Әл-Фараби және «Қайырымды қала тұрғындары»
жеке
блог

Әл-Фараби және «Қайырымды қала тұрғындары»

Қасиетті қазақ даласы талай ұлы ғұламаларды дүниеге алып келді. Қазақ топырағының көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтары бүкіл шығыс араб-парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жазып, кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдыра білді. Олардың ішінде аты әлемге жайылғандары да аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі – күллі әлемге танымал ұлы жерлесіміз — Әбу Насыр әл-Фараби.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылы аталып өтетін маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға, соның ішінде әл-Фарабидың 1150 жылдық мерейтойының аталып өтетініне тоқталды. Осы ғұлама тұлғамыздың еңбектерін халық арасында дәріптеу мәселесін көтерді. Ел өміріндегі осындай елеулі оқиғаның жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашатынына сенім білдірді.

Бүгінде Ұлы Даланың Ұлы тұлғасы, ұлтымыздың мақтанышы Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың 1150 жыл мерейтойын ЮНЕСКО, ИСЕСКО, ТҮРКСОЙ, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы сынды халықаралық ұйымдар әлемдік деңгейде атап өтіп жатыр. Осыған орай, Ұлы Ғұламаның ең танымал «Қайырымды қала тұрғындары» атты еңбегіне тоқталып, қазіргі уақытта қайырымды қала тұрғындары атану үшін не істеп, нені меңгеруіміз керек деген сұрақтарға жауапты еңбектен іздеп, өзіміздің ойымызбен бөліскенді жөн көріп отырмыз.

Данышпан бабамыздың ең әйгілі еңбегі – «Қайырымды қала тұрғындары» атты трактаты. Ол ғалымның шоқтығы биік шығармаларының қатарына жатады. «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» – 948 жылы Мысырда жазылды. 942 жылғы мәтіннің бірінші үлгісі «Китаб ас-сийаса ал-маданиййа» жеке шығарма ретінде танымал болды.
Әл-Фараби бұл кітабында бірқатар қоғамдық-әлеуметтік, этикалық мәселелерді сөз етеді. Мұндағы қала деп отырғаны — мемлекет. Ғалым бұл шығармасында мемлекеттің пайда болуы, ондағы теңсіздіктің өмірге келуі, идеал қала халқының моральдық бейнесі, мұндай қала әкімдеріне қажетті адамгершілік қасиеттер, әрбір адамның бақытқа жетуі үшін бүкіл қоғам болып, бірігіп тіршілік етуі керектігі, т. б. мәселелер жайындағы өз пікірін ортаға салады. Ол халық бақытты өмір сүру үшін елді жақсы әкім басқаруы керек деп түсінді. Ал, жақсы әкім — әділ, инабатты, мейірімді, жан-жақты білімді, жақсылыққа жаны құмар, жамандықтан жиіркенетін, батыл, жомарт, өнер мен әдебиетті сүйетін адам болуы тиіс. Яғни, ол мемлекет басқаратын адамға осындай биік талаптар қойған. 

Әл-Фараби трактатында былай деді: Адам толығымен жетілуі үшін ол көптеген мәселелерге тәуелді болады. Себебі, ол барлық қажетті нәрселерді жалғыз өзі жасай алмайды әрі қол жеткізе алмайды. Сондықтан адам өзінен басқа да адамдардың қоғамдастығында өмір сүруі керек және сонда ғана ол толық жетіліп, бақытқа қол жеткізе алады. Бірақ, ол басқа адамдарға қатысты да қоғамдастықтың құраушысы болып табылады. Осылайша, қоғамдастықтың әрбір мүшесінің іс-әрекеті оның әрбір мүшесіне қажетті нәрселердің барлығын тауып береді дейді. Қауым адамдары бір-біріне көмек көрсетулері арқылы ғана кемелділікке жетіп, тыныштығын сақтайды және үйлесімді өмір сүреді. Бірақ олардың барлығы толық мәнге ие бола алмайды және қоғамның да түрлері көп.  Осылайша, Ұлы Ғұлама толық мәнді қоғамды үшке бөледі: ұлы, орташа, шағын және оларды барша адамзат баласы қоғамдарының тұтас жиынтығы дейді. Игілік пен кемелділік дәрежесіне ең бірінші қала жетпек. 

Әл-Фараби қайырымды қала деген сау әрі ешбір мінсіз адам мінезіне ұқсатады. Себебі, оның әрбір мүшесі денсаулықты сақтау үшін бір-біріне көмектесіп өмір сүреді. Бірақ адам денесіндегі мүшелер бір-біріне табиғаты, атқаратын қызметіне байланысты айырмашылық жасайтындығы сияқты, қала тұрғындары да өздерінің қызметі мен қоғамдағы орны бойынша айырмашылық жасайды. Қалада бір басшысы болады, ол өзіне бір саты төмендегілерден белгілі бір істің атқарылуын талап етеді, ал талап етілгендер өз кезегінде өздерінен кейін тұрғандардан талап етеді, осылайша ең төменгі талап ете алмайтын сатылардағыларға да жететінін көруімізге болады.

Қорытындылай келе, біз осы еңбектен Әл-Фарабидің идеалды қоғам жасауға ұсынысын көре аламыз. Менің ойымша, оның бұл еңбекті жазудағы басты мақсаты адамдарды идеалды қоғамға, яғни  бақытқа қалай жетуге болатынын және ең бастысы сол жолда барлық адам жеткен ғылымдардың, оның өнерлері мен мүмкіндіктерінің қаншалықты маңызды екенін көрсету деп білемін. Сондықтан, ол трактатты материя мен формадан бастап, барлық бағытта мәлімет бере отырып бақыт пен өнер категорияларынан аяқтаған. Себебі, ол осының барлығын бір жүйеге, бір ұғымға біріктіруге тырысқан секілді деп ойлаймыз. Сөйтіп, ол барлық нәрсенің бір-бірімен тығыз байланыста екенін көрсеткен. Сөз соңында, Әл-Фараби осы трактатында қазір өзіміз сонша керек қылып жүрген өмір философиясын жасауға, нағыз қайырымды қала тұрғынының бейнесін нақты көрсетуге, қазіргі біз өмір сүріп жатқан қоғамға қажетті құндылықтарды бізге жеткізуге тырысқан дегіміз келеді.

Жалпы, биыл әл-Фараби жылы Қазақ ұлттық университетінен бастау алды. Еліміздің алдыңғы қатарлы осы университеті, іргелі білім мен ғылым ордасы әл-Фараби есімімен  аталады. Ұлы философ әрі энциклопедист ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидың туғанына 1150 жыл толу мерейтойының әлемде оның есімімен аталатын бірден-бір университеттен басталатындығы біздер үшін зор қуаныш, үлкен мәртебе. Университет өз қызметінде танымдық мәселелерге назар аударып, адамның мүмкіндіктерін ашу мен қабілеттерін дамытуға ұмтылады.

 

Әлия Маратова,

Тарих, археология және этнология факультетінің 3-курс студенті

 

 Ғылыми жетекшісі - Сабырхан Смағұлов,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы