Ер есімі-ел есінде

Ер есімі-ел есінде
жеке
блог

Әр уақыттың, әр кезеңнің өзінің біртуар, данышпан, ілім-білімге жаны құштар, елім дем еміреніп, осы жолда аянбай еңбек ететін ерек азаматтары дүниеге келген ғой. Сондай азаматтардың бірі тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын деген ұстанымды бекем ұстанған қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы, Алашорда үкіметінің төрағасы, қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, халқымыздың ардақты ұлы Әлихан Бөкейхановтың туғанына биыл 155 жыл толмақ.
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов – қазақ хандарының тұяғы, соңғы хан-сұлтандардың бірі Бөкейдің тікелей ұрпағы. Арғы атасы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын атақты Барақ сұлтан. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей осы Барақ сұлтанның баласы. Бөкейден Батыр, Батырдан Мырзатай, Мырзатайдан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед туған.
Әлихан Бөкейханов 1866 жылы 5 наурызда бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы, қазіргі таңда Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Әлиханның дүниеге келген уақыты патша билігінің бекем жүргізген отаршылдық саясатының салдарынан қазақ халқының ғасырлар бойғы қалыптасқан дәстүрлі рулық-қауымдық қатынастарынан, жерінен, тіпті жерді пайдалану құқынан да ажырай бастаған, көшпенділердің байырғы құндылықтары шеттетіліп, жаңасы қалыптаса қоймаған алмағайып кезбен тұспа-тұс келді. Отарлаушы елдің озбыр саясатын жастайынан көріп, түйсініп өскен бала Әлиханның бойында отаршыл билікке ғана емес, осы отаршылдыққа көнген өз халқының бейғамдығына, салт-санасына, тұрмыс-тіршілігіне, шаруашылығына қатысты сыншыл көзқарас ерте қалыптасты.
Қазақ халқының бірлігі мен тәуелсіздігін сақтай алмауының ең басты себебін ол ел тізгінін ұстағандан хан-сұлтандар мен билердің, тіпті ең қатерлі кездің өзінде, яғни жоңғар шапқыншылығы кезінде де ел ішінде ауызбірлік орната алмауынан көреді. 1913 жылы Қазақ газетінде жариялаған «Қазақ тарихы» атты мақаласында Әлихан Нұрмұхамедұлы алты алаштың тәуелсіздігінен айырылуы хақында: «Бұрынғы билеушілердің көпшілігі, – деп жазады Әлихан Бөкейхан, – күш-қуатының барлығын өзара талас-тартыс пен қырқысқа сарп етті, бірінің көзін бірі шұқудан уақыты артылмады, істегенінің бәрі жәбір, залым болды; қылғанының бәрі зорлық-зомбылық болды». Сол себепті де болар Әлихан Бөкейханов туған халқы алдында бұрынғы хан-сұлтандардың тікелей ұрпағы ретінде өзін айыпты сезінді, кең даланың төсінде емін-еркін ғұмыр кешкен, өзіндік салт-дәстүрі, мәдениеті бар халқын еш қарсылықсыз отарлыққа жегіп жіберген алдыңғы хан-сұлтандардың бар кінәсі мен халқының болашақ тағдыры үшін жауапкерлікті өз мойнына алды. 1914 жылы жазған мақаласының бірінде Әлихан Бөкейханов: «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» - деп жазған болатын және соңғы демі біткенше туған халқының ата-баба жеріне деген, ұлттық мемлекет құрып, өзін-өзі басқаруға деген қасиетті құқын табанды түрде қорғап, сол үшін күресіп өтті.
Алаштың келесі ірі тұлғасы, қайраткер, ғалым Қошке Кемеңгеров «Қазақ тарихынан» еңбегінде: «Биліктің қуғындау мен қудалау жылдарында түрмеге қамалып, жер аударылса да бірқатар батыл да ержүрек азаматтар өз халқының болашағы үшін күресті жалғастыра берді. Бұл топтың жетекшісі, тәрбиешісі де Әлихан Бөкейхан еді. Ол елінің болашағы үшін қиыншылықтан қорықпайтын ұлтжанды азаматтарды күрескерлік рухта бау­лып, әдеби тіл нормасының орнығуы мен діни фанатизмнен арылуға зор үлес қосты. Нәтижесінде қазақ ұлты қалыптасты. Әлихан Бөкейханның қазақ тарихындағы алар орны, міне, осында жатыр»., - деп XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көшбасшысы, халқымыздың ардақты ұлы Әлихан ағамыздың тағдырын қазақ ұлтының өмірінен бөліп қарау мүмкін емес екенін айтады.
Әлихан Бөкейхановтың ХХ ғасыр басындағы ғылыми- публицистикалық шығармашылығы, ағартушылық, қоғамдық- саяси қызметі іс жүзінде қазақ халқының ұлттық-сана сезімінің оянып, Алаш ұлттық идеясының маңайына бірігіп, Қазақ хандығының ыдырауынан кейін қайтадан бірегей ұлт болып қалыптасуына жеткізгені сөзсіз.
Қазақтың ардақты ұлының жерленген жері бірнеше жылдар бұрын, тоталитарлық режимнің тағы 670 құрбанының есімі жазылған «Атылғандардың тізімдері: Донское қорымы. 1934-1940» атты кітап жарыққа шыққан соң белгілі болды. Кейіннен мәскеулік «Ритуал» кәсіпорнының баспасөз қызметі бұл ақпаратты 1937 жылдың 27 қыркүйегінде атылған Әлихан Бөкейхановтың онымен бірге бір «ату тізімінде» болған қазақтың мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақовпен бірге жерленгені туралы мәліметтермен толықтырды.
Ә.Бөкейхановтың есімі тек 1989 жылдың 14 мамырында КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша оның әрекеттерінде қылмыстық құрамның болмауына байланысты ақталды.


Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология факультеті т.ғ.д.,профессор Қаражан Қ.С.
Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология факультетінің 2-курс магистранты Нұрахимова Ж. Ф.