Синхронды аудармашы-қостілді маман

Синхронды аудармашы-қостілді маман
жеке
блог

Ілеспе аударма - елімізде енді ғана белең алып , дамып келе жатқан сала. Оның басты себебі заман талабы және егеменді еліміздің мемлекеттік тілі қазақ тілінің мәртебесі артып отырғандығы.
Ілеспе аударманың ерекшеліктері жазбаша тіл мен ауызекі сөйлеу тілінің ұқсастығы мен айырмашылығынан туындайды. Біріншіден, жазбаша тіл - алдын ала дайындалуды, аударма барысында мәтінді өзгертіп немесе қайта өңдеп отыруға мүмкіндік береді және соны талап етеді. Ілеспе аударма ауызекі сөйлеуге негізделгендіктен айтылған сөздерді қайтарып алу мүмкін емес, яғни сөйлемді қайта жөндеуге болмайды. Екіншіден, жазбаша аудармада берілген мәтінді қайта - қайта оқып, толықтай түсініп алуға мүмкіндік болады, ілеспеде ондай жоқ. Ілеспе аудармашылар сөйлеушінің сөзін аяғына дейін тыңдамай, тек үш-төрт секундқа қала отырып, бөлшектеп аудара бастайды. Үшіншіден, ілеспе аудармада мәтінмен алдын ала толық танысуға мүмкіндік болмайды. Кейбір жағдайларда аудармашыларға алдын ала оратордың айтатын сөзі берілуі мүмкін. Сонда аудармашылар мәтінде аударуға қиындық тудыратын сөздерді, мысалы ғылыми терминдер, жер-су атаулары, әртүрлі салт-дәстүрлер жайында алдын ала танысып, түсініктеме беруге мүмкіндігі болады. Мұндай орын алған кезде де оратор өзінше жаңа бір мәтін құрап айтуы мүмкін. Сондықтан, ілеспе аудармашы барлығына дайын болуы қажет. Төртіншіден, ілеспе аудармашы оратордың сөйлеу темпінен қалыспауы керек, яғни мәліметті жүйрік қағып алып, өте шұғыл шешім қабылдап, ұққан мәліметті барынша екінші тілде жеткізу керек. Сонымен ілеспе аудармашы бірнеше секунд ішінде бірден үш әрекет жасайды:
1) тыңдап, мәліметті қабылдау, түсіну;
2) екінші тілде сол мағынаны өзгертпей жеткізу үшін лайық сөздер, тұрақты тіркестер, мақал мәтелдерді есіне түсіру;
3) ойында құрылған сөйлемді дауыстап айта отырып, жаңа сөйлемді тыңдап, ұғына білу.
Ілеспе аударма ойдағыдай шығу үшін оны орындаушы тек қана қостілді маман емес, екі халықтың мәдениетін, тарихын, менталитетін, ұлттық психологиясын жақсы білетін, дикциясы анық, дауысы тартымды, сөйлеу ырғағын мағынамен тікелей байланыстырып өзіне бағындыратын сөзге шешен болуы міндетті. Себебі, грамматикалық дұрыс және дәл аударма жасаған кезде де, егер аудармашы дауысы жағымсыз және өте жылдам сөйлейтін болса, тыңдаушы құлаққапты алып тастауы мүмкін. Сонымен қатар ілеспе аудармашының зор жауапкершілігі мен тапқырлығы, екі тілді бірдей меңгеріп, еркін қолдана білуі, көзқарасының жан-жақты болуы, әңгімелеп отырған тақырыпты терең білуі осы салада қойылатын кәсіби талаптардың бір қатары. Ілеспе аудармашылардың ең басты ерекшелігі - оның жүйріктігінде. Бұл да спорттың бір түрі сияқты, жылдам әрі автоматты түрде әрекет ету керек. Онсыз аударманың мәні кетеді және мағынасы өзгереді. Мұның барлығы – ілеспе аудармашыға қойылатын ерекше талаптар. Олар көптеген арнайы дайындық, жаттығулар арқылы пайда болып, дағдыға айналады. Қостілділік негізінде екі халықты, олардың мәдениетін ұштастыратын ілеспе аудармашы білімді, мәдениетті, парасатты, қостілді кәсіби маман.
Қазіргі таңда ауызша аудармаға деген сұраныс күн санап артып келеді. Соңғы он жыл ішінде нарықта ағылшын тіліндегі синхронды аудармаға деген сұраныс басым. Ал екінші сұраныс қытай тіліне тиесілі. Мұның барлығы Қазақстанның халықаралық аренада белсенділігінің артып, елде өткізілетін халықаралық іс-шаралардың көбеюіне байланысты. Шетелде синхронды аудармашыларды арнайы даярлайтын шет тілдер институттары бар, ал елімізде бұл мамандарды тек санаулы жоғары оқу орындары ғана даярлайды. Ілеспе аудармашыларды даярлау кем дегенде жыл уақыт алады, алайда, тілді меңгергендердің барлығы дерлік білікті аудармашымен болып шықпайды. Сол себепті де елімізде синхронды аудармашылар тапшы.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс магистранты Жолаушыбай Әсел
Жетекшісі - ф.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Жанатаев Д.Ж.