейінірек эстетикалық тәжірибе мен эстетикалық сана өнерде, күнделікті өмірде тығыз байланыста көрініс береді. Ертедегі Үндістанда, Қытайда, Грекияда мазмұнында эстетикалық мәселелер теориялық деңгейде көтерілген өнер туралы трактаттар мен философиялық мәтіндер пайда болды. Ғарыштың (космостың) хаостан пайда болу тұжырымдамасы («космос» сөзі ежелгі грек тілінде ғарыштан басқа «әшекей», «сұлулық», «тәртіп» деген мағыналарға ие), әсемдікті, үйлесімдікті, тәртіпті, ритмді, өнердегі ұқсастықты санадан өткізуге және сипаттауға ұмтылыс шын мәнінде эстетикалық сананың алғашқы рефлексиясы, эстетиканың ғылым ретінде пайда болуының алғашқы қадамы болып табылады. Яғни, эстетиканың ғылым ретіндегі қалыптасуы өз бастауын осы ежелгі дүниедегі идеялардан алады әрі қазіргі эстетиканың терминологиялық базасын ежелгі грек тілінің сөздері құрайды.

     Сократқа дейінгілер сұлулықты әлемнің сапасы деп таныды. Сократ  тарихтағы ең алғашқылардың бірі болып «Әсемдіктің табиғаты мен мәні қандай?» деген сұраққа толық жауап беруге тырысады. Ол тек «не көркем?» деген сұраққа ғана емес, бірақ «көркем не нәрсе бар?» деген сұраққа да жауап тапқысы келді. Сократ алғаш рет әсемдік түсінігін аралас ұғымдармен салыстыру арқылы анықтауға тырысты. Сократ көркемдік – пайдалылық деп санайды.

     Негізгі эстетикалық категориялар – сұлулық пен сұрықсыздық, асқақтық пен пасықтық, трагедия және комедия болса, олар қоғамдық байланыста, адам өмірінің әрбір саласында – өндірістік-еңбек пен қоғамдық саяси қызметте, табиғатқа көзқараста, мәдениет, тұрмыста, т.б. жағдайларда дүниені эстетикалық тұрғыдан ұғынып түсінудің көрінісі ретінде байқалады. Эстетикалық тұрғыдан ұғынып-түсінудің субъективті жағы – ішкі сезімдерді, талғамдарды, бағалауды, күйзелісті, идеяларды, мұраттарды эстетиканы объективті өмірлік процестер мен қатынастарды көрсете бейнелеудің өзіндік формасы ретінде қарастырады.

Данат ЖАНАТАЕВ, ф.ғ.к.,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті,

Дәулетбекова Балнұр,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты