"Мен саған есірткі жайлы айтып беремін"

"Мен саған есірткі жайлы айтып беремін"
жеке
блог

                           «Мен саған есірткі жайлы айтып беремін»

Есірткі - адам үшін ең қауіпті зат. Әр адамның болашағы мен өмірі өз қолында. Өмір – ағып жатқан бұлақ секілді. Біз бәріміз сол бұлақты екі алақанымызда сақтап жүруіміз керек. Егер жаман жолға түссек өміріміздің маңызын қолымыздан жіберіп алуымыз мүмкін. Қазіргі кезде жастар өздерін көрсеткісі келіп көп жағдайда дұрыс емес жолды таңдайды. Бұл - жастардың бойында тәрбие  негізі болмағанының белгісі. Бұл тәрбие негізі әр адамның  отбасынан басталады. Отбасы - бұл тәрбиенің отаны. Есірткіге еліктеп, өз болашағына балта шабу біздің «адам» деген атымызға мүлде жат қылық. Осы орайда данышпан, кемеңгер, ұлы Абай атамыздың «Атаның баласы болма адамның баласы бол»,- деген асыл сөзі еріксіз ойымызға түседі. «Адам деген - ардақты ат»,- деп бекер айтылмаған. Қаншама адамның түбіне жетіп, бақытты өмірлерін баянсыз еткен бұл қасірет әлі де тиылар емес. Қазіргі таңда есірткінің зиянын біле тұра оған қарсы шығуға дәрмені жетпейтін жастар көбейіп барады.
          Күннің шуағынан, сәулесінен нәр алып, тамырын топыраққа кең жайған  раушан гүлі қандай көрікті, ал  қурап, суалған гүлдің келбеті қандай? Кейбір денеге енген дертті дәрігерлер көмегімен сыртқа шығаруға болады. Есірткіге еліктеу асқынып кетсе оны ешбір дәрігер де, емшілер де емдей алмайды. Ендеше ол дегеніміз - адамның өз өмірімен қоштасуы.
          Ақыл мен денсаулық егіз, екеуі бірігіп адамды бақытқа кенелтеді. Наша, есірткі, темекі, ішімдік ақыл мен денсаулықты түпсіз, қараңғы құзға құлатады. Бұл жолға түскенде адам тек өзін бақытсыз етпейді, аяулы ата-анасын, туған-туысқандарын, достарын жерге қаратады. Бір ойшыл дана «Денсаулықты сақтай білу де өнер»,- деген екен. Менің ойымша бұл өнерді ғасырлар тоғысында өмір сүріп отырған әрбір жас азамат игеруі міндетті.
          Өмірді мәнді, бақытты ету үшін ең алдымен адамға мықты денсаулық қажет. Денсаулық адамда салауатты өмір салтын сақтаған жағдайда ғана болатынын есте сақтайық. Есірткі ешқандай жақсылық әкелмейтінін ұмытпа. Сол себептен мен есірткісіз өмірді насихаттаймын!

І#УПНДПКЗО

Байқоңыр қаласы

№275 орта мектеп

 Достанқызы Камшат

 7 «Ә» сыныбы