Зар заман ақыны және тағылым

Зар заман ақыны және тағылым
жеке
блог

"Зар заман" ақыны және тағылым

         Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, әйгілі жыр жүйрігі Шортанбай Қанайұлының шығармашылығын ел мүддесімен, ұлт тағдырымен орайласатын зар заман поэзиясынан бөліп қарау мүмкін емес. Рухани әлемімізде ерекше орны бар, бұл ағым туралы сөз болғанда оның өміршең өлең-толғаулары мен өсиет-өнегесі жөнінде айтылмай қалмайды. Өз дәуірінің жырын жырлап, жоғын жоқтаған Шортанбай мұрасы ғасырдан ғасырға жалғасатын қастерлі құндылық ретінде әлі күнге дейін сан ұрпақтың кәдесіне жарап келеді.

-        Зар заман, зар заман,

Зарлап өткен бір заман.

Сөздің басы — бисмілла,

Біз айталық, сіз тыңда

Мұсылманның тарихын:

Төрт аяқты хайуан —

Бұ дүниенің жарығы.

Бағасы кеткен жігіттің

Бетінен алар зайыбы.

Бір алладан басқаның

Көпті қылған айыбы.

Кесапаттың кесірі

Келе ме деп керт басқа,

Сол себептен қорқамын!,- деп сөз алып,  заманның бұрыстығын алға тарта отырып, зарын жазады.

Жөн білмеген жамандар

Ел билеген бек болды,

Көтере алмай билігін,

Ұласқан үлкен кек болды,

Ниетіне қазақтың

Тым - ақ тәуір еп болды —

Заманақыр болар деп,

Сол себептен қорқамын!

Қыс көбейді — жаз аз боп,

Бай таусылды — мал аз боп,

Ағайыны көре алмай,

Атаға бала араз боп. Осы жолдарынан-ақ сол сәтте, сол сағаттарда  ақырзаманның көрінісін көреді. Жөн білмегендер ел басына отырып билік жүргізуі, ағайынның көреалмаушылық пен іштарлықтың көрінісін құрғаны Шортанбайдың жанын жегідей жейді. Ол көріп отырып көз жұмып қарамайды. Заманның ащы шындығын  философиялық  тұрғыда қарай отырып баға береді. Оның танымындағы нәрсе күллі жұртты алаңдатқанын алға тартады. Расында, «Зар замандағы» мәселе бүгінгі күнде де жоқ емес. Ол нәрсе жалғасып келеді. Ақын мұрасын әр қырынан қарас­тырып, шығармашылық табиғатын, өлең-толғауларының мән-мазмұнын жан-жақты зерделеп, байыптама жасаған зерттеушілердің пікіріне ден қойсақ, «о дүниенің талқысынан гөрі бұ дүниенің азабын, туған халқының бүгінгі тіршілік кебі мен ертеңгі болашағын көбірек қамдаған» [18, 25], «ел мұңын жырлап қана қоймай, ол өмірді түзеу үшін өз жолын ұсынған»[19,14], «заманның бұзылуын көп сөз етіп, қасірет өлеңге қосқаны үшін көбірек датталған» [20, 77] Шортанбай Қанайұлы өзі өмірге келгеннен бергі екі ғасырға рухани азық боларлық қастерлі қазына қалдырғанын көреміз. Аумалы-төкпелі заманға тап келсе де қадірі кемімеген ақын мұрасы бүгінде алмастай жарқырап, баға жетпес құндылыққа айналып отыр. Сөзі салмақты, ойы оралымды, танымы терең жыр жүйрігінің өлең-толғауларының табиғаты әлі де толық ашылған жоқ.

 

Пайдаланылған әдебиеттер: Бауыржан ОМАРҰЛЫ «Шортанбай шығармашылығы: таным мен тағылым»  мақаласы

 

Сагиева А.Н , ҚазҰУ магистранты

Жанатаев Д.Ж, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры