жеке
блог

Инклюзивті білім беру: кәсіби құзыреттіліктің маңыздылығы

   Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: туғызу үшін «Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек» деп атап өткен болатын.

   Сонымен қатар инклюзивті білім беру мәселелеріне 2020-2025 жылдарға арналған білім беру мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында көп көңіл бөлінгені белгілі, яғни, таяудағы 5 жылға арналған маңызды міндеттердің бірі «оқытудың қауіпсіз және жайлы ортасын қамтамасыз ету» болып айқындалған. Еліміздің мемлекеттік саясатына сәйкес инклюзивті білім беру тәжірибесі барлық білім алушылардың білім беру қажеттіліктеріне сәйкес келетін бейімделген білім беру ортасын құруға бағытталған.

  Қазіргі уақытта педагогтерде жаңартылған білім мазмұнына байланысты өздерінің кәсіби ізденістерін балалардың жеке білім алу қажеттіліктерін іске асыруға бағыттау қажеттілігі туындайды. Инклюзивті білім берудің мәні психофизикалық, тілдік, әлеуметтік, мәдени және т.б. қиындықтары бар балалардың әртүрлі қажеттіліктерін қамтиды.

   Әлбетте, ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды жалпы білім беру процесіне қосу мәселелері мектептегі жұмысты толыққанды қайта жоспарлауды қажет етеді. Мұндайда мектепте инклюзивті мәдениет пен практиканы дамыту үшін нақты қалыптасқан әкімшілік және педагогикалық өзін-өзі басқару жүйелерінің маңызы зор. 

  Соңғы уақытта білім беру ұйымдары білім беру процестеріне білім алушылардың, ата-аналар мен педагогтердің толыққанды түрде енуін қамтамасыз етуге ұмтылады. Бұған ықпал ететін негізгі қағидат – көшбасшылық. Егер әкімшілік нұсқауларда бекітілмесе, жасалатын істер қаншалықты игі болғанына қарамастан, сәтті болмайды.

  Мектеп деңгейіндегі бұл өзгерістерге айтарлықтай әсер ететін тұлға – директор. Жаңа формация жетекшісі жаңаша жұмыс істеуі тиіс. Атап айтар болсақ: кәсіби шеберлік пен тәжірибенің тиімді үздіксіз дамуымен жұмыс істеуі, жүйелі іс-әрекеттерді мұқият жоспарлай білуі керек. Себебі мектеп басшысының инклюзивті білім беру процесіне, оның мәдениетіне қатысты ұстанымы өзгерген жағдайда тұтастай ұжымның да көзқарасы өзгереді.

  Қазіргі уақытта елімізде инклюзивті білім беру тәжірибесі қарқынды дамып келеді. Білім беру кеңістігі жағдайында ерекше қажеттіліктері бар білім алушыларды табысты бейімдеу мақсатында жалпы білім беретін мектептің штатында психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің мамандары жұмыс істейді. Әрине, мұның барлығы мұғалімдер мен мамандардың өзара тығыз қарым-қатынасын, білімін, тәжірибесін талап етеді. Бірақ қазіргі заманғы мектептерге өз қызметкерлерінің күш-жігерін біріктіруге, басқарудың мәдени-этикалық құралдарын кеңінен пайдалануға бағдарланған басқарушылық ойлауға ие көшбасшылар қажет.

  Көшбасшылық ұғымын әлдеқайда кең ауқымда қарастыру керек. Мектеп директорлары өз атынан бұйрық беруге емес, әріптестерінің ұсыныстарын тыңдауға,  олардың ынта-жігерлерін қолдауға ұмтылуы тиіс.

   Сонымен қатар мектеп педагогтерінің айтарлықтай бөлігі қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасының білім беру саласында іске асырылатын инклюзивті білім беруді енгізу мен дамытудың негізгі тәсілдерін түсіндіруді қажет ететіндігін атап өту қажет, бұл инклюзивті білім беру мәселелері бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша жеткіліксіз ұйымдастырылған жұмыстың нәтижесі болып табылады. Сондай-ақ көптеген мектептердің материалдық-техникалық базаларының ЕБҚ бар білім алушыларды оқыту үшін қажетті жағдайлар жасау үшін сәйкес келмеуі байқалады.

   Осылайша қазіргі заман тенденциялары, білім беру саласындағы мемлекеттік саясат білім беру жүйесіне балаларды оқыту мен тәрбиелеуде инклюзивті тәсілдерді дамыту және жетілдіру мәселелерін қоюда. Бүгінгі күні инклюзия бұқаралық сипатқа ие болып жатыр, бұл дегеніміз кез келген мектеп заңнама нормаларына сәйкес ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасауға және қабылдауға міндетті. Инклюзивті қағидаттарға сәйкес мектептерді дамытуға байланысты көптеген мәселелер шешуді қажет етеді. Бұл бірінші кезекте мектеп әкімшілігіне зор міндеттер жүктейді.

Светлана ИСМАГУЛОВА,

 Инклюзивті білім беру

орталығының директоры 

Фото интернет көзінен алынды



Жұлдызды блогтар