"Ыбырайдың-Ислам әліппесі"

"Ыбырайдың-Ислам әліппесі"
жеке
блог

"Ыбырайдың- Ислам әліппесі"
Бір Аллаға сиынып
Кел балалар оқылық...
Бұл өлең жолдарын білмейтіндер жоқтың қасы.Атамыз Ыбырай Алтынсариннің бұл өлеңін жаттамаған бала бар ма екен?Шынында да білімге,оқуға шақырудың бастауы,ән ұраны іспетті.
Қазақтың алғашқы ұстазы Ыбырай Алтынсарин жайлы білгеніміз аз.Білгенім тоғыз,білмегенім тоқсан тоғыз деген теңеу Ыбырай атамыздың өмірімен өнегесіне,атқарған ұлы істерімен байланыс табатын секілді.Қараңғы қазақтың май шамы немесе білім жолының бастауы десекте артық айтқанымыз емес.Мейлі ұстаздық жолы болсын,немесе дін жолы болсын.
Осы орайда Ыбырай атамыздың өз қолымен жазған хаттарын ұсынғым келеді.Н.И.Ильминскийге жазған бір хатында Ы.Алтынсарин: «Күлсеңіз, күле беріңіз, мен кейбір оқытудан бос уақыттарда оларға ресми түрде молда болып та қоямын, сөйтіп, оларға дін тарихынан білгенімді айтып, оған басқа да пайдалы және түсінікті әңгімелерді де қосып айтамын», - деп келтіреді.
Орыс мұғалімінің қазақ балаларына інжіл мен оның парыздарын уағыздағанын естіп, оған өзінің қарсы екенін білдіріп, ренішін осылай хатпен жазып жеткізген.Біздің бір байқайтынымыз Ыбырайдың дін жөнінен хабары болғандығын,мұсылман оқушылар үшін уайымдайтын-ұлтшылдығын,саясаттанда хабары бар екендігі көрінеді.
Ұлтқа,дінге бұлай қамқорлық көрсету аздық ететінін білді.Және сол оқылықтың орынын толтыру үшін «Мұсылманшылдықтың тұтқасы» («Шариятул-ислам») атты оқулық жазып, 1883 жылы Қазан қаласында бастырған.
Шынында бұл кітап тарихынан көшпелі болған,амалсыздан отырықшылыққа көше бастаған халыққа Ислам таңсық болды ма?
Әлде рухани шөлдеген елге қуаныш болды ма?деген сұрақ ойға келеді.
Бірінші сұраққа жауап берер болсақ Ислам діні ата бабаларымызға сонау 7 ғасырдан бастап келгені тарих беттерінде алтын әріппен жазылған.Алайда Көк Тәңірі Шаманизм секілді ескі наным сенімді оңай ысырып тастай алмады.Бұл себептерден бөлек халықтардың көшпенділік,жаугершілік өз ықпалын тигізді.Қазақ жеріне Ислам дінінен бұрын Буддизм,Христиан дінінің (нестериандық)бағыттары келгені тарихи археологиялық ескерткіштерден белгілі.Миссионерлік бағыттың дұрыс атқарылмауы себебінен бұл діндердің сол кездегі қоғамға сіңбегені,бүгінгі таңдағы Ислам дінінің кең таралуына себеп болуы мүмкін.Ыбырай Алтынсариннің өмір сүрген жылдары дінді толық қабылдаған қоғам болмады.Сауатсыздық,отарлаушылық саясаты болсын елді тұсаулап қойғаны мәлім.
"Шарият-Ул-Ислам" еңбегі өз заманындағы дінді түсіндіруші теңдесіз кітап.Бес парызды түгендеп,қазаққа қажеттісін шегелеп көрсеткен десек артық емес.Ондағы тақырыптарда сол орта үшін түсінікті етіп жазылған.Кітап парыз,сүннет,намаз,зекет,хаж (қажылық) сынды тақырыпты көтерді.Құлшылықтағы дұғалардың қазақша мағынасында келтірген.Қазіргі таңдағы біздің сөздерімізден ерекшеліктер байқауға болады.Мысалы Ұжмақ(жұмақ),Тамұқ(тозақ) асхаб(сахаба),Фақыр(пақыр), Жамиғ(имам)т.б терминдерді байқаймыз.Және иман турысында былай дейді-«Ей, дін-қарындастарымыз, бізге ең әуелі керегірек іс – сол, әуелі білмек керек немен мұсылман болатынымызды. Мумин мұсылманның мұсылман аталуы құр мұсылман киімін киіп, мұсылман арасында жүргеннен емес. Әуелі иманды болып, ол иман деген не екеніне түсініп, түсінген соң сол иман ішіндегі сөздерді шексіз шын көңілмен дұрыс деп білген кісіні мұсылман деп атайды. Соның үшін Құдай тағаланың пенделеріне парыз еткен парыздарының ең әуелі иман болса керек. Иманнан соң дін ғылымы дүр», - деп жазады.
Имамдарды сынға алған өлеңдерін айтпай кетуіміз қателік болар.Аңқау елге арамза молда сөзін алғаш жазғанда Ыбырай атамыз болар ау.
Бір байқағанымыз тек білім жолында емес,дін жолында да дара жолын қалыптастырған екен.Исламның әліппесі ретінде көруімізге толық негіз бола алады.Және сол атқа лайықты.Қай ғасырда өмір сүрсеңде,қандай қоғам,қандай саясат болсын елге,жерге қызмет етудің дәлелі Ыбырай Алтынсарин.

Алаштың ардақтысы жатқан жеріңіз жайлы болсын!Ұрпаққа қалдырған еңбектеріңіз жадымыздан өшпек емес..!

 

 

Мәліков Наурызбай Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті www.kaznu.kz дінтану мамандығының студенті.

Жетекші-филология ғылымдарының кандидаты,дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Қаңтарбаева Ж.У