«Мен саған есірткі жайлы айтып беремін»

«Мен саған есірткі жайлы айтып беремін»
жеке
блог

«Мен саған есірткі жайлы айтып беремін»

         Есірткі дегеніміз-сезгіштікті жоятын химиялық зат. Есірткі адамзат өміріне өте зиян, әрі қауіпті. Ол адамның есін алып, құмарлық желігіне ұшыратады, есірткісіз өмір сүре алмайтын бейшара халге жетелейді. Оны бір қолданғаннан кейін оған тәуелділік пайда болады.Біреулер есірткіні әлбетте қызығушылықтан немесе жаңа әсер алу үшін қолданады. Ал кейбіреулер есірткінің көмегімен басын түскен қиындықтардан, қобалжудан, күнделікті өмір қиыншылықтарынан арылуға тырысады. Бірақ есірткіні қабылдай отырып, ешбірі де көтерген жүгінің ауырлығын немесе қайғысының жеңілдігін сезіне алмайды. Есірткінің зиянынан қазіргі таңда көптеген жастарымыз осындай ессіздікке ұрынып қалуда. «Бірінші байлық-денсаулық» деген халқымыздың дана сөзін әрбір жасөспірім құлағына сіңіріп өскені абзал. Қазіргі уақытта нашақорлықтың жасөспірімдер арасында кеңінен таралуы алаңдаушылық тудырып отыр. Нашақорлық-бұл есірткі заттарына еріксіз тартып тұратын, ағза қызметін қайтымсыз бұзуларға алып келумен сипатталатын ауру. Есірткі санаға, миға әсер ететін заттар болып табылады. Жалпы есірткі адам психикасын, санасын, миын улайтын және әлемді қабылдауын, тәртібін өзгертетін зиянды зат. Ал оның соңы кісі өліміне алып келуі әбден мүмкін. Өзіміз жаңалықтардан есірткіні артық мөлшерде қолданғаннан өмірден өткен немесе есірткі пайдаланып, ес-түсінен айрылып, өз іс-әрекетіне есеп бере алмай, өзгенің өміріне балта шапқан, өз-өзіне қол жұмсаған жан түршігерлік жағдайларды да есітіп жүрміз. Осындай сұмдық жағдайлардың алдын алу үшін, әрбір адам өз денсаулығын сақтап, өзінің де, өзгенің де өмірін бағалай білу керек. Жастар есірткіні қызығушылықпен «бір рет қана көрейін»  деген оймен татып көруге талпынады. Әлбетте бірінші қолданып көргенде ләззат алып, өзін жеңіл сезінер, ал одан кейін есірткіні іздеп тұратын тәуелділік пайда болады, осылай қызығушылықтан басталып, өз өмірін қалай құрдымға тастап жібергенін байқамай қалады. Соңында нашақорға айналады. Есірткіні пайдаланатын жастардың саналарының төмен, олар үшін өз денсаулықтарының еш маңызы жоқ екенін түсінуге болады. Бұл орайда ата-ананың рөлі маңызды. Балаларының тәрбиесіне немқұрайлы қарамай, араласатын ортасынан хабардар болып, баласының мінез-құлқында қандай да бір өзгеріс байқаса, балаларын сөзге тартып, ішкі жан дүниесін түсінуге тырысып, балаларына сырлас дос бола білсе, ол бала ең тәрбиелі, саналы азамат болып, өмірден өз орнын таба алары сөсіз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген мақалда үлкен бір мән-мағына жатыр. Есірткінің әсерінен ата-ана мен бала арасында да түсініспеушіліктер пайда болады. Есірткі қолданған адам ата-анасының тілін алмай, қарсы келіп, тіпті мінез-құлқында өзгеріс пайда болады. Есірткі қолданған есірткіге тәуелді болып қана қоймай, өз ағзасын улайды, достарынан, өз отбасынан, жақындарынан алшақтайды. Жалғыз қалғанын да байқамай, өзінің жабық әлемінде өмір сүреді. Есірткіге тәуелді болған адам табылмаған жағдайда ұрлыққа дейін барады, өзіне тиесілі заттарын сатады, кейін өз үйінен ұрлап сатады, одан әрі өзгенің мүлкіне қол сұғып, соңында кәсіби ұрыға айналады, нашақор, ұры деген атқа ие болады.

         Әр адамның мәнді, сәнді өмір сүруі өз қолында. Сондықтан да жастық шақтан өз өмірінің тамырына балта шаппау керек. Өз өміріне қауіпті есірткі сияқты зиянды заттарға әуес болмау керек. Еліміздің жарқын болашағы жастардың, яғни біздің қолымызда екенін ұмытпайық. Мен өзім жасөспіріммін, жасым он төртте. Мен үшін өзімнің, жақындарымның, достарымның өмірі өте маңызды. Мен олардың дендері сау және бақытты өмір сүргенін қалаймын. Мен есірткісіз өмірді қолдаймын. Менің жақындарым, айналамдағы құрбы-құрдастарыма денсаулықтың қаншалықты маңызды екенін әрдайым насихаттап жүремін, олардың бойында есірткіге тәуелділік пайда болады деп ешқашан ойлаған емеспін және ойлағым да келмейді. Себебі мен салауатты өмір салтын ұстанамын. Есірткі-құрдымға апарар жол екенін естен шығармайық!

 

Амантайқызы Гүлім

Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы

Н. Ергешбаев атындағы №172 орта мектептің 8 «Ә» сынып оқушысы

                                                                          #УПНДПКЗО