Көркем аударма

Көркем аударма
жеке
блог

Әл-Фaраби aтындағы ҚaзҰУ прoфессoры, дoцент Жaнатаев Дaнат Жанaтайұлы

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1-курс магистранты  Атшыбаева Алпия

 

Көркем әдебиет аудармасының сапасын бағалау 

Аударма мәтіндерінің типологиясын әртараптандыру, әртүрлі аударма инструменттерінің  және арнайы бағдарламалық құралдардың пайда болуы, аударма теоретиктері мен  тәжірибешілерінің аударма сапасын бағалаудың мәселелеріне деген  зор  қызығушылықтарын тудырды. Аударма сапасын бағалау аудармашылық қызметтің пайда болуынан бастап оның ажырамас бөлігі болып табылады, дегенмен аударманың сапасының нәтижесін бағалауды жүйелі түрде қарастыру әлі де болса толыққанды қалыптаса қойған жоқ. Аударма сапасын бағалаудың жүйесін құру  аудармашылардың кәсіби қызметінің нәтижелілігін арттыру және оларды дайындаудың дидактикалық негізін әзірлеу үшін қажетті.       

Аударма сапасын бағалаудың мәселелерінің жекеленген аспектілері (аударма нормасы,барабарлық пен эквиваленттілік,функциональді-коммуникативтік тәсілін анықтау және т.б)отандық және шетелдік лингвисттердің зерттеу жұмыстарының негізгі нысанына айналды.  

Аударма нормасы аударма сапасын бағалау мәселелерінің маңызды аспектілерінің бірі болып табылады. Аударма нормасына нақты анықтама беруге тырысқан көптеген ғалымдардың ойлары бір арнада тоғыспады әрі  бұл мәселені әр жақты шешу мүмкін еместігі айқын болды. .  В.Н. Комиссаров аударма нормасы түсінігін аударма мәтініне қойылатын бірнеше талаптардың өзара қарым-қатынасының нәтижесі ретінде қарастырды, солардың ішінде аударма эквиваленттілігінің  нормасы мен жанрлық-стилистикалық нормасы маңызды рөл атқарған [Комиссаров 1980:  152]. В.Н. Комиссаров эквиваленттілікті маңызды критерийлердің бірі ретінде санай отырып, соңғы келтірілген тұжырымына қоса,  «барабар» сөздер мен сөз тіркестерінің деңгейіне жететін  және «эквивалентті» аударылған мәтін мазмұнның түпнұсқа мәтінің мазмұнына жақындығын  көрсететін аударма түрлерін ажыратып қарастыруды ұсынды. Барабарлық аударма мәтінінің түпнұсқа мәтіні сияқты рөл атқара алатындығын көрсетеді.

В.В Сдобников пен О.О. Петрова аударма сапасын бағалаудың басты критерийлері бола алатын көптеген бағалау терминдері төңірегінде сұрақтарды қарастырды. Солардың ішінде мына терминдер «барабарлық», «эквиваленттілік», «аударманың толыққандылығы» және т.б [Сдобников, Петрова 2007: 199] В.В. Сдобников текстоцентрлік (В.С. Виноградов,В.Н. Комиссаров, А. Попович) пен коммуникативті-функциональді (М. Бейкер, Дж. Кэтфорд, Ю. Найда, Дж. Хаус) деп аталатын екі тәсілді қарастырды. Текстоцентрлік тәсілдің коммуникативті-функциональді тәсілден басты айырмашылығы шынайы коммуникативті жағдаятты ескермейді. Коммуникативті-функциональді тәсіл шеңберінде оқу аудармасы мен кәсіби аударма арасындағы бірқатар айырмашылықтар айқын көрінеді. Бұл өз кезегінде тіларалық коммуникацияны қамтамассыз ететін құрал  ретінде қызмет атқарады.

«Эквиваленттілік» ұғымы қәзіргі аударматану ғылымында негізі ұғымдардың бірі болып есептеледі. Ю. Найда тұжырымдамасында эквиваленттілікті  аударма сапасын бағалаудың критерийі ретінде қарастырып қана қоймай, аударманың  мақсаты ретінде де  қарастырған. Егер  мазмұнды жеткізу барысында реципиенттердің әсер алу тепе-теңдігін қамтамассыз ету қажет болса, хабарлама формасы көп жағдайда  маңызды бола бермейді.[қараңыз: Сдобников 2016: 32]

Неміс лингвисті Джулиан Хаус аудармаға  нақты баға беру үшін айқын аударма және жасырын аударма деген екі түрін ажыратып қарауды ұсынды. [Сдобников 2016: 37]. Оның пікірінше, аударма сынының негізі  аударма мәтіні мен түпнұсқа мәтінін қатар қойып салыстыруды талап ететін лингвистикалық талдау болуы керек.

Аударма сапасын бағалау тәсілдері мәтін түріне қарай анықталады. Бұл мәселе көркем әдебиет мәтінін аудару жағдайында ерекше сипатқа ие, себебі лингвистикалық және экстралингвистикалық аспектілер екеуі бірдей  аудармашыға қиындық туғызады. Көркем аударма саласында оның сапасын бағалау мәселелері аударманың жеке саласы аударма сыны ретінде қарастырылады. Кейбір зерттеушілер (П.М. Топер, А. Попович) аударма сыншыларының жеткілікті деңгейде белсенді еместігін атап өтеді, бірақ бұл өз кезегінде көркем  аударманың дамуындағы аса маңызды аспекті  деп түсіндіреді.

Көркем аударманың сапасын бағалаудың қиындығы-  әрбір сөзі әдеби  бейнеге айналып, көркемдік-эстетикалық сипатқа ие болатын көркем шығарма мәтінінің көпаспектілігіне тікелей байланысты. Одан бөлек, аударылған көркем шығарма қабылдаушы елдің,мәдениеттің әдебиетінде нақты орын алуы керек. П.М. Топердің пікірінше, көркем әдебиет аудармашысы  макро және микро деңгейдегі екі түрлі мәселелермен айналысады. Бірінші деңгейге ол шығарманың көркемдік-эстетикалық сипаттамаларын жатқызса, ал екінші деңгейге лингвистикалық аспектілерін жатқызады. [Топпер 2000: 3-23].

Көркем шығарма аудармашысының аудармашылық қызметінің үлгісі келесідегідей кезеңдермен көрсетілуі мүмкін:

1.    Көркем шығарманың түпнұсқасы мен оның авторының идиостилін талдау және интерпретациялау. Жазушының идиостилі бұл жерде оның шығармасының көркемдік-эстетикалық мазмұнының кешені ретінде түсіндіріледі. Аудармашы осы кезеңде түпнұсқа мәтінің стилистикалық доминанттарын үлгісін жасап, өзінің интерпретациялық позициясын анықтап алуы керек.

2.    Лингвистикалық және экстралингвистикалық мағлұматтарды  өңдеу. Аударма- шығармашылық сәттер мен аналитикалық операцияларды жүзеге асыру барысында болатын мәліметтерді ерекше өңдеуді қажет етеді. [Голубкова 2015: 245]

3.    Аударма тілінің құралдарымен түпнұсқа шығармасының тілдік мәнерлілік доминантты  құралдарын жаңғыртуда аударма стратегияларын таңдау. Метафорларды, эпитеттерді, авторлық неологизмдерді және т.б аударма тіліне аудару барысында  эстетикалық-релевентті нұсқаларын таңдау кезінде кездесетін  аудармашылық мәселелерді шешуде аудармашының шығармашылық және эвристикалық әлеуетін анықтау.

4.    Аударма  түпнұсқа  мәтінін  қабылдау және мәтінді екінші бір тілде жаңғыртуда аудармашының іс әрекеттерін қамтитын рецептивті(қабылдаушы) және продуктивті(өнімді ) аспектілерін құрайды. Мәтін- ол сөйлеу әрекетінің нәтижесі де, оның өнімі де, сонымен қатар мәтіннің өзінің жасалу үдерісі де болып табылады. [Голубкова 2015: 251]. Осыған сәйкес, аудармашы мәтінді талдап, жазушының идиостилін анықтап, лингвистикалық мәліметтерді өңдеп және аударма стратегияларын айқындай  отырып мәтінді аудару үдерсіне,яғни түпнұсқа мәтінін екінші тілде жаңғырту үдерісіне(процессіне)кіріседі.

5.    Аударма үдерісінде аудармашы аударма қиындықтарын анықтап, оларды шешу үшін аударма мәселерін айқындап алуы керек. Әдеттте аудармашы аударма нұсқасын таңдауда қиындықтарға кезігеді. Белгілі бір  аударма нұсқасын таңдауға қатысты шешім қабылдау арнайы, ерекше стратегияларды құруды талап етеді.

6.    Басында   қабылданған аудармашылық шешімдердің дәйектілігін бақылап, растауға арналған «қайта жаңғырту» тәсілімен аударма мәтінін талдау. Таңдалған интерпретациялық позицияға, шығарманың көркемдік-эстетикалық  табиғатын анықтау мен оның стильдік доминнаттарына(басымдылықтарына) байланысты аудармашы  сол кезеңдегі қоғамның оқырман қажеттіліктеріне сәйкес келетін белгілі бір шешімді қабылдай алады, ал басқа тарихи дәуірде оларды оқырман қабылдамауы мүмкін немесе аударма нормасына сәйкес емес деп қарастырылуы мүмкін. Бір шығарманың әртүрлі аудармасы болған кезде, бұл  аударманың вариативтілігінің алғы шарты болып табылады.

 

Әдебиеттер

Голубкова О.Н. Моделирование процесса перевода как средство

интеллектуализации переводческой деятельности // Многоязычие в образовательном

пространстве : сб. ст. – Вып. 7. – Ижевск, 2015. – б.  245–257.

Комиссаров В.Н. Лингвистика перевода. – М. : Международные отношения,

1980. – 166 бб.

Сдобников В.В. Оценка качества перевода (коммуникативно-функциональный

подход) : монография. – 3-е изд., стер. – М. : ФЛИНТА : Наука, 2016. – 112 б.

Сдобников В.В., Петрова О.В. Теория перевода : учебник. – М. : ACT : Восток–

Запад, 2007. – 448 б.

Топер П.М. Перевод в системе сравнительного литературоведения. – М. :

Наследие, 2000. – 254 б.