жеке
блог

Білімнің алтын ордасы

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім,-деп қазақ халкының бас ақыны Абай Құнанбаев жырлағандай осындай қастерлі де қасиетті мектептен нәр алған ұл- қыздардың да өнер –білімнен алшақ болуы, әсте, мүмкін емес. Міне, осынау дана да дара жандардың ізі қалған Абай мектебінің түлегі ретінде, мен де, бабалар салған сара жолмен жүріп, еліне пайдасы тиетін саналы, білімді азамат болуды перзенттік борышым деп санаймын. Ал, осы игі мақсат жолындағы алғашқы қадамым дәл осы жылы мектепті үздік бағамен бітіріп, арман қала Алматыдағы Қазақ Ұлттық Университетіне оқуға түсуім деп білемін. Санжылдық тарихы бар, халқымыздың қастерлі тұлғалары білім алған қасиетті қарашаңырақ - Әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің студенті атануым мен үшін зор жетістік әрі үлкен абырой болды. Бұл оқу орнына түсуді оқушы күнімнен армандаған едім. Сол себепті де өзім білім алып жатқан осынау құтты мекен жайында қысқаша айтып өтуді жөн көрдім. Мен сияқты мыңдаған жастардың арманына айналған бұл оқу орны- бүгінгі таңда Қазақстандағы ғана емес, сонымен бірге, Орталық Азиядағы жетекші университеттердің бірі де бірегейі. Қазақ Ұлттық Университеті- республикадағы барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі және білікті мамандар мен білімді студенттердің ордасы. 1934 жылы іргесі қаланған білім ордасы күннен- күнге әлемдік білім беру жүйесінде өзіндік орнын айқындап келеді. Оның дәлелі ретінде, белгілі QS World University Ranking халықаралық рейтинг агенттігінің жариялаған зерттеу қорытындысына сәйкес, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті әлемдегі үздік 800 университет арасында 236-орынды иемденіп, ең үздік 250 университет қатарынан тағы да көрінді. Жалпы даму бағыты халықаралық білім беру стандарты бойынша қабылданған университет білікті мамандарды даярлауға, өндіріске енгізілетін іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталған кең көлемдегі ғылым, білім, рухани-тәрбиелілік, инновациялық және өндіруші негізіне ие. Бұл оқу орны ертеңгі ел тірегі жас ұрпақты майталман маман ретінде ғана емес, қоғамда өзіндік орнын таба білетін саналы азамат етіп қалыптастыруда да айрықша рөл атқарып отыр. Университетте жастардың жарқын болашағы үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ, еліміздегі ең ірі кітапханалардың бірі- Әл-Фараби кітапханасы, Интернет орталығы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы – бәрі де білім алушы студенттердің игілігі үшін ерекше орындар болып саналады. Сонымен бірге, университет құрамында 20 ғылыми-зерттеу институты, 14 факультеттің құрамындағы 98 кафедра және Технопарк жұмыс істейді. Осының бәрі оқу ордасының мерейін одан әрі асқақтата түсетіні сөзсіз. 
Басқа факультеттерді былай қойғанда, өзім оқып жатқан шығыстану факультетін ерекше атап өткім келедіБүгінгі шығыстану факультеті - құрамында жоғары білікті педагог мамандар қызмет ететін, оқу тәрбие- жұмыстары мен ғылыми зерттеулері қызықты да шығармашылықпен жүргізілетін, студенттер өмірі қайнап тұрған қазақстандық танымал ориенталистика орталығы. Факультеттің серіктестерінің қатарында Қазақстандағы Шығыс елдерінің елшіліктері, сондай-ақ факультет оқытушылары мен студенттері тілдік және ғылыми тәжірибеден өтетін Қытайдың, Кореяның, Түркияның, Иранның, Үндістанның, Жапонияның, Египеттің және т.б. елдердің ірі университеттерін айтуға болады.

Қорыта айтқанда, білімнің алтын ордасына айналған, білім алып жатқан барша жастардың жарқын болашағына жол сілтеген ҚазҰУ-дың студенті екенімді айрықша мақтан тұтамын!

Шығыстану факультеті, қытайтану кафедрасы, 3 курс шетел филологиясы мамандығы студенті Жапаргалиева Арайлым

Жетекшісі Шарыпқазы Н

Ең қызықты блогтар

БАҚ-тағы табиғи апаттарды сипаттаудағы метафораның орны
XXI ғасырдың Абайы
Рене Декарттың туа біткен идеялары мен философиялық ойлары
Суицидтің алдын-алу
Ұлттық таным көрінісі: Ақұштап Бақтыгереева лирикасы бойынша
Ж.Баласағұни пәслапасы. «Құтты білік» - құт қону концепті

Жұлдызды блогтар