XXI ғасырдың Абайы

XXI ғасырдың Абайы
жеке
блог

Қусайн Гауһар

Әл-Фараби ат.ҚазҰУ-нің 1-курс магистранты

gauharkazguu@mail.ru 

Жанатаев Данат

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, доцент

2020 жылы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толып, қазақтың ұлы перзентінің мерейтойын атап өттік. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.  Абай Құнанбайұлы– қазақтың ұлы ақыны, композитор, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі, аудармашы. Абай Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» – тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен ерекшеленеді. Ақынның қара сөздерінде ұлт болмысы, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тапқан, тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған , сан алуан. Абайдың қара сөздері классикалық стильде жазылған прозалық шығарма. Сонау 1890-1898 жылдары жазылған ақынның қара сөздері қазіргі таңда өзінің өзектілігін жоғалтпаған. Абайдың қара сөздері философияның шыңы, қазақ халқының шындығы.

            Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта жаңғыртудың маңызды екенін атап өткен болатын. Ұлттық мұраны сақтау және оны заман талабына сай ету еліміз үшін маңызы зор мәселе. ХХІ ғасырда еліміздің дамуы жастардың ұлттық сананы , ұлттық қазынамызды, атадан балаға жалғасқан мәдениет пен салт дәстүрімізді білуінен және оны дәріптеуінен басталатыны ақиқат. Осы орайда Абай мұрасының, Абай философиясының тигізер пайдасы өте зор. Ұлы ақынның шығармалары бүгінгі күннің жастарына жол сілтері анық. Абайдың ой-тұжырымдары, оның тәрбиелік тағылымдары қашанда жастар үшін  рухани азық бола алады.

            Рухани жаңғыру дегеніміз тек жаңа бағытта, жаңа құндылықтарға ұмтылу ғана емес, бұл өткен тарихымызды үлгі етіп, рухымызды Абай сияқты зиялылардың мұрасымен сусындата отырып, бүгінгі күнмен үйлестіре даму деп түсінемін. Абай ғасырдан астам уақыт бұрын өмір сүрсе де қазіргі ұрпағының қамын жеген, ол әрдайым оқу мен ізденіске, ғылымға шықырып, жаңаруға , жаңғыруға , өмірге құлшыныспен қарауға шақырған. Осы орайда Елбасымыздың: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», – деген өнегелі сөзі еске түседі. Осыдан ақ Абайдың мұрасы мәңгілік екенін аңғаруға болады.

            Абайдың өз заманында жазып кеткен қайсібір шығармаларын алсақ та біз оның ұстанған мұраты – адамшылықты бұзбау, адамгершілік, ізгілік қасиеттерді жоғару көтеру, адам деген ардақты атқа сай болу екендігін түсінеміз. Оның шығармаларына зер салып қарайтын болсақ үнемі елдің алға жылжуына, білімді, ғылымды ойлап, өсіп-өркендеуіне тілеулес болғанын көреміз. Мысалы оның «Ғылым таппай мақтанба» деп басталатын өлеңінде білімнің шыңына жетпейінше басқа биіктерді де бағындыра алмайтынымызды айтты. Ақынның «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген шумақтарында да білімдінің күні жарық екендігін , озық ел қатарына білімділігінмен ғана қосыла аласын деген үлкен мағына жатқанын ұғынуымыз қажет. Осылайша қазіргі күні Абай көтерген тақырыптардың өзектілігі әлі жойылмағандығын көре аламыз. 

            Абайдың тағы бір дәріптеген ойыларының бірі ол тіл үйрену еді. Ақын жиырма бесінші қара сөзінде: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды», – дейді. Демек, өзгі тілдің бәрін біл , өз тіліңді құрметте дегендей тіл білу де елдің дамуы үшін өте маңызды екендігін айтып отыр. Қазіргі таңда жастар үшін неғұрлым көп тілді меңгеру, соғұрлым олардың мүмкіндігін кеңейтеді. Дегенмен жас ұрпақ, Абай айтқандай, ғылымды толық игерсе, өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса, ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз.

            Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Сондықтан, көзі ашық адам болам десеңіз Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн. Ұлы ақынның еңбектері арқылы біз өз елімізді, халқымызды Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ақын атамыз өз ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, сол арқылы үнемі қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты. Демек, хакім Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан үшін аса құнды.

            Ендігі кезекте Абайдың «Толық адам» формуласы жайлы айта кетсек. Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – деп адамға ақыл мен қайраттан бөлек жылы жүрек керек екенін айтады. Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады. Себебі ақылын бол тұра ол ақылды орынды пайдалана алмасаң , ол ақылыннан не пайда ? Сонда ақыл мен қайрат жүрекке бағынуы тиіс дейді. Егер тек ақылын мен қайратынды қосып мал тапсаң бірақ жүрекке бағынбаса демек ол әділетсіз, себебі жүрек тек әділеттің, рахым мен мейірімнің орны дейді. Бұл – қазақ халқының өмірлік философиясы. Абай тек өз заманының мәселелерін ғана емес мәңгілік  мәселелерді көтерген. «Толық адам» концепциясы ол өміріміздің кез-келген саласында, мысалы мемлекетті басқару және білім жүйесінде тіпті бизнес пен отбасында да өте маңызды.

            Абай өлеңдеріндегі «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деген шумақтар бәрімізге жақсы таныс. Бұл ойлардың барлығында ақын еңбектін арқасында озат болатындығымызды , жалқаулықтан арылу керек екенімізді толықтай түсіндіре жеткізеді. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алып, айтқанын істесек жаман болмайтынымыз анық. Абай арманы – халық арманы. Ақын қоғам мәселелерін барлық жағынан сипаттап, саралап кеткен. Оның шығармашылығы қазақ халқы үшін алтын қазына. Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлемге әрі қарай  таныстыру бүгінгі ұрпақтың борышы . Абайдай ақыны бар қазақ халқы бақытты!

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Н.Ә.Назарбаев., «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы., 2017

2.     Абай шығармаларының   екі   томдық   толық   жинағы.   1-том.   

3.     Бес ғасыр жырлайды. 3- том. – Алматы, 1989.

4.     Абай. Өлеңдер, поэмалар, аудармалар мен қара сөздер. - Алматы: Жібек жолы, 2005.- 488 б.