Журналистің даралық қасиеті

Журналистің даралық қасиеті
жеке
блог

Журналистика- қоғамда елеулі рөл ойнайтын ерекше салалардың бірі. Онсыз әлеуметтік ортаның күнделікті өмірін елестету қиынға соғады. Журналистика пайда болғалы бері халықтың тұрмысы мен тіршілігіне араласып, әділетті бағалауымен, объективті түрде ақпаратты жеткізуімен, ұтымды ұсыныстар тастауымен жұрт ішінде өзінің маңыздылығын арттырды. Журналистиканы дәл осындай сала ететін кәсіби дағдылары бар, өз ісін білетін мамандар, нақтырақ айтсақ- журналистер. Ал озық журналисті толықтай айқындайтын, оны ерекшелеп тұратын, өз ісінің нағыз майталманы ететін-оның бойындағы даралық қасиеттері.

Интеллект, құштарлық пен құзыреттілік. Бұл қасиеттер тобы журналист үшін өте маңызды. Құзыреттілігі жоқ, ізденіске деген құштарлығы төмен, ой-өрісі тар адам журналистік қызметін мүлдем атқара алмас, өйткені оның білімі мен аналитикалық талдау қабілеті қарабайыр деңгейде болмақ. Бұл журналистің жазған мақаласының алғашқы жолдарынан-ақ байқалатын болады және халық арасында наразылықтан басқа ештеңе тудыра қоймайды. Оқығаны мол,  интеллектуалды дамыған маман терең, бейнелі түрде ойлау қабілетіне ие болады, лезде дәл шешім қабылдайтын деңгейге жетеді. Дағдарыстық жағдайларда, қоғам арасындағы экономикалық және саяси күштердің қақтығысы кезінде, халық журналистің дәл осы интеллектуалды қабілеттеріне ерекше үміт артады, себебі, оның пайымдаулары айрықша мәнге ие болып тұрады, туындаған мәселеге басқа қырынан қарауға мүмкіндік туғызады. Өзінің ақыл-парасатын дамыта отырып, журналист кәсіби тұрғыдан тез дамиды, көтеріледі. Халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, әріптестерінің арасында беделге ие болатыны да даусыз.

 Ана тілін жетік білу, сол тілде таза сөйлеу алу, жазу қабілеті де ешбір басқа қасиеттерден кем емес, тіпті алдыңғы орында десек те қате болмас. Жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар да бұны журналистік шеберліктің негізгі критерийлерінің тізіміне енгенін дәлелдеген еді. Шынында да, халықтың газет-журнал беттерінде пайда болатын мақалаларға немесе эфирге шыққан радио мен теледидар бағдарламаларына деген көзқарасы негізінен тілшінің сөйлеу мәдениетіне байланысты екені бәрімізге мәлім. Автордың тілі мен стилі, өз ойын жеткізе білу және басқаның позициясын ашу, оқиға туралы нақты және айқын айту, фактіні жеткізу, оны бағалау және түсіндіру – кәсіпқойлықтың маңызды құрамдас бөлігі. Журналист “сөзді” жетік білуі қажет. Әсіресе бүгінгі таңда біздің тілімізге шетелдік лексиканың ағымы енген кезде, ауызша сөйлеу мәдениетінде инвективті, жаргон сөздер көп қолданылған уақытта, лингвист мамандар сауатсыздыққа қарсы тұру құбылыстары туралы жиі айтатын заманда журналист маман ретінде тіл білуден сүрінбеуі қажет. Журналисті халық пен билік арасындағы елші ретінде танысақ, Баласағұнидің “Тіл-елшінің қылышы” деген сөзі еріксіз ойыңа келеді. Ал ол қылыш жүзінің өткірлігі тілдің тазалығынан, көркемдігі мен шешендігінен болмақ.

Харизма мен өзін ұстауы. Жақсы журналист әрқашан жеке дара тұлға. Танымы терең, стандартты емес, басқаларға қызықты, харизматикалық. “Харизма” сөзі  адамның халық назарын өзіне аударып, оның қызығушылығын ояту қабілетін білдіреді. Телеарналарда жұмыс істейтін және көрерменмен байланысқа түсетін мамандар үшін бұл міндетті шарт. Теледидар тәуелді ететін әсерге ие, оны көріп отырған жұрт көгілдір экранның бетіндегі тілшіге ақырындап сенім артып, оны ұнатқан сәттен өздеріне жақын тарта бастайды, тіпті бауыр да басып кетеді. Психологтардың пікірінше, журналистке деген халықтың сенімі журналистің жеке басымен, адамдық істерімен тікелей байланысты. Оның адами қасиеттері неғұрлым көп болса, соғұрлым журналист жетістікке көп жетеді. Мысалы, Бейсен Құранбек жеке даралық қасиеттері арқасында адамдардың сеніміне қол жеткізе алған журналистер қатарына толықтай жатады. Ол кісі қарапайым, халықтың тілін түсінетін жан еді. "Айтуға оңай", "Қарекет" бағдарламалары арқылы қаншама игі істерге жол ашты, қаншама тағдырға оң әсерін тигізді, жүздеген адамдардың жүректеріне әділдікке деген сенімді ұялатты. Сол себепті де халық алдында мәртебесі артты, елінің алдында абыройлы болды.

Журналистиканың салаларына маманданудағы кәсіби қасиеттері. Өкінішке орай, барлық кәсіби мамандықтар үшін қабілеттердің бірдей моделі жоқ, бола да алмайды. Мәселен, репортер үшін жеделділік, ұтқырлық, бейімделу, стресске төзімділік, реакция жылдамдығы, бірден екіншісіне тез ауысу мүмкіндігі, тапқырлық, сондай-ақ шыдамдылық пен нағыз батылдық сияқты қасиеттер ерекше мәнге ие болса, аналитик маманға өз саласындағы құзіреттілік, шындықты түсіну тереңдігі, жеке құбылыстарды басқалармен байланыстыра білу, олардың күрделілігі мен тұтастығын, объективтілігін бақылау, тәуелсіз пайымдау қабілеті, саяси мәдениет пен пікірталас мәдениеті, болжам жасай алу қасиеттері маңызды. Публицистті  жарқын тұлғасыз, аудиторияның назарын аудара, оны сендіре білу қасиетінсіз елестету мүмкін емес. Оған эрудиция, жоғарғы деңгейдегі әдеби қабілеттер, бейнелі метафоралық сөйлеу, даралық, стандартты емес ойлау тәрізді ерекшеліктер қажет. Телевизиялық ток-шоудың жүргізушісі, студияда қарым - қатынасты ұйымдастыратын модератор-жылдам реакцияға, тапқырлыққа, импровизацияға ие, келбетті адам. Ол өзінің өзіндік тұлғасын көрсете алуы, айқын даралығына ие болуы керек, студияға келген кез-келген адаммен тіл табысып, сөйлесіп кете алатын эмпатиялық сезімі дамыған, шынайы, сонымен қатар өзіне сенімді, сабырлы, әдепті тілші бола білуі шарт. Оның үстіне, шешендік өнері дамыған, жағымды дауыс тембрі, тікелей эфирде жұмыс істей білуі де маңызды рөл атқарады. Ал эмоционалдылық, әзіл-оспақты орынды қолдана білу, ирония, көрермендермен және бағдарламаға қатысушылармен «ойнай алу» журналистті маман ретінде экран алдындағы көрермендерге сүйкімді етеді, қалың топтың ішінен дараланып тұруына жол ашады.

Сөзімді қорытындылай келе, Н. Михайловский мына сөзін еске түсіргім келіп отыр: “Журналистика қоғаммен бірге өмір сүріп, қоғаммен бірге тыныстайды. Қоғам тірлігінің тамыры қиылса, журналистика да бітіп тынады.” Қоғамға тигізер пайдасы бар журналист қана журналист атына лайық бола алады. Журналисте "болуы керек" қабілеттер мен қасиеттерді шексіз тізіп айта беруге болады, бірақ шындық біреу — өзі мінсіз болмаса да, үздіксіз іздену мен даму барысында жүрген, қоғам мен халыққа тигізер пайдасы, тұлғалық даралығы бар журналист-жақсы маман, өз ісінің білікті шебері деуге лайық тұлға.