Алаштың ардақты азаматы

Алаштың ардақты азаматы
жеке
блог


Ломоносовтың бойында екі түрлі қабілет бар- ақындық пен ғалымдық, оның соңғысы алғашқысына қарағанда күштірек”- деген еді В. Белинский. Осыған ұқсас жайды Ахмет бойынан да көреміз. Оның ақындығын ғалымдығы жеңіп кетті… Қазақ даласына азаттық идеясы тарай бастаған тұста жаңа поэзияның бастаушысы, алғашқы ту ұстаушысы болып Ахмет қашан да тарих биігінде тұрады.

(Серік Қирабаев)


Тағылымы терең ұлт тарихына үңілсек зиялы қауым өкілдері, алаш көсемдері біздің болашағымыз үшін аянбай еңбек еткенін білеміз. Сол алаш көсемінің бірі, ұлттың ұлы ұстазы- Ахмет Байтұрсынұлы. Ұлт үшін қосқан елеулі үлесін айтар болсақ, ұстазымыз ғалым, ақын,педагог, аудармашы, публицист қызметтерін атқарды.
Кезінде ғалымның есімі қуғын-сүргінге ұшырап, жарты ғасырдан астам уақыт аталмай келгенмен, кейін ақталып, тарихымыздан лайықты орын алып келеді. Ахмет Байтұрсынұлы туралы зерттеу жұмыстары, монографиялар, мақалалар,кітаптар жазылып, жарияланып,күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатыр. Бұл мақалада Райхан Сақыбекқызының  "ҒАСЫР САҢЛАҒЫ: АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҒҰМЫРБАЯНЫ" атты монографиялық еңбегіне сүйене отырып, ағартушы ұстаз туралы жазылған мақалалар легіне шолу жасап, көпшілікке ұсынбақпын.
А.Байтұрсынұлының ақындығы деген тақырыпта ой-пікір, толғанысын С.Қирабаев өзінің ЖОО-на арналған оқу құралында талдап, таратса, Т.Кәкішев ғылыми-зерттеу мақалаларында: «Ахметтен тараған азатшыл поэзия», «Ахмет сыни ой-пікірдің, саяси көзқарастың, көркемдік таным біліктің платформасы» деп оның сын жанрына еркін және тамаша білімдарлықпен, эстетикалық биік талғаммен барғанын, Қазан төңкерісіне дейін туған әдеби сынымыздың өресін жоғарылата түскені даусыз екенін айтады.
Академик С.Қирабаевтың «Ахметтің ақындығы» талдау мақаласы 1990-жылы жазылды. Мұнда «қайраткерді әлеуметтік шындықтың ақыны, дәуірлік құбылыстарды нақ сыпаттаған, жаңашыл ақын әрі ойшыл суреткер» екендігі оның төл өлеңдерін талдап, тарату арқылы сараланады.
Зерттеуші «Қазақ қалпы», «Қазақ салты», «Жиған-терген» атты өлеңдеріндегі «бейнелілікке» баса назар аударып, қиын-қыстау кезінде – алаш азаматының бәрін «таразыға тартып», сыннан өткізген суреткер-ақын дейді.
Ахмет Байтұрсынұлы туралы тағы бір замандас әрі рухани інілерінің бірі Елдес Омаров «Ахмет Байтұрсынұлының ғалымдық қайраткерлігі» деген мақаласында қайраткерді «...күллі қазақ даласы біледі, оның талантын жоғары бағалап құрмет тұтқанымен, бәрібір оны дұрыс түйсініп бағалай білмейді» деп жазады.
1923-жылы тұлғаның 50 жасқа толу мерейтойына орай, С.Сейфуллин, М.Әуезовтер мен «Ақ жол» газетінің басқармасы тарапынан танымы терең құттықтау мақалалар жазғаны, бұл мақалалардың ахметтану мәселесінде үлкен рөл атқарғанын, бүгiнгi ғалымдар зерттеу еңбектерінде талданып, жазылып жатыр.
Ғалымның еңбектеріне деген қызығушылықтың көптігі көңіл қуантады. Біз де "Тіл-құрал" оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығынан өндірістік тәжірибеден өтудің арқасында Ахмет Байтұрсынұлы туралы көптеген еңбектермен танысып, оның шығармашылын талдауды үйрендік. Өндірістік тәжірибе барысында ғалымның өмірімен, еңбектерімен, атқарған қызметімен тереңірек танысып,өзіміз үшін көптеген жаңалықтар аштық. Өндірістік тәжірибе барысында бізге жетекшілік еткен оқытушымыз: Р. С. Имаханбет, Ш. А. Шортанбаев және ғылым магистрі А. И. Есентаева.

Бегалиева Ақерке Асқарқызы, ҚазҰУ, филология және әлем тілдері факультеті, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенті, жетекші Ләйлә Мекебаева ,ф.ғ.к, аға оқытушы