С. Сейфуллин. Домбыра

С. Сейфуллин. Домбыра
жеке
блог

Домбыра музыкасының мәні мен мазмұнын Сәкен Сейфуллин "Домбыра" өлеңінде өте әдемі, шебер суреттеген. 

ДОМБЫРА

Алқа-қотан әлеумет
Отырды кең ордада.
Өткен-кеткен әңгіме
Сөйленіп өтті ортада.

Домбырамды қолға алып,
Шертіп, толғап күйлеттім.
Түрлі сарын, түрлі күй
Пернелерін сөйлеттім.

Біресе сөйлеп рухтанып,
Домбырам менің зарлады.
Біресе жылап күңіреніп,
Біресе тағы аңырады.

Біресе шалқып шаттанды,
Сөйледі, күлді сыңқылдап.
Біресе қызып күйінді,
Күрсініп, уһлеп, ыңқылдап.

Құмарланып біресе,
Елжіреп мас боп былқылдап,
Жалындай жанып, созылып,
Үзіліп, толғап қыңқылдап.

Домбыраға қосылып
Көкірегім де сарнады.
Кернеді, толды, тасыды,
Көзімнен жас парлады.

Біресе толып күш келіп,
Құлаштап бипыл шалқыды.
Біресе еріп балдай боп,
Үлбіреп және балқыды.

Тыңдаушы үйде әлеумет
Көңілденді, ойнады.
Тұнжырасып біресе
Тереңге сүңгіп ойлады.

Домбыраның күйлері:
Жас жүректің сыры еді,
Көңілдің зары, мұңы еді,
Көкірек сарын-үн еді.

Кеулеген рухтың иманы,
Шалқыған екпін күші еді.
Үлбірек, нәзік әм сезгіш,
Қайнаған жанның ісі еді.

1922 жыл, Ташкент, Дүрмен.