жеке
блог

Ж.Баласағұни пәслапасы. «Құтты білік» - құт қону концепті

Бақытты болғыңыз келсе маңдайдағы бес елі бағыңыз бен басқа қонған құт-берекеңізден арылмаңыз дер едім. Бірақ бұл, сірә, менің сөзім емес-ау. Дана халық дейтініміз бар, қазағым оны ежелден білген. Ал бұл туралы түркілік әлемде не айтылды, бар түріктің қастерлі дүниесі «Құтты білік» не дейді? Кеңінен тоқталып өтсек.

Әлем өркениетінің құрамдас бөлігі - түркі әлемінің рухани мұрасы, оның көпжылдық төл мәдениеті екені сөзсіз. Қазақ халқының әріден бастау алатын ұлттық тарихында өз орнын алатын Ж.Баласағұни бабамыздың пәлсапасы, өсиет-өнегелері өз құндылығымен ұрпақтан-ұрпаққа тәлімдік қуатымен жетеді. Құтты білімді құрметтей қабылдап, оның асылдарын ала білетін ұрпағымыз Баласағұнидің бар дүниесін қастерлей беруі ләзім.

Құт сөзі ертедегі Орхон жазба ескерткіштерінде кездеседі (“Тәңірі жарылқауымен құтты қаған болдым”, Күлтегін жазуы). Көне түркі заманында Құт сөзі төмендегідей мағыналарды білдірді: 1) жан, өмірлік қуат, рух; 2) бақыт, жақсылық; 3) сәттілік, табыс, сыбаға; 4) ұлылық, дәреже; 5) ақиқатқа жету, нұрлану, шынайы бақыт пен шаттыққа кенелу. Осыған сәйкес адам мен жан-жануарлардың, өсімдіктердің жаралу, өсіп-өну заңдары ұқсастық негізінде, екінші жағынан, күллі жаратылыс тылсым рухтарға тәуелді, тағдырдың бастауы оның көзге көрінбейтін жанында, ал оның иесі, тірі жандарға қуат беретін тәңірлер, құдайлар, күллі мақұлық Құтқа мұқтаж, ол Көк тәңірден келеді, әсіресе, ел билеушілер Құт қонған адамдар болуы тиіс деген түсінік орын алды. Өйткені ел билеушілер арқылы бұл қасиет басқа қарапайым пенделерге тарайды деген сенім болды. Тәңіршілдікте күнәһарлық туралы ұғым терең дамымағандығына қарамастан, ерте замандардың өзінде түркілерде құттылық пен құтсыздық ұғымы жеке адамның этикалық заңдарды қатаң ұстануымен байланыстырылды. Әйтсе де, көне түркі кезеңінде, сол сияқты кейінгі, исламнан тыс қалған шамандық түсініктегі Алтай мен Сібірдегі түркі тілдес халықтарда Құт туралы түсініктер тұрпайы, ескі натурализм деңгейінде, анимализм (жануарлық), табиғатқа табынушылықпен ұштасқан қалпында қалып қойғаны аңғарылады. Құт көбінесе адам мен жан-жануарлардың тууы, жыныстық өсіп-өнуі, табиғи күш-қуат, жігер, сол сияқты материалдық байлық-молшылық тұрғысынан қаралды. Құт туралы түсініктердің түп-төркіні бұлыңғыр ырымдардың жиынтығы болып қала берді; көп жағдайда мұнан тұрпайы ырымшылдық, дуа (магия), тіпті затқа табыну (фетишизм) тарап жатты. Көне түркілік діни-мифологиялық синкреттік дүниетаным аясында пайда болған Құт ұғымы кейін түркі даласында мұсылмандық сопылық ілімдердің ықпалымен дамып, руханилана түсті, табиғи-нәпсілік деңгеймен шектелмей, өркениеттік өлшемдерге көтерілді. Құттың түп-төркіні Алладан келетін киелі нұр; қуат көзі, күллі ізгілік, береке Алладан, ал оны тарататын пайғамбарлар мен әулиелер, тақуалар деген түсінік қалыптасты. Әулиелердің батасы, шын ықыласымен сыйлаған заттары арқылы (шапаны, асатаяғы, ыдысы, т.б.) адамдарға құт-береке дариды, ал ол рухани сабақтастық бойынша пайғамбардан халифаларға, халифалардан сопы-пірлерге көшіп, ұдайы жалғасып отырады деген сопылық дүниетаным етек алды. Сонымен қатар ислам дініндегі Құт, бақыт ұғымдары тек фәни тіршіліктегі бақ-дәулетті тілеумен емес, о дүниеде де мәңгілік бақытқа жетуді ойлау керек деп үйретті. Жүсіп Баласағұнның “Құдадғу Біліг” (“Құтты Білік”) поэмасы (11 ғ.) түркілік Құт ұғымының мұсылмандық-сопылық ілімдер әсерімен өзгеріске ұшырағанының дәлелі. Мұнда Құт иманмен, ақыл-іліммен тығыз байланыста қаралды. Құттың күшін табиғи өсіп-өну, көбею, баю үшін ғана пайдалану емес, оның үлкен бір бөлігін — нәпсілік сипаттан таза рухани қуатқа айналдыру мақсаты алға тартылды. Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымы мен әдет-ғұрпында Құтқа байланысты көне мифологиялық, тәңіршілдік және діни-сопылық ұғымдар біте-қайнасып, іштей астасып жатыр. Халықтық әдет-ғұрыптарда Құттың ықпалы мен көріністері сан қырлы сипатта көрініс тапқан. Мысалы, отбасының, мал-жанның өсіп-өнуі, абырой-беделдің жоғарылауы басқа қонған Құтпен байланыстырылды. Яғни, Құт “адамның басына қонатын Бақыт Құсы” деп саналды. Сонымен қатар ол тек атақты әулиелер, патшалар, т.б. ғана емес қарапайым адамдар арқылы да келетіндігі (“қойшының таяғымен, келіннің аяғымен”), не болмаса Қыдыр арқылы келу мүмкіндігі де теріске шығарылған жоқ (“Қыдырып Қыдыр-Ілияс осы елде жүр, Байларды қарастырып ескі құттан”). Әулеттің, шаңырақтың Құт-берекесін ұстап тұрған қарапайым адамдар (әйелдер, аналар), бүкіл халықтың, тайпаның, т.б. Құтына айналған тұлғалар болады деген сенім де бекіді. Құтты адамнан бата алу, отырған жеріне ырым етіп балаларын аунатып алу, сарқытын ішу, алақанына тәу ету, т.б. ырымдар қазақ халқына кең таралды. Бір кезде ата-бабаларға қонған Құт ұрпақтарына көшеді деген сенімнен аруақты сыйлау, ата-баба заңын, өсиетін қатаң ұстану, осыған орай тұқым тектілігіне мән беру туындады. Арғы бабалары арқылы шаңыраққа ұялаған Құт-берекенің арқасында кейінгі ұрпақ қиналмай бақытты, дәулетті өмір сүреді. Алайда түрлі астамшылықтар, қиянат жасау, нәпсіні тыймау, қанағат-ынсапты ұмыту, арамнан мал жинау, ұрлық ету, Құдайды, тәубені ұмыту, ғайбат сөйлеп, өсек-өтірік айту, елдің қасиетті адамдарын, ата-ананы қадірлемеу, әйелдердің ерін сыйламауы, еркектердің әйелді қорлауы, байлардың кедейлер мен жарлыларды, жетім-жесірлерді жәбірлеуі, т.б. мінез-құлық, іс-әрекеттер салдарынан бақ тайып, аруақ үркіп Құт басқа адамға, әулетке, елге ауып кетуі ықтимал деген түсінік орын алды. Дәстүрлі дүниетанымда Құттың кетуі тіл-көз тиюден, дуа-қарғыстан делінсе, ислам ойшылдары бұл құбылыстың себебін тереңнен іздеді: иманды, адал адамға қарғыс тимейді, оны Алланың өзі қорғайды деп түсіндірді. Құт ұғымына қарама-қарсы түсініктер апат, сор, жұт, аштық, жоқшылық, құлдық, қорлық, бейнет, т.б. індет-аурулардың көбеюі, мал басының кеміп, жердің құнарсыздануы (“Құсы ұшып көлінен, құты кетіп жерінен”, Шәңгерей), өзен-көлдердің сарқылуы қай нәрсенің де құлдырауын, кері кетуін білдірді. Қазақ халқының басынан бағы тайып, берекесі кеткен зар заманда, тіпті діннің өзі де құтсызданып, нәрсізденіп, нұры, рухы өшіп, яғни адамдарды, қоғамды өзгертетін күш-қуатынан, қасиетінен айрылғанын, сөйтіп сыртқы пішіні ғана қалып, сопылар, ғалымдар қауымы азғандығын халық ойшылдары ашып айтты (“Қайыр кетіп қазаннан, қуат кетіп азаннан”, Мұрат). 19 ғасырдың екінші жартысы мен 20 ғасырдың бас кезінде өмір сүрген қазақ ақын-жазушыларының шығармаларында “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” Құт заманды аңсау сарынымен қатар, тұтастай құт-сызданған қазақ қоғамы жан-жақты көрініс тапты. өне деп сипаттама берілген «құт» ұғымымыз ешқашан да ескірмек емес. Керісінше, көне замандағы адам өміріндегі сәттілік, бағы ашылу, ырысқа кеңелу, несібенің мол болуы, өмірдің берекелі болуы, нұрланып, шаттыққа шомылуы секілді түсініктер осы күнге дейін өз маңыздылығын жоғалтқан емес. Керісінше, адам өмірінің мәні болып отыр. Бұл жерде құт дүниетанымында экзистенциалдық бастау, мәнділік басым деуге болады. Мәселен, жас нәрестенің дүние есігін ашу, шілдехана, тұсаукесер, есім қою, қыз ұзату, үйлену тойы т.б сан түрлі салт-дәстүрлерімізді айтуға болады. Қазақ халқының үйлену дәстүрінде жас келін босағаға табалдырықты оң аяғымен аттау арқылы енеді. Табалдырық түсінігінің негізінде де құт дүниетанымы жатыр. Өйткені, табалдырық ақ босағаның табаны, тіреушісі, екі әлемнің шекарасы іспеттес. Табалдырық – ғарыштық түсінік. Ол әлемнің бірлігі философиясының кілті. Қазақ халқы үшін табалдырық – құттылықтың символы. Сол секілді «келіннің аяғынан» деген сөз бар. Келіннің аяғының құттылығы сол отбасыға  дүниеге нәресте, ұрпақ сыйлауында. Нәрестенің келуі – бұл құттың келуі. Бала көтермеген әйел мен үйленбеген еркек әлеуметтік тұрғыдан да құрметке лайықты емес деп танылған. Бас екеу болмай, мал екеу болмайды деген жақсы сөз содан қалуы мүмкін. Өйткені, құт-дамудың, көбеюдің, молшылықтың, өнімділіктің нышаны. Оны көбейтушісі бата-тілек деп білген қазақ халқы. Сондықтан да, ауыл ақсақалдары келінге «аяғын құтты болсын!», «Құтты қадам болсын!» -деген бата-тілек жолдайтын болған.

Өмірлік сәттілік, өмірдің берекелі болуы, бағы ашылу, бақ қону, ырыс-несібенің молаюы, дәулеттілікке кеңелу т.т. адам өміріне қатысты сұрақтар. Мәні терең осы кең түсініктерді бір өріске біріктірушісі  құт деп  тұжырымдауға боларлық. Ол жаратылыс пен  тіршіліктің реттілігі, жүйелігі. Жаратушы әлемді реттілікпен, есеп қисаппен, ең бастысы Жаратушы мен жаратылыстың, Аспан мен Жердің, жан мен тәннің диалектикалық емес, біртұтастылық гармониясымен жаратқан. Ал адамзаттың тіршіліктегі түпкі арманы, мүддесі мен мақсаты не? Ол бақытты болу, бақытты сезіну. Бақыт адам үшін жат дүние емес. Бақыт – адам тіршілігінің өрісі. Ал оның бастауы, субстанциясы – құт.

Құт – жан, өмірлік қуат, рух. Құт – Тәңірдің сыйы ретіндегі субстанция. Тәңірден адамзат баласына қандай сый берілуі мүмкін? Әрине, Тәңірден адамзат баласына ең басты сый бұл тіршілікке негіз бола алатын жан беріле алады. Осы жан арқылы адам Жаратушысымен бірлікте болады. Жанның мәңгілігі осында демекпіз. Мәселен, түркі қағандарының «Тәңірқұт», «Идіқұт» атақтарын айтуға болады. Біздің ойымызша  халқына ұлы жеңіс сыйлап, түркі елін мәңгілікке ел болуға бағыттаған қағанды құрметтеп, «Тәңірқұт», «Идіқұт» деп атап, оларға жоғары атақ берілген. Бұл  жерде  Тәңір иесіне тән ерекше қасиет – мәңгілікте өмір сүру. Ал «құт» Тәңірмен берілетін «жан» деген мағына білдіреді. Сонда, «Тәңірқұт» дегеніміз «мәңгі жан» деген мағынаға әкеледі. Ал, «иді»-қасиетті, құдіретті жан деген мағына саятын секілді.  

Жан тән үшін субстанция, бастама болса, тіршілік үшін басты субстанция құт секілді. Бұл жерде құт деп отырғанымыз жан да,  тіршілік деп отырғанымыз бақыт, несібе, ырыс, береке деп тануымыз дұрыс секілді. Құт дегеніміз не? Бұл жанның тілегі демекпіз. Жанның тілегі не десек? Ол тәнмен бір болу дер едік. Осы бірлікті біз тіршілік деп түсінеміз. Ал бақыт дегеніміз екі аяғымызбен қара жерде басып жүру деп  тіршілікті меңзер едік.

Адам үшін өмірдің бастамасы құтпен басталып, құтпен ұласқаны абзал дейміз. Осы «құт» ұғымымен қатар «құтсыздық» түсінігі бар. Ол өз алдына бір мәселе. Дегенмен де, құтсыздық деген не дегенге жауап берейік. Ол жан мен тәннің бірлігінің бұзылуы дер едік. Оны адамзат өлім деп таниды. Сондықтан да, жан тән үшін өмірлік қуат, рух,энергия десек, жан үшін тән болмыстық сипат демекпіз. Тәнсіз жанды елестету мүмкін емес. Бұл жерде басты мәселе, «құт» жан мен тәннің гармониясы ретінде түсініледі. Гармонияның бастауы Тәңір әке мен Ұмай ана, Аспан мен Жер деп жоғарыда айтқан болатынбыз. Осы екі қатынастың гармониясының бұзылмауы тіршіліктің ең басты күш-қуаты болып табылады. Ол жағдайда адам жаны жетіліп, үнемі рухани кемелділікке ұмтылуы тиіс. Адамның жаратылысына сай кемелденуі екі бағытта көрінеді. Әл-Фараби оның алғашқысын таным, екіншісін ізгілік пен қайырымдылық деп, кісілік кемелділікті жан жетілуі түрінде танытады: «...дене жан үшін  (өмір сүреді), ал жан мінсіз жетілгендік үшін, яғни қайырымдылық болып табылатын бақыт үшін өмір сүреді, демек, жан даналылық пен қайырымдылық үшін (өмір сүреді)» дегенді. 

 

"Құт" сөзі  жан деген мағынамен қатар, «рух», «өмірлік қуат» деген түсінікте де қолданылуы мүмкін.  Бұл орайда «рух» деген сөзді екі мағынада қабылдауға болады. Біріншіден, рух деп адамның дүниеден өткеннен кейінгі жанының рухқа (аруаққа) айналуы болса, екіншіден, рухты адамның ішкі дүниесіне ерік-жігер беретін энергиялық күш-қуат ретінде қабылдауымызға болады. Мәселен, "зәре-құты қашты" деген жанның қатты қорқуы, жанның тәнді тастап кету сәтімен ұштастыруға болатын болса, "құты тасыды" дегенді адамның энергетикалық күш-қуатының артуымен түсіндіруге болады. Құты тасыды, білімі арты, дәрежесі өсті, молшылыққа кеңелді деп қабылдауға да боларлық. «Құтты біліктегі» әділет, дәулет, ақыл, қанағат түсініктері субстанциялық мәндегі ұғымдар. Дастанның мазмұнын байыптылықпен қарап отырсақ, бір қарағанда, басты мәселе Күнтуды патша жөнінде болғанымен, негізгі тұлға Айтолды деп ұйғарамыз. Өйткені, ол құт-дәулет. Жүсіп Айтолдының табиғатын Елік патша арқылы ашпақ. Елік патша  өзінің билігін осы Айтолды құт арқылы жүзеге асырып отырған тәрізді болып көрінеді. Ал Айтолды, ол уәзір қызметінде. Патшаға үнемі ақыл-кеңес беруші. Сол ақыл-кеңес арқылы патша өз бойында құттылықты кемелдендірумен болады. Бұл жерде құт идеясын жүйелі түрде ашу үшін Хас Хажыб диалог әдісін қолданған. Сол диалогтың негізінде әділет, дәулет, ақыл, қанағат арасында  тығыз қатынас орнайды.

Айтолды құт өз табиғатын: «Мен – дейді Айтолды, тұрақсызбын, үнемі өзгеріс үстіндемін. Адам талғамаймын. Мен соқырмын. Кіммен жұғыссам, соның артынан еріп жүре беремін» дей келе, Айдың табиғатымен үндестікте екенін аңғартады. Ай туғанда кіп-кішкентай болады, кейін толған Айдай толықсиды, арты жіңішкеленеді, соңында жоғалады. Енді Айтолдының өзін сөйлетейік:

Толған айым бара жатыр кетіліп,                                                                                               

Сара құлқым қара болды, сетіліп.

Қарсы алушы ем туатығын күнімді;

Батты күнім, түнек түннен түңілдім.

Қандай жақсы дәулет айнып кетпесе

Жүрсе бірге,әсте сыртқа теппесе.

Қандай жақсы бектік-билік өрлесе

Ажал тұтпай,кісі мәңгі өлмесе.

Қандай әсем, жігіттік шақ-аңғырт шақ

Қарттық келмей, иілмеген албырт шақ!

Бұдан түсінетініміз, Ай адам өмірінің айнасы іспеттес. Ай табиғаты арқылы адам өмірін, тіршілігін суреттеп тұрғандай. Адам да, Ай секілді бірнеше фазаларды бастан кешіреді. Нәресте, балалық шақ, жігіттік шақ, ел ағасы, әрі қарай қарттыққа жолығады. Қарттықты қазақ бір аяғы көрде деп сипаттайды. М.Қашқаридің «Жасалар қыстың қамы құтты жазды, ойласаң шіркін ғұмыр тіпті аз да» деген асыл сөзі бар. Талдап көрелік.  Құтты жаз – бұл адамның жастық шағы, жігіттіктің кезеңі. Жастық шақ – бұл энергиялық күш–қуаттың кернеуінің кернеген кезеңі. Ол адамға бірақ рет беріледі. Ал қыс болса, адамның қартайған шағы. Осының ар жағында ғұмыр қысқалығы айтылады. Адам ғұмыры – осы өмір мен өлім арасын шарлау. Жай шарлау емес, құтты іздеумен кезу деп түсінер едік. Осы жерде Ғұмар Қарашты сөйлетсек:

«...Біз адамзат жынысы

Дүниеге келіппіз.

Жиһан деген қонысқа

Келіп жетіп еніппіз.

Келуіміз не үшін?

Кетуіміз не үшін?

Мұнда не сыр, не мақсұт?

Білдік десек біліппіз» - дейді.

Ғұмырдың мақсаты Ғұмарды ойландырған сұрақ. Барлық адамзатты толғандырған сұрақ.  Басты сұрақ адам өмірі құтты болса деген тілек. Сонда, адам дүние есігін ашады да, жабады демекпіз. Бұл үздіксіз процесс. Бірақ адамзат тіршілігі үзілмейді.Тоқтамайды. Одан біздің алатын сабағымыз Ай процесі, оның құбылмалдылығы біздерге өмірдің құт екендігін түсіндіріп отырғандай. Яғни, Ай тіршілікті тежеуші фактор ретінде қызмет етеді.

Дастандағы диалогты байқасақ, Айтолды өлер шағында Күнтуды Елікке өзінің ізін басып келе жатқан ұлы бар екендігін айтады. Оның есімі – ақыл. Және туысы-қанағат. Ақылдың да Елік сарайында қызметі жоғары. Өйткені, ол ақыл, біледі, Айдың қайта туатынын, қайта өз орнына оралатынын. «Тумақ бар жерде, өлмек бар». Өзге бір адам баласы дүниеден озады, оның орнына өзгесі келеді. Бұл қайталана беретін процесс. Алайда адам өз өміріне қанағаттықпен қарау керек екендігін Одғұрмыш айтады. Өлімге өкінішпен қарауға болмайды екенін ескертеді. Адамзат тіршілік мөлшеріне қанағатшылық таныттуы тиіс. Себебі, өмір де, өлімде Алламен беріліп, алынады.

Сонын негізінде субстанция - акциденция арақатынасы анықталынады. Ғарифолла Есім «...Бұл ұғымдарды қарапайым мысалмен түсіндіріп кетейін, мына кісі дегенде, кісі–субстанция, ал кісінің түрі ақ па, әлде Африкадан келген қара кісі ме десек, осы ақ не қара деу–акциденцияға жатады» - дейді.

Сонда құт  бастапқыда Тәңірісі, кейін Алламен берілетін тіршіліктің бастауы болатын жан. Ол өмірлік қуат арқылы тәнді рухтандырады демекпіз. Сөйтіп, жан мен тән бірлігі негізінде адам орындалмақ.

Алла өмірді, тіршілікті көптүрлілікке толтыра отыра, барлығының бір болуы идеясына жетеледі. Өмір тіршілікте адам баласына бір–ақ рет беріледі. Осы өмірде адамзат бір болуы керек. Бөлінушілік пен жікшілік адамзатқа құт әкелмейді. Діннің де, мақсаты мен мәні осында.

Сонда, субстанция құт жанның тілегі болса, оның акциденциясына тәннің тілегі тіршілік, бақыт, бақ, береке, ырыс, несібе арқылы толығады. Адам баласының тілейтіні ұзақ өмір, мәнді өмір. Тіршілік бар жерде несібе де, ырыздық та, игілік те, бақыт пен берекеде болады деп сенім білдірді. Ал, сөзімді адамды бақытқа жетелейтін алдымен, осы құт екенімен тәмамдағым келеді.

 

Мырас Маржан

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс магистранты

Ғылыми жетекші: Жанатаев Д.Ж. ф.ғ.к., доцент

Жұлдызды блогтар