ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ОЙШЫЛДАРЫНЫҢ  САБАҚТАСТЫҒЫ
жеке
блог

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ОЙШЫЛДАРЫНЫҢ САБАҚТАСТЫҒЫ

Қазақ даласының кемеңгері Асан Қайғының іздеген «Жерұйық» атты мұраты пессимистік сипаттағы «Зар заман» кейіпкерлеріне орын бере бастайды. Қоғамның болашағын сүреңсіз етіп, ақырзаман құбылысы түрінде бейнеленген «Зар заман» ақындарының шығармашылығынан үлкен орын алатын тақырыпқа айналады. Сонымен қатар Дулат ақынның қоғам өміріндегі болып отырған өзгеріс, кейбір әлеуметтік мәселелерді шешуде оның дәрменсіздігін «Бағасы кеткен жігіттің» деген толғауынан байқап көруге болады. Дулаттың кейбір шығармалары өмір шындығымен тікелей ұштасып жатыр. Ол сол кезеңдегі әделетсіздікке, надан ел билеушілерге қарсы шығып, оларды қатты сынға алды. Сөйтіп, философиялық ойдың осы бір байырғы дәстүрі халықтың отаршылдықтің ілгегіне  түсіп, одан құтылар жол таппай аласұрған тұсында күшейе түскендей еді. Шынымен де, бүкіл халықтың қол-аяғы тұсалады. Жіптің енді шешілместей кұрмелгенін олар өз көзімен көрді де, жүрегімен сезінді. Өздері өмір сүріп отырған заманда жарқын болашақ туралы сөз қозғауды көпшілік түсінбеген де, қабылдамаған да болар. Сондықтан болашақты қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман түрінде елестету үшін алдымен халықты сондай үмітке жетелейтін өзіндік идея керек болатын. Ал отарлау дәуірінің шындығы құлаған хандық биліктен, ондаған сәтсіз күрестерден, күннен күнге күшейген темір құрсаудан тұрғандықтан, келе жатқан жақсы өмір туралы көсіліп жырлауды көпшілік жалғандыққа жорыған еді.

Ресейде өзінің отарлау саясатын 1856-1868 жылдары жүргізілген әкімшілік реформалардан отарлауды нысаналы, әрі қатал түрде жүргізе бастады. Бұл халық арасында наразылықты тудырып, талай көтерілістердің басталуына түрткі болады. Ресейден бодандықты ақсүйектердің және ел басшыларының бір бөлігі ғана қабыл алған болатын. Қазақ елінің ең жақсы жерлері мен су көздерін басып алған келімсектер көшпелілердің миграциялық, дәстүрлі, көші-қонылық айналасына кедергі келтірді. Олар бастапқыда бейбіт қарым-қатынаста болды. Кейіннен келімсектердің көшпелі шаруашылыққа тигізген зиянды әсерінен қазақтар мазасызданып, наразы болуына байланысты бұл бейбіт қатынас біршама бұзылды. Сондықтан қазақ даласындағы тіршілік үшін күрес озық ойлы азаматтарды рухани және материалдық дүниедегі жаңа ізденістерге жетеледі. Ағартушылық философиясының кеңінен үгіттеле бастауы да осы тарихи кезеңнің уақытына сәйкес келеді. Aбай айтқандай «ақынның азаматтық парызы шындықты бейнелеуде, қоғамдық кесірді әділет пен ақылдың билігіне жүгіндіруде» деп білді.

Қазақ халқы үшін осы уақыт қоғамдағы рухани, әлеуметтік және саяси салалардың сапалы деңгейге көтерілу кезеңі болды десек қателеспейміз. Жаңа дүниетанымды, жаңаша ойлауды, елдің көптеген мәселелеріне түбегейлі философиялық және саяси биіктегі көзқарастың болуын қажет еткен қазақ зиялыларының жұлдызы халықтың интеллектуалдық және рухани тұрғыда есейіп келе жатқанын білдірді.

Қазақ халқының қай жағынан алғанда да бай тарихы мен философиясын ұлы тұлғаларсыз, ойшылдарсыз, ақындарсыз көзге елестету мүмкін емес. Себебі, ежелгі заманнан бері ықпалына ерген халқын өрге сүйреп, азаттық пен бостандық жолымен алға бастаған жеке тұлғалар болған. Бүгін біз олардың бірінің жасаған іс-әрекетін құрметпен еске аламыз, ал екіншісіне өкінішпен бас шайқаймыз. Ал, әңгіме философия, мәдениет, өнер мен поэзия жайына ауысқанда, данышпандарымызды ауызға алмау мүлдем мүмкін емес. Кез келген поэзиялық, философиялық еңбек және мәдениет пен өнер туындысы жеке адамның ғана ішкі дүниесінен жарып шыға алады. Кең-байтақ даламыздағы өркениет көшінің өн бойынан қадау-қадау шыңдар тәрізді бейнелері асқақтай түскен осынау айрықша философиялық ойлау стилі бар тарихи тұлғалардың мұрасы кейінгі қоғамдық ойдың даму барысында орасан зор ықпал жасағандықтан, халық жадында мәңгі сақталған. Демек, маңызы зор туындылардың философиялық астары тереңде жатыр. Оған үңілу үшін шығармалардың текстологиялық, герменевтикалық талдауларын жасау арқылы ғана оның негізгі философиялық ойын ашып алуға болады. Бір сөзбен айтқанда, қазақ поэзиясы мен прозасы философиялық ойдың бірден-бір өмір сүру формасы болып табылады. Олардың негізі ХХ ғасыр басындағы қазақ қайраткерлерінің шығармаларында көрініс береді.

Қазақ халқының дүниетанымдық мәселелерді терең зерделеуге талпынуы, рухани түлеуге ұмтылысы кезінде қазақтың ұлттық интеллигенциясы қалыптаса бастағанын жақсы білеміз. Сана-сезімі оянған қайраткерлердің басты арманы қазақтың санасын ояту, надандықтан арылу, халықтың бойына сіңген кереңдіктен құтылу, әйел теңдігін жақтау болды. Мұны қазақтың өткен ғасырдағы алғашқы кәсіби философы болып саналатын данышпан Шәкәрім, одан соң ұлт зиялылары М.Көпеев, Ғ.Қараш, А.Байтұрсынов, С.Көбеев, Ә.Бөкейханов, М.Шоқай, М.Дулатов, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, І.Жансүгіров, М.Әуезов және т.б. шығармаларында көрсетті. Олардың туындыларында ғасырлардан келе жатқан әлеуметтік теңсіздік, қыздарды малға сату, шалдарға еріксіз тоқал ету сияқты ескі әдет-ғұрыптар бірінен соң бірі тізбектелді.

Сол кездегі қазақтың алдыңғы қатарлы ойшыл-азаматтарын ойландырған қандай мәселелер, қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерді шығармаларында көрсету арқылы қандай жетістікке жетті заңды сұрақ туындайды. Сондай-ақ Шәкәрім дүниетанымының анықтаушы бағыты оның адамзат қоғамының дамуын жеке адам және қоғам арасындағы қатынас пен байланыстардың қалыптасуын жаратылыстық, табиғи тұрғыдан түсінуге тырысуында деп пайымдаймыз.

Демократияшыл ұттық интеллигенция қаулап өсіп-жетіліп шоғыры өз халқының мүддесі мен болашақ дербес даму бағдарын айқындап алды. Олар жоғарыда аталған қоғамдағы басты мәселелерді шығармаларына енгізді. Жан-жақтағы парасаттылық пен білімдарлықты, саяси күрестің тәсілдері мен орныққан жағдайды шынайы бағалай білуді жетік меңгергді. Демократияшыл қазақ зиялылары бұрынғы ұлт-азаттық көтерілістердің жалаңаш қылышпен зеңбіректің аузына қарсы шабатын ұлт-азаттық басшыларынан мүлдем өзгеше-тұғын. Олар туған халқының көзін ашуды мақсат етті. Халықтың көмескі тартқан рухын оятып, оларды басты қару – біліммен қаруландырғысы келді. Осылай бірте-бірте тәуелсіз ел болуға жеткізудің қиын да болса ең сенімді жолы таңдап алған болатын. Бірақ осындай кәсіби зиялылар қаққан тәуелсіздік қоңырауының соғысы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, тәуелсіздік пен бостандықты, дербес даму мен азаттықты аңсаған біз атаған азаматтар тек рухын шыңдаумен болды. Бізді бүгінгі тәуелсіз демократиялық ел болуға жеткізіп отырған да сол биік өршіл рухтан басталған дүниетаным. Осындай философиялық құрылым қазақ дүниетанымының негізі болып табылады.

Иә, әділетсіздік пен қанаушылықты көрген ұлт зиялылары әдебиет, мәдениет және өнер мұраларын сақтауды, жаңа заман талабына сай жаңғыртуды және жалпы түркі дүниесіне тән рухани тұтастықтың аясында өсіп-өркендетуді армандады, соған қол жеткізуді көздеген. Шығармалары арқылы еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, бір сөзбен айтқанда, рухани тұрғыда еңбек етуге шақырды. Сонымен қатар, патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын, шенді-шекпендінің алдында құлдық ұрған шенеуніктердің опасыздығын сынады. Осындай қалыптасып келе жатқан сол кездегі қоғамдық-саяси жағдайларды өлең жолдарымен де, қара сөзбен де өрнекті шеберлеген қаламгерлердің бірі де бірегейі – Ілияс Жансүгіров.

Ілияс Жансүгіров түрлі жанрдағы шығармаларымен әдебиетіміздегі көркемдік тәсілді қалыптастыруда өзіндік елеулі үлесін қосты. Ол – заман шындығын, оның өткен шырғалаңын нақты суреттей білген реалист қаламгер. Сөз зергерінің айшықты туындылары қазақтың көркемсөз мәдениетін шарықтау шегіне жеткізіп, әдеби тілді байытты. Әлемге аты мәшһүр ежелгі грек философы Аристотельдің «Ақыл тек білімде ғана емес, білімді іс жүзінде қолдана білуде» деген қанатты сөзі Ілиястың ойы, білімі, дарындылығының іс жүзінде дұрыс бағытта қолданып, оның өзі өмір сүріп отырған қоғамның философиялық өмірін көрсетті.

Ұлы философымыз әл-Фараби бабамыз адамның барлық дүниесінен азаматтық-әлеуметтік жаратылыс ерекше бөлектенетінін көрсетті. Себебі, адам табиғатында басқа адммен немесе адамдар тобымен тығыз-қарым-қатынаста, байланыста болады. Сол кезде өзара әрекеттестікке енетін қасиеті ерекше орын алады. Әл-Фараби бұның себебі адам жалғыз өзі қол жеткізе алмайтын көптеген заттарға мұқтаж болатынын және оларға қол жеткізуде адамдар қауымдастығының көмегін міндетті түрде қажетсінетінін айтады. Тоқетерін айтқанда, адамнің жеке басына қажет кез келген зат өзі мүше болып табылатын қоғамнан ғана ала алады. Сондағы ғалымның пікірінше, қоғам тыныштықтағы құрылым емес, өзара әрекеттестікте болатын адамдардың қауымдастығы дейді. Тек қана қоғамның көмегімен адам өзінің толып жатқан материалдық және рухани қажеттілктерін қанағаттандырады. Сол үшін де Ілияс осы қоғамды өзіне ғана емес, шығармаларын да қоғамға жіпсіз байлады.

Негізінен Ілиястың философиялық, адамгершілік және ағартушылық ойларының, кейіпкер тұлғасы мен болмыс құбылыстары жайындағы терең толғаныстарының айтары өте көп. Реалист қаламгердің шығармашылығымен жіті таныс кез келген оқырман туындыларының ішкі құбылысын сезінбеуі мүмкін. Ол өзінің шұрайлы тілімен қазыналы халық үшін өзіне керектісін таңдап, талғап ала білсе де айтар ойы, сол кездегі қоғамның философиясын жеткізу мүлдем өзгеше әлемді бейнелейді. Кейіпкерлердің айтқан сөздері, олардың өмірге көзқарастары мен мінез-құлықтары арқылы ойында тұрғанын дөп жеткізеді.

Ақынның өнер тақырыбына жазылған туындысы саналатын атақты «Құлагер» поэмасында ХІХ ғасырдағы қазақ елінің рухани мәдениеті кеңінен суреттеледі. Автор өзі өмір сүрген заманының түрлі мәселелерін басты кейіпкер Ақан серінің өнер тілімен көрсете біледі. Ақан өмір сүрген феодалдық заманға, қоғамға оның көзімен өз көзқарасын білдіреді. Ұлы ойшыл Сократ «Мен өмір сүру үшін тамақтанамын, ал кейбіреулер тамақтану үшін өмір сүреді» деп айтқандай, Ілияс поэмадағы кейіпкерлердің түп-тұлғасын осылай екіге бөледі. Ал Ақан сері болса, Сократ сияқты өмір сүру үшін тамақтанады.

Тілде де, философиялық мәдениетте де тұлғалық ерекшелік, даралылық сипаттар барынша тереңінен бейнеленетіні түсінікті. Ал өнер мен философия тұлғалық ерекшелікті ерекше танытатын дүние. Сондықтан поэманың негізгі сюжеті Ақан серінің бір әніне ғана құралған сияқты. Поэманы бойынан өткізгенде ғана оның идеялық шеңбері одан да кеңірек екені сезіледі. Сол бір оқиғаның керегесін кеңіте отырып, ақын бас кейіпкер Ақанның трагедиясын ашады. Ақан трагедиясы Ақан сияқты мыңдардың трагедиясы екенін жинақтап танытады. Ақан өмірін жырлай отырып, сол бүкіл феодалдық заманның зұлымдығын, әділетсіздігін сыртқа әшкерелей түскен. Ілиястың басты кейіпкер Ақан сері арқылы сол кездегі қоғамның философиясын бір оқиғамен шебер суреттейді.

Ілиястың «Күй» мен «Күйші» поэмаларында да өнер тақырыбы желеу етілгенімен, сол замандағы қатыгез бен зұлымдық осы өнер арқылы айқын ашылған. Идеялық мазмұны терең бұл шығармалар да қоршаған әлемнің тіршілігі мен адамдық болмысты өз деңгейінде суреттейді. Француз ойшылы, ағарту дәуірінің ойшылы Ж.Ж.Руссо «Әуен тек қана елітірмейді, ол сөйлейді... Оның тілі өткір, от-жалынға толы қарапайым сөзге қарағанда, әлдеқайда күштірек деуге болады» деген сөздерді Ілияс басты назарға алған сияқты болып көрінеді. Поэмалардан әуенді естімесек те, қаламгер өнердің дауысын өнер тілімен жеткізіп, әуезін әрбір оқырманға естіртіп отыр. Ал осылардың барлығының басына қоса отырып тағы да сол қоғамның көрінісін суреттеу – кез келген ақынға берілмейтін даралық.

Қазақ поэзиясында ерекше орны бар Ілиястың «Дала» поэмасы қазақ халқының образын далаға балап жырлаған, Бұл туралы филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі ілиястанушы М.Иманғазинов былай дейді:

«Ілияс Жансүгіров көбіне ишарат, символдық мағына беретін философиялық тереңдігі бар сөзбен көрсетеді. Поэманың басты кейіпкері – әр заманда зар шеккен, өмір үшін күрескен халық. Поэманың сюжеттік желісі осы қарт адамның тарихына құралған. Ақын оны тарихи-философиялық тұрғыдан көрсету мақсатында оған ертегі, аңыз, көркем баяндау мен образдарды айшықтап астастырып беруге күш салған. Артық дүниесі жоқ даланы құшағы әрдайым кең қазақпен теңестіру кешегі күнгі де, бүгінгі күнгі де қазақтың философиялық толғамын суреттейді.

«Рүстем қырғыны» - қазақ халқының өміріндегі жаугершілік кезеңді, яғни қалмаққа қарсы күресті, феодалдық дәуірдің керітартпа қақтығыстары тәуелсіздік, азаттық жолындағы күрес болса, рулық кездегі адамға, малға байланысты күрес-тартыс ескілік көзқарастары, соның сарқыншақтарын танытады. Әсіресе, найман мен үйсін руының арасындағы қақтығыс, адам тағдыры, ел намысы әсерлі бейнеленеді.

Поэмада жұрттың ащы зары, өшпес өкініші, арман-мұңы, айтылмай кеткен, айтса да улы оқ өзіңді табатын, жүйкеңді жүндей түтетін ұлттың бойындағы дерт-дербез, сорымыз жатыр. Тұрсын Сыдықовтың мына пайымынан кейін бір естелік түсіп кетті. Ресей көршілес мемлекеттерді қарамағына қаратқанмен, екі елдің халқын ғана тізе бүктіре алмапты, рухын төмендетуге күші жетпеген. Сондықтан бұл екі халықтың арасынан шыққан зиялылар қауымы Кеңес үкіметі мемлекеттерінің ішінде басқаларынан көбірек қырылған дейді. Ол екі халық – таулы қыраттағы кавказдықтар мен жазық даланың қазақтары. Міне, «Рүстем қырғыны» қазақ халқының феодалдық кезеңдегі болмыс-бітімін, мінезін ашып көрсетеді. Құшағы кей, жүрегі мейірімге толы қазақтың бойында әділетсіздікке деген қайраттылығының орасан күш-қуаты жатыр.

Шыншыл ақын жаны өзгеге ұқсамайтын дара сөзін, дара ойын, қазақ даласына дарытып бақты. Әлеуметтік болмысты тануда қстамдылық ұстану, кемел азаматтық парасат таныту әр дарынның қолынан келе бермейтін кезеңде өмір сүру ақынға оңай болған жоқ. Қазақ даласындағы жаңа өмір келбетін суреттеуде, қазақтың жан дүниесін ашып ой-пиғыл аңғарын анықтауда, ақын ерекше зерделік танытты. Ілияс бабамыздың бір ғана поэмаларының өзінде көрсете білген қоғам философиясы туралы ойлары – біздің басты құнды байлығымыз. Оны тек пайдалы іске жаратуымыз керек.

Данат Жанатаев,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,

Балғын Әділбаева,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты