Жаһандық өзгерістерге ұмтылған «Алаш» көсемі
жеке
блог

Жаһандық өзгерістерге ұмтылған «Алаш» көсемі

Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.

                                                                                                                                 Ә.Бөкейханов

Ұлт мерейі ұлы тұлғаларымен асқақтап танылады. Азаттықты аңсаған, сол жолда қалтқысыз қызмет атқарған күрескер бабаларымыз еліміздің ұлттық мүддесін қорғау үшін, халықты сауатсыздықтан арылту үшін, надандық қамытынан шығару үшін көп қызмет етті. «Ұлт жұмысы-үлкен жұмыс.Үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек»,- демекші, қалың қазақтың  20 ғасырдың басындағы рухани көшбасшылары, саяси қайраткерлері, ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілері қазақ мемлекеттілігін қалыптастыруға бар күш-жігерін жұмсады.

Биыл – «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, қазақ ұлтшылдығының негізін қалаушы, бас теоретигі, саяси қайраткер Әлихан Бөкейхановтың туғанына 155 жыл толып отыр. Әлихан Бөкейханов қазақ тарихындағы ұлт мүддесі жолында жан аямай күрескен саяси тұлға.Патшалық биліктің солақай, озбыр саясатын жастайынан көріп, түйсініп өскен Әлиханның бойында отаршыл билікке деген қарсылық, азаттыққа деген ұмтылыс күшейе түседі. Абылай мен Кенесары аталарының даңқты жолын лайықты жалғастырған ол, ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту идеясы мен оны жүзеге асырудың жолдарын, әдіс-тәсілдерін негіздей отырып, ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының көшбасшысы атанып, 1917 жылдың желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Қазақ автономиясы жарияланып, Әлихан Бөкейханов сол алғашқы Қазақ автономиялы республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады.
Алайда көп ұзамай жеңіске жеткен большевиктер Қазақ автономиясының бұл жұмысын тоқтатып, басшыларын қуғынға салады.

Патша үкіметінің озбыр саясатына барынша қарсылық көрсеткен Ә.Бөкейхановтың осындай ерен ерліктері, тәуелсіздік жолындағы күрескерлігі сол кездегі қазақ қоғамы мәдениетінің төмендігіне, халықтың жаппай сауатсыздығына, саяси надандығына да байланысты еді.

Алаш ардақтыларының, соның ішінде Әлихан Бөкейхановтың ең маңызды көздеген мақсаты - халықтың білімділік деңгейін көтеру еді. Осы нысанаға жету үшін Әлихан Бөкейханов ең білімді, интеллект тұлғаларға қазақ тілінде оқулық жазуға арнайы тапсырма береді. Нәтижесінде Қаныш Сәтбаев «Алгебра», Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл құралы», Мағжан Жұмабайұлы «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытұлы «Психология» оқулықтарын жазып шығарады, соның негізінде қазақ халқы саяси ояна бастайды.

Ең алдымен,ұлт көсемі жаһандық өзгерістердің арасынан осы білім мен ғылымға ден қояды. Яғни, кез келген білім ұлттық тәрбиенің қуаттылығын күшейтуге қызмет етуі тиіс деген ұстанымды қолдайды. Жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік, бар байлық қазаққа қызмет етуі үшін халық оқыған, тоқыған, көрегенді болу керек деп есептейді. Себебі, «олжалы жерде – үлестен қалғанымыз, жоралы жерде – жолдан қалғанымыз-бәрі надандық кесапаты» деген ұстанымды айтады.

Екіншіден, рухани көсемдердің айтуынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек. Мысалы, сол тұста кәрі құрлық өркениет пен мәдениетке бізден бұрын қол жеткізіп, ғылым-білімі мен өнерін, өндіріс пен шаруашылықты қолға алып өзге елдерге үлгі болды. Ұлт зиялылары жаһандану заманында ғылыми-техникалық салаларда озғандардың асығы алшысынан түсіп, дамудың алдыңғы шебінде тұрғанын түсініп, сол өзгерістерге өздері  ұмтылады. Яғни, жаһандық өзгерістер бойынша толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізу керек екенін алға тартады.

Жаһандық өзгерістерге ұмтылған ұлт көсемінің бұл мақсаттары қазіргі күні толық орындалып отыр. Қазақ халқы ұлттық егемендігін алып, оны сақтай отыра өзге елдердің ғылым-білімі мен технологиялық жаңашылдықтары үлгісін  алып, қарыштап даму үстінде.

 Қорытындылай келе, сан ғасырға жалғасқан отаршылдық бұғаудан босап, халықты өзге елдердің өркениеті мен мәдениет үлгілеріне қарай ұмтылдырған ұлт көсемі мен  «Алаш» идеясы, мұрасы, еңбектері мен өсиеттері қара халықтың көзін ашу үшін қалтқысыз қызмет етті.

Жетекшісі:Ф.А.Қозыбақова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры

Дайындаған:Артықбаева Үмітай, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті.