Қазақ ғылымы мен білімінің хантәңірісі

Қазақ ғылымы мен білімінің хантәңірісі
жеке
блог

2017. Алматыдағы алғашқы жылымыздың енді басталған шағы. Кураторымыз Гүлмария Оспанова бізді Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйіне апарды. Ауылдағы мектеп музейінен өзге музейге аяқ баспаған бізге Ахмет Байтұрсынұлының «халық жауы» атанып ұсталған, төрт бөлмеден тұратын өзінің үйіне келу, оның үстіне Ахмет Байтұрсынұлы томдарының тұсаукесеріне қатысып, домбырашы қыздардың өнері ерекше есте қалды...

2020 жыл. Соңғы курс. А. Байтұрсынұлы «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығынан өндірістік тәжірибеден өтудеміз. Ахмет Байтұрсынұлының поэзиялық, прозалық туындыларын мерзімді басылым беттерінен жинастырып, бұрын-соңды кездестірмеген жаңа мәліметтерді бізге жетекшілік етуші оқытушылар: Р.С.Имаханбет, Л.Мекебаева, Ш.А.Шортанбаев және А.И.Есентаеваның бағыт-бағдар көрсетуімен топтастырдық. Түйгенімді парақ бетіне түсіруді жөн көрдім...

 

Алашқа қаны бір Алаш ұлынан артық жаны ашыр бауыр табылмасы анық. Мұны «Алашқа бас болып, Алаштың туын тіксек» деп торғайдай шырылдаған зиялымыз «Алашорда» үкіметінің көшбасшысы, республикалық демократиялық «Қазақ» газетінің негізін қалаушы, педагог, қоғам қайраткері, ақын, аудармашы, журналист, қазақтың тұңғыш профессоры Ахмет Байтұрсынұлының ғұмырынан да көреміз.

Саналы өмірін қазақ жұртының тілі, діні, ділі, жері жөніндегі жұмыстарға арнап, өз өмірінде 5 рет сотталып, екі рет жер аударылған ұлт ұстазының ғұмыры жайында 1923 жылы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойында үкімет мүшесі Сәкен Сейфуллиннің «Қазақтың басқа оқығандары шен іздеп қызмет қылып жүргенде, сол заманда А.Байтұрсынұлы қазақ халқының қамын ойлаған жалғыз кісі еді» деген сөзі айқындайды.

Қазақ университеті ашылғанда сөйлеген сөзінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Артта қалған халық қашан да озат ұлттарға тәуелді болады, сондықтан қазақ жастары елін теңдікке жеткізу үшін арымай-талмай білім алулары керек,»-деп, білімсіз ұлтты азат ете алмайтынын түсініп, балалардың оқуға, сауатын ашуға арналған қазақша хрестоматиялық оқулықтар, түрлі еңбектер жазып қалдырды.

Негізгі үрдісте қазақ ағартушылығы, қазақ ұлтшылдығы дұрыс басталған, бірақ, амал қанша, Ресей империясы, кейін оның Кеңес өкіметі бұл екі үдерісті де үзіп тастады. Екеуіне де табиғи жолмен аяқталуына жол бермеді.

1937-38 жылдар бірін-біріне айтыстырып-шабыстырып, «халық жауы» дегізіп, қазақтың жауқазындай қаулап шыққан биік саналы, беделді асыл азаматтарын бір-бірлеп ұстап, атқанын атып, айдағанын айдап қаңсыратқан, дүбірі мен дүрбелеңі жалпақ даланы қара құйын дауылға ораған шырғалаң шақ еді. Зобалаң сойқанға толы, зорлығы шектен асқан зәрлі кезең. Адамды адам қасқырдай талаған кез болды. Қанды қырғынның алғашқы оты 1937 жылы Мәскеуде өткен ВКП(б) ОК ақпан-наурыз пленумындағы «Жапон-неміс-троцистік агенттердің  тыңшылықтары мен қаскүнемдіктерінің сабақтары» және Сталиннің «Тройцкийшілдер және  басқа да екіжүзділіктерді құрту бойынша партиялық жұмыстардың жетіспеушіліктері» атты баяндамасын талқылағаннан кейін басталды.

Бұл ахуалды атына –тұрман, жұртына –құрбан болсам деген ұлт көсемдеріміз  білмеді емес, білді.

Оны Әлихан Бөкейхановтың сөзі айқындайды: «Шырағым, Ахмет, Міржақып, сендердің таңдаған жолдарың абақты жолы, азапты жол. Бірақ бір нәрсені түсініңдер. «Баяғыда, доңыз бен аққу дос болыпты. Бір күні доңыз аққудан: -Әй, аққу, сен күн бар дейсің,күнді мен неге көрмеймін? -депті. Сонда аққу: - Доңыз, сені Алла төмен қаратып жаратқан, сондықтан сен аспандағы күнді көре алмайсың, -депті. Осы мысалға Әлихан былай деп тұжырымдама жасаған: «Шырағым,алда әлі күнді көре білетін ұрпақ келеді. Сол күнді көретін ұрпақ сендерді еске алатын болады. Үлкен ырзашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады. Өкінбеңдер! Мына күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер!».

Ел арасында, тіпті түркі тілдес мемлекеттер арасында беделі зор болған, бірақ билік қорқатын адам болғандықтан Ахмет Байтұрсынұлы қуғындау мен айдаудың нәтижесінде кейіннен орталық мұражайдың бақылаушысы, билет тексерушісі, туберкулез диспансерінің санитары болып жұмыс істеп, қайта-қайта жұмыс орындарынан қуылды. Ұлт ұстазының ғұмыры ащы, бірақ арманға толы болды.

«Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын. Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп басы құралмай, торғайдай тозып бара жатқан халқынан емес, келер ұрпаққа үміт артқан ақын сенімін аузымыз аққа тиіп, басымыз еркіндікке жеткенде қалай ұмытпақпыз?! Бәрі де жадымызда! Сенімдер ақталуда!

 

Жарқынай Әнафияева

ҚазҰУ, филология факультеті,

 қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының

4-курс студенті

Жетекші Райхан Сахыбекқызы Имаханбет, ф.ғ.к., аға оқытушы